Жаңалықтар

Футбол клубы жеке инвесторға беріледі

Қоғамдық тыңдау

Кеше облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен коммуналдық мүлікті жекешелендіру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Жиында алдымен хабарлама жасаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстарының қарқынын арттыру керегін тапсырғанын, осы орайда облыс әкімдігі тиісті жұмыстар жүргізгенін жеткізді.

— Қазіргі уақытта «Ақтөбе» футбол клубы» акционерлік қоғамының мемлекеттік үлесінің жүз пайызы бағаланды. Тәуелсіз сарапшы жүргізген бағалау нәтижелері бойыншабаға 364 352 000 теңге мөлшерінде айқындалды. Футбол клубын жекешелендіруді іске асыру «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға және жекешелендіру объектілерін сату қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Футбол клубын жекешелендіру тендер әдісімен іске асырылады. Ең жоғары бағаны ұсынған қатысушы жеңімпаз болып танылады. Сауда-саттық «Е-қазына» электрондық мемлекеттік алаңында өткізіледі. Бұл алаңда процеске араласудың ешқандай қаупі жоқ, — деді ол.

Ал облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі 4 кәсіби футбол клубы жекеменшікке берілген. Олар — «Шахтер», «Жеңіс», «Қызылжар» және «Қайсар» футбол клубтары.

Футбол клубтарын жекешелендіру —халықаралық тәжірибе.Оның өзіндік артықшылықтары бар. Атап айтсақ, клубтардың мемлекеттік бюджетке тәуелділігі азаяды,

Жекеменшік инвесторлар демеушілік пен маркетингті дамытады,клубтарды тиімді басқару, табыс табуға ынталандыру, инфрақұрылыммен жастар академияларын дамыту,спортты заманауи бизнес үлгісімен жүргізу жұмыстары жүргізіледі.

— Инвесторға біз мынадай талап қоямыз: қызмет бейінін және қызметкерлердің кемінде үштен екісін сақтауы керек, басқару тиімділігін, қызмет бағытын өзгертпеуге тиіс,

«Ақтөбе» футбол клубының негізгі командасын, әйелдер командасын, футзал командасын, балалар академиясы жұмысын одан әрі дамытуы қажет. Бұл бағыттарға биыл бюджеттен 3 530,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Ал келер жылға бекітілген жоспар 1 987,4 миллион теңгені құрайды. Осылайша 2026 жылы биылмен салыстырғанда 1,5 миллиард теңге көлемінде қаражат үнемделеді, — деді басқарма басшысы.

Жиында облыстық мәслихат депутаттары басқарма басшыларына өз сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бірауыздан футбол клубын жеке инвесторға беру ұсынысын қолдады.

 Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button