Жаңа клиниканың жетістігі

Медицина
Ақтөбе қаласында «ERKEMED» көпсалалы медициналық клиникасы мен оңалту орталығы ашылды. Іс-шараны «Aktobe Med Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырды.
Клиниканың жалпы аумағы — 4 259 шаршы метр. Қазіргі уақытта медициналық орталықта 50 қызметкер жұмыс істейді, алдағы уақытта қызметкерлер санын 60 адамға дейін арттыру жоспарланған.
Іс-шараға қатысқан қонақтар мен қоғам өкілдері медициналық орталықтың жұмысымен танысты.
Клиника директоры Мұрат Рысқалиевтің айтуынша, «ERKEMED» — ересектер мен балаларға арналған заманауи медициналық мекеме.
— Біздің мақсатымыз — қала мен облыс тұрғындарына сапалы диагностика, емдеу және оңалту қызметтерін көрсету. Қазіргі таңда клиникаға қала тұрғындарымен қатар,еліміздің басқа да өңірінен науқастар келіп ем алады, — деді ол.
Директордың айтуынша, клиникада әлеуметтік маңызы бар және күрделі ауруларды емдеуге ерекше көңіл бөлінеді.
—Бүгінде инсульт, инфаркт жағдайларының көбеюі, психо-сөйлеу және сөйлеу дамуының кешеуілдеуі, аутистік спектр бұзылыстары, балалардың церебралды сал ауруы, сондай-ақ генетикалық аурулар өзекті мәселе болып отыр. Осы бағытта біз шетелдік мамандармен бірлесіп әзірленген кешенді емдеу әдістерін қолданамыз, — деді М.Рысқалиев.
Медициналық орталық Түркияның Ыстанбұл қаласындағы «OKAN Universitesi Hastanesi» университеттік клиникасымен, «Biruni University» мекемесімен, Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Г.Турнер атындағы балалар травматологиясы және ортопедиясы ұлттық ғылыми-зерттеу орталығымен, сондай-ақ Үндістандағы «Max Hospitals» клиникасымен әріптестік орнатқан.
Айта кетейік, «Aktobe Med Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр «Даму» қорының қолдауымен жеңілдетілген қаржыландыру алған. Инвестициялық мақсаттағы несие «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы арқылы рәсімделіп, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланған.
А.АЛТЫБАЕВА.



