Денсаулық

МӘМС: қаржыландыру жүйесі өзгереді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында бірыңғай медициналық көмек пакетін құруды тапсырды. Қазіргі таңда еліміз  кезең-кезеңімен сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшіп жатыр. Сақтандыру қорының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесінен 4 нозология динамикалық бақылауға жататын аурулар тізбесіне көшеді. Енді оларға медициналық қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі. Жалпы, динамикалық бақылауға жататын ауру түрлері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде қамтылады.  Мәселен, қант диабеті, ревматоидты артрит, жүрек аурулары, демікпе және өзгеде созылмалы аурулары бар науқастар бұған дейін кепілдендірілген медициналық көмектің аясында тегін ем алып келсе, енді осы санаттағы науқастар бұл көмекті медициналық сақтандыру арқылы алады.

Ең бастысы, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің азайтылуы медициналық қызметтер көлемінің қысқаруын білдірмейді. Яғни ешқандай ем-шара немесе қызмет түрі жойылмайды. Тек қаржыландыру көзі өзгереді. Барлық сақтандырылған азаматтар, соның ішінде қант диабеті, церебральды сал ауруы және өзге де созылмалы дерттері бар науқастар бұрынғыдай ем қабылдай алады. Олар тиісті медициналық көмекті, кеңесті және қажет дәрі-дәрмектерді сол қалпында ала береді.

Қазіргі таңда тұрғындар арасында түсініспеушілік болмас үшін емдеу мекемелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы мемлекет сақтандыратын жеңілдік санаттарына 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, көпбалалы аналар, қарт, мүгедек адамдар және студенттер жатады. Сондай-ақ жұмыссыз, аз қамтылған және тергеу изоляторындағы, жазасын өтеп жатқандар тегін көмек алады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button