Басты жаңалықтарЖастар

Белсенді жастардың белесі

Марапат

Өткен жұма күні бір топ жасқа «Ақберен» жастар сыйлығы табысталды. Аталған марапат әр салада еңбек етіп жүрген жігіттер мен қыздарды қамтыды.

Жиында облыс әкімі Асхат Шахаров дарынды жастарды қолдау маңызды міндет екенін айтып, олардың аймақтың дамуына қосып жатқан үлесін жоғары бағалады.

Бүгін біз Ақтөбенің жарқын да жігерлі жас буынын бір арнаға тоғыстырған ерекше шарада бас қосып отырмыз. «Ақберен» жастар сыйлығы жыл бойы талмай еңбектеніп, білімде, өнерде, спортта, қоғамдық өмірде және волонтерлік қызметте озық шыққан жастарды құрметтеудің платформасына айналды.

Президентіміз «Жастар — елдің ең үлкен капиталы, ең қуатты күші» деп үнемі атап өтеді. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел болашағы — білімді, ұлтжанды, жауапты ұрпақтың қолында» деген сөзі — барлығымызға бағыт-бағдар. Осы тұжырымдар бізді жас буынды қолдау мен тәрбиелеу ісінде нақты қадамдар жасауға жетелейді.

Өңірімізде жастарды әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыс жүргізіліп келе жатыр. Еңбекке енді араласқан жас буынның негізгі әрі ең басты мәселесі тұрғын үй екені белгілі. Осы бағытта 2023 жылдан бері «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жүзеге асып, 109 жас баспаналы болды. Кәсіп бастаймын деген жастарға арнайы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты белгіленіп, 1,300000 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. Жасампаз, өнертапқыш жастар үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Жұмыспен қамту бағытында «Жасыл ел» жобасы да сәтті жүзеге асырылып, 3308 жас қамтылды.

Қоғамда, әсіресе өскелең ұрпақтың санасында «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» формуласы берік орнығып келеді. Осы мақсатта жастардың бойында тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби білік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты негізгі жалпыұлттық құндылықтар үйлесім табуы қажет. Өйткені жауапты, өз ісін сүйетін адам ғана шынайы табысқа қол жеткізе алады, — деген облыс әкімі он аталым бойынша суырылып алға шыққандарға диплом, мүсінше мен гүл шоғын тапсырды. Облыстық жастар ресурстық орталығының шешімімен үздік деп танылғандардың арасында жеке адамдар ғана емес, мемлекеттік мекеме мен ұйымдар бар. Айталық, Шалқар және Байғанин аудандарының жастар ресурстық орталығы «Үздік жастар ресурстық орталығы» атанса, «Qaharman» қоғамдық бірлестігі «Үздік қоғамдық ұйым» болды.

— Бүгін «Үздік жұмысшы» номинациясын иеленгеніме қуаныштымын. Шахтадағы еңбегім мен қоғамдық өмірдегі белсенділігім ескеріліп отыр деп есептеймін. Бір жағынан, бұл алдағы уақытта да ізденіп, жақсы жұмыс істеуіме жігер береді. Жұмысшы мамандықтары жылында елегеніне рақмет, — дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкері Марғұлан Үмбаев.

Облыс әкімі өз сөзінде ақтөбелік жастардың арасында биылдыққа жетістікке жеткендер аз емесін, мысал ретінде «Dara Bala» ақпараттық жүйесінің авторы Мақсат Бисенов, елімізде алғаш рет адам тектес робот құрастырған Ермек Серікбай, 30-дан астам мобильді қосымша әзірлеген Айболат Құлатай, грек-рим күресінен әлем және Азия чемпионаттарының екі дүркін жеңімпазы Жаңажол Қуанышбекті ерекше атап өтті.

Сіздер жаңа дәуірдің тың серпіні, еліміздің өсуі мен өркендеуінің шешуші күшісіздер. Алдағы уақытта да табандылықпен еңбектеніп, биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін, — деп лебізін білдірді Асхат Шахаров.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button