Жаңалықтар

Мерекедегі қауіпсіздік

Брифинг

Төтенше жағдайлар департаментінде прокуратура, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және басқа да құзырлы органдар өкілдерінің қатысуымен Жаңа жыл мерекесі кезінде қауіпсіздік шаралары туралы брифинг ұйымдастырылды. Жиында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен енгізіліп жатқан пилоттық жоба — «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» (ВСС) модулі жайында және «Біріккен өрт қауіпсіздігі күні» акциясы туралы мәселелер қаралды. 

Алдымен сөз алғанАуыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Әлібек Бақтияров ВСС модулі жайында ақпарат берді.

—  Президенттің тапсырмасымен ветеринариялық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында елімізде ветеринария саласы толық цифрландыру кезеңінен өтіп жатыр. Соның бірі — «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» пилоттық жобасы.  Бұл модуль — ет өнімдерінің фермадандастарқанға дейінгі қауіпсіздігін бақылауға, олардың шығу тегін қадағалауға және тұрғындарды аса қауіпті, жұқпалы аурулардан қорғауға бағытталған жоба.

ВСС модулінің мақсаты — ет және ет өнімдерінің ветеринариялық-санитарлық талаптарға сәйкестігін электронды форматта растау. ВСС модулінде мал иесі туралы мәлімет, малдың түрі, саны, сәйкестендіру нөмірі, сою орны, ветеринариялық тексеру және сараптама нәтижелері, өнім түрі ,  ВСС қорытындысының нөмірі мен күні секілді деректер міндетті түрде тіркеледі.Ет тұтыну  нысандары ілеспе ветеринариялық құжатпен келген ет өнімдерін міндетті түрде ВСС модулінен тексеруге тиіс.Құжатсыз немесе ВСС модулінде тіркелмеген өнімді қабылдауға болмайды, — деді ол.

Бұл жоба екі жыл бойы пилоттық түрде кейбір облыстарда, соның ішінде біздің облыста қолданылып келген.  Қоғамдық тамақтандыру нысандарында (кафе, мейрамхана, асхана) ет өнімдері міндетті түрде арнайы тіркелген орында сойылып, лабораториялық зерттеуден өткеннен кейін ғана қолдануға жіберілуге тиіс. Соған байланысты жиынға қатысқан мейрамхана, кафе, асхана иелеріне де қауіпсіз, таза ет өнімдерін пайдалану заңдылықтарын сақтау туралы мағлұмат берілді. Бұл әсіресе жаңажылдық мерекелік дастарқан мәзірін ұсынатын көпшілік тамақтану орындары үшін маңызды.

Ақтөбе облысы ТЖД бөлімінің бастығы Нұрхат Қалдыбаев жаңа жыл мерекесі кезіндегі өрт қауіпсіздігі туралы айтты.

— Корпоративтік кештердің алдында мерекелік іс-шараларда өрт қауіпсіздігін сақтау, эвакуациялық жолдарды бөгемеу және халыққа қауіп төндірмейтін жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, «Біріккен өрт қауіпсіздігі күні» акциясын ұйымдастырып жатырмыз.  Акция аясында балаларға арналған, басқа да қоғамдық іс-шаралар өтетін 43 нысан бақылауға алынды. Сол жерде алдын ала тексерулер жүргізіліп, қауіпсіздік бойынша ұсыныстар берілді, ал мереке кезінде төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері кезекшіліктерге шығатын болады.Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері мен басқа да ведомстволар бірлесіп бақылау жүргізеді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, — деді ол.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Аслан Мұхтардың айтуынша, жаңажылдық мерекелік іс-шаралар 343 мекемеде өтеді. Сол орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Түсіндірме жұмыстары барысында шыршаларды безендіру кезінде тоқ сымдарын дұрыс пайдалану, зақымдалған сымдарды қолданбау және пиротехникалық бұйымдарды бөлмелер ішінде қолдануға тыйым салынғаны ескертілді. Фейерверктер мен отшашулар тек ашық алаңдарда, балалар мен тұрғын үйлерден алшақ жерде қолданылуға тиіс.Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдарды сатып алғанда тек сертификатталған өнімдерді таңдау маңызды. Сертификаты жоқ өнімдерді қолданған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кәмелетке толмаған балаларға пиротехникалық бұйымдарды сату немесе қолдану тыйым салынған, ересектердің бақылауымен ғана қолдануға рұқсат етілген, —  дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button