Нарық және бәсекелестік

Брифинг
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің 2025 жылдың 11 айында атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы» тақырыбында брифинг өтті. Аталған департамент басшысы Салават Вахитов жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.
Департамент шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын субьектілердің құқығын қорғаумен қатар, нарықтағы адал бәсекелестікті дамытуға жағдай жасап, өңірдегі ірі компаниялардың, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың қызметтерін қолданыстағы заңнама аясында толық бақылап, нарықтағы бәсекелестікті дамыту мақсатында субьектілердің тауар нарықтарына кіру кедергілерін жояды.
— Жыл басынан департамент Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің әрекеттері (әрекетсіздігі) бар екені туралы үш хабарлама шығарды. Оның екеуі — мемлекеттік органдарға, біреуі ірі нарық субъектісіне қатысты.
Жүргізілген тергеп-тексеру қорытындылары бойынша бұзушылықтарды тоқтату туралы үш нұсқама берілді. Мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес тұлғалардың қызметіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын қызмет түрлерін құру, кеңейту және өзгерту кезінде монополияға қарсы органның келісімін алу тұрғысынан және монополияға қарсы органның келісімі алынған қызмет түрлерін ғана жүзеге асыру тұрғысынан мемлекеттік органдарға қатысты 4 нұсқама, 1 монополияға қарсы органның келісімі алынбаған қызмет түрлерін жүзеге асыруды тоқтату жөніндегі нұсқама шығарылды.
Сонымен қатар департамент биыл 3 тергеуді аяқтады, оның екеуі ірі нарық субъектілеріне, біреуі мемлекеттік органға қатысты. Барлық үш жағдайда да департамент бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнаманы бұзу фактілерін анықтады, — деді басқарма басшысы.
Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін бағалауға қатысты 14 талдау жүргізілген. Атап айтқанда, білім беру саласында, пошта қызметтері нарығында, әлеуметтік маңызы бар тауарлар, хром концентратын сату, жолаушылар вагондарын жөндеу және авиаотын нарығы бойынша талдаулар жүргізілген. Бұдан басқа кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттің қатысуымен мемлекеттік заңды тұлғалар мен заңды тұлғалар құруды шектеу арқылы мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын төмендету жөнінде шаралар қабылданған.
— Департамент жанында әкімшілік, экономикалық және өзге де кедергілерді анықтау, жою және өңірде бәсекелестік экономиканы қалыптастыру мақсатында жұмыс істейтін тауар нарықтарына қол жеткізу үшін кедергілерді анықтау және жою жөніндегі Кеңес жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Департамент Кеңестің 6 отырысын өткізіп, оның қорытындысы бойынша кедергілер анықталып, салалық министрліктерге қолданыстағы ережелер мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жолданды, — деді С.Вахитов.
М.ТАБЫН.



