«Жусаны мен жуасы бұрқыраған ауылым…»

Облысымыздың батыс беткейінде орналасқан шалғай ауылдардың бірі — Ойылдағы Сарыбие ауылы. Атырау облысының Қызылқоға ауданымен және Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Аққозы ауылымен аралас, қойы қоралас жатқан ауыл. Ауылдық округ әкімі Әсет Кереевтің айтуынша, округ құрамында Қаракөл және Сарыбие ауылдары бар. Орталығы — Сарыбие ауылы.
Жекенді өзенінің бойында орналасқан ауыл облыс орталығынан — 320 аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан. Қазір мұнда 1040 адам тұрады. Халқы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады.

Ауылдың сәні — тірлігі
— Сарыбие ауылы — өзіміз үшін ырыс-берекенің құт мекені, ынтымақтың отаны. Орталықтан шалғай, шағын болғанымен, тіршілік қыж-қыж қайнап жатқан қасиетті өңір. Қазақ ауылының сәні — таңертең балабақшаға, мектепке асығатын балалар, күнмен бірге оянатын шаруалар, күншуақта отыратын қариялар, аралас-құралас көршілер, өрісте жайылған мал, қаз-үйректің қаңқылы мен иттің үргені… Шүкір, әр ауылдың сәнін келтіретін мұндай көріністер біздің ауылға да тән.
Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі, кәсібі — төрт түлік мал өсіру. Округте 28 шаруа қожалығы мен 3 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі, бір жеке шаруашылық секторы (жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) жұмыс істейді.
Бүгінде ауылымыздағы мал саны 4167 ірі қара, 3723 жылқы, 15376 ұсақ жандыққа жетіп отыр. Өз төлдері есебінен мал басы жыл сайын өсіп, ауылдастарымыздың тұрмыс-тіршілігі одан әрі жақсарып келеді, — дейді Әсет Кереев.
Мал өсіруге қолайлы жағдай жасау мақсатында соңғы жылдары округте бірқатар жұмыс атқарылған: мал суару мәселесін шешу үшін 5 ұңғымалы құдық қазылып, пайдалануға беріліпті.
— Сонымен қатар ауыл тұрғындарының игілігіне мал тиеу және егу жұмыстарына арналған 2 раскол (мал ұстау құрылғысы) берілді. Оның біреуі — өткен жылғы қаржы есебінен, ал екіншісі биыл салынды. Ауыл тұрғындары үшін тиімді инфрақұрылымның дамуы мен мал шаруашылығына көрсетілетін қолдау болашақта ауыл экономикасының одан әрі нығаюына берік негіз болмақ, — дейді округ әкімі.
Әлеуметтік нысандар халық игілігіне қызмет етуде
Ауылдық округте әлеуметтік сала тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда барлық әлеуметтік нысан тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп отыр. Қаракөл елді мекенінде бір мектеп жұмыс істесе, округ орталығында 162 оқушы білім алатын бір мектеп, 4 топта 50 бала тәрбиеленіп жатқан «Әсем» бөбекжай-балабақшасы, ауылдық кітапхана, клуб, фельдшерлік-амбулаториялық пункт, әкімшілік ғимараты мен өрт сөндіру бекеті орналасқан.
— Аталған нысандардың барлығы уақтылы күрделі жөндеуден өткізіліп, материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Батыр боламын» қайырымдылық қоры жобасы аясында ауылда жаңа спорт кешені ашылды. Бұған қоса ауылда 2 шағын футбол алаңы бар. Биыл соның біріне 4,9 миллион теңгеге жөндеу жүргізілді, — дейді округ әкімі.

Инфрақұрылым да назардан тыс қалмаған. Округ тұрғындары электр жарығымен толықтай қамтамасыз етілген. Ауылдық округте барлығы 13 көше бар. Жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру жүйесіде жыл сайын жаңартылып келеді.
— Мәселен, биыл Астана көшесін жарықтандыру жұмысына 6,2 миллион теңге қаржы бөлінді.Елді мекендегі әлеуметтік нысандардың басым бөлігі электр қуатымен жылытылса, білім беру мекемесі дәстүрлі түрде көмірмен жылытылады.Ауыл тұрғындары толықтай таза ауызсу тұтынып отыр, — дейді ол.
Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Орталықтан шалғай жатқан ауылдар үшін қыс қамын жазда жасаудың да маңызды екені айқын. Әсет Кереев көктемгі және қысқы кезеңде ауыл ішіндегі жолдарды қардан тазарту және көше күтімін жақсарту мақсатында әкімшілік балансына арнайы техника алынғанын айтады. 2024 жылы көшені қардан тазарту үшін МТЗ-82.1 тракторы сатып алынса, биыл күл-қоқыс шығару үшін тіркеме (тележка) алынған, оған 3,4 млн теңге қаржы бөлініпті. Сонымен қатар қарлы боранда жолда қалған тұрғындарға көмек көрсету үшін ГАЗ-66 автокөлігі де бар екен. Сонымен бірге өрт сөндіру бекеті жаңа ЗИЛ-130 көлігімен қамтамасыз етілген.
— Ауылда интернет байланысыда жолға қойылды. Activ, Beeline секілді ұялы байланыс операторлары қызмет көрсетеді, байланыс сапасы тұрақты. Ауылды газдандыру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл топографиялық түсірілім жұмыстары аяқталды, келер жылы елді мекенге газ тарту жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.
Аудан орталығына апаратын жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Биыл жалпы алғанда 30 шақырым жол жөнделеді. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «ЗапКазПромСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр, — дейді Ә.Кереев.
Бағдарлама жемісі
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастап, ауыл экономикасын дамытуға нақты үлес қосып отыр.
— Аталған бағдарлама бойынша 2023 жылы округте 24 адам өтініш беріп, оның 18-інің жобасы мақұлданды. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 18 миллион 802 мың теңге көлемінде несие берілді. Жобалардың бағыттары әртүрлі: құс шаруашылығы— 8 жоба, өсімдік шаруашылығы— 6 жоба, сүтті ешкі өсіру— 1 жоба, ветеринарлық дәріхана ашу— 1 жоба, сүт өнімдерін өндіру бойынша — 2 жоба.
Мәселен, ауыл тұрғыны Ақниет Қарекенова сүт өңдеу бағыты бойынша кәсібін бастаған болатын. Бүгінде ол өз өнімдерін облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі жәрмеңкелерге шығарып, тұтынушылардың ризашылығына бөленіп отыр. Аталған кәсіпті одан әрі дамыту мақсатында ауыл шетінен 30 гектар жер бөлініп, үш жыл мерзімге уақытша пайдалануға берілді. Егер бұл бастама табысты жалғасын тапса, алдағы уақытта жерді пайдалану мерзімі ұзартылмақ, — дейді округ әкімі.
Сондай-ақ ауыл тұрғыны Руслан Бурин де аталған бағдарлама аясында 9 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алып, жылқы шаруашылығын қолға алған. Қазіргі таңда Руслан мал басын көбейтіп, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
— Биыл аталған жоба бойынша кәсіптерге 109 миллион 962 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.Ауылдағы айта кететін бір ерекше жоба — көлік жуу орнының ашылуы. Оны ашу үшін ауыл тұрғыны Гүлназ Сейілханова бағдарлама аясында 1 миллион 572 мың теңге көлемінде қаржы алды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда бүгінде жеңіл көліктерден бөлек, тракторлар мен «Газель» секілді ірі техникалар да жуылады. Гүлназдың кәсібі ауыл тұрғындары үшін өте қажет қызметті көрсетіп отыр. Ауылда 90-ға жуық жеңіл көлік, 37-ден астам ауылшаруашылық техникасы, оның ішінде тракторлар бар.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы шағын бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Мұндай нақты қолдау ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, елді мекендердің экономикалық дамуына жол ашатыны сөзсіз, — дейді Әсет Кереев.
Ауылда кәсібін жүргізіп отырғандардың бірі — жылқы шаруашылығымен айналысатын Серік Жалғас.
Кезінде жұмыс бабымен Атырау облысында тұрған ол туған жерге 2014 жылы көшіп келіп, жылқы шаруашылығын қолға алыпты.
— Негізгі бағытымыз — Мұғалжар және көшім жылқыларын өсіру. Бұл жылқылар ет және сүт бағытында жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда жылқы басын көбейтіп, асылтұқымды жылқы шаруашылығы мәртебесін алу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл ретте жылқыларымызды бағалау, сұрыптау процесінен өткізіп, толық құжаттандыру жұмыстарын қолға алдық. Сонымен бірге өнімдерімізді экспортқа шығаруды да жоспарлап отырмыз. Мал азығын да өзіміз дайындаймыз, — дейді Серік Жалғас.
Әсет Кереев округ әкімдігі тарапынан ауыл тұрғындарының жеке бастамаларын қолдау, кәсіптерін жүргізу үшін бағыт-бағдар беру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын айтады.
Айта кетейік, биыл «Ауыл фест» жобасы аясында ұйымдастырылған байқауда Сарыбие ауылдық округі ауданда үздік деп танылып, бас жүлде жеңіп алды. Бұл ауыл тұрғындарының бірлігі мен белсенділігінің, ұлттық дәстүрлерді дәріптеудегі ауызбіршілігін көрсетеді.
Қазыналы аймақ, киелі өңір Сарыбие ауылының тіршілігі — осындай. Бірлігі бекем, тірлігі түзу ауылдың болашағы үшін тұрғындары алаңдамайды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



