Байғаниндегі берекелі істер

Жұмыс сапары
Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Байғанин ауданына барып, ондағы бірқатар нысанның құрылысымен танысты.Оймауыт ауылында газ құбырының іске қосылу, Дияр ауылында әлеуметтік әріптестік аясында салынған заманауи спортзалдың ашылу салтанатына қатысты.
Қарауылкелдідегі құрылыс
Өңір басшысы алдымен Қарауылкелді ауылында салынып жатқан «Ақрайыс — 2025» ауылшаруашылық-өндірістік кооперативінің мал сою және өңдеу цехының құрылысымен танысты.
«Ақрайыс — 2025» АӨК өкілі Руслан Хайрмухамбетовтің айтуынша, 100 жылқыға арналған бордақылау алаңы, жемшөп пен астық сақтайтын қоймалар, 15 бас ірі қара малға арналған сою цехын және еттен жартылай фабрикаттар өндіретін заманауи өңдеу цехын салу жоспарланып отыр. Жеке инвестиция көлемі — 87 млн теңге, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
Цехтар іске қосылғаннан кейін «Ақрайыс — 2025» АӨК сүт өнімдерін, оның ішінде қымыз бен жартылай фабрикаттарды өндіруді жолға қойып, өнімдерін өз брендімен шығаруды қолға алмақ.Қазіргі уақытта үш шаруа қожалығын біріктірген кооперативте бес адам жұмыс істейді. Маусымдық жұмыстарға қосымша он адам тартылады. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ кәсіпкер жұмысшылар үшін жатақхана да салып жатыр.
Облыс әкімі мал сою цехының іске қосылуы өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынын, жергілікті өндірушілерді қолдап, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашатынын, мал шаруашылығы мен өнімдерді қайта өңдеуді дамытуға және халықты сапалы ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұдан кейін Асхат Шахаров облигациялық бағалы қағаздар есебінен қаржыландырылып әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын қарап шықты.
Байғанин аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұржан Жұбаныштың мәліметінше, мұнда 43 пәтерден тұратын 22 үй салынуда. Бұл тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және толық емес отбасыларға, 1, 2-топ мүгедектеріне, зейнеткерлер мен мүгедек бала өсіріп отырған ата-аналарға беріледі. Тұрғын үйлерге электр қуаты, ауызсу және газ тартылған. Жобаның жалпы құны — 819 млн теңге.
Облыс әкімі барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз ету өңір үшін басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтіп, жүзеге асырылып жатқан жобалар аудан тұрғындары үшін лайықты өмір сүру жағдайын қалыптастыратынына сенім білдірді.
Оймауытқа газ келді
Асхат Шахаров Оймауыт ауылының тұрғындары үшін қуанышты оқиға — газ құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты.
Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ауылға газдың келуі Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту және қажетті инфрақұрылыммен қамту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылғанын жеткізді.
—Газға қосылу бұл жылу мен тұрмыстық жайлылық қана емес, сондай-ақ экономиканың өсуіне, шағын бизнестің және әлеуметтік саланың дамуына мүмкіндік береді. Жастардың туған ауылында қалып, еңбек етіп, болашағын осы жерде құруына жағдай жасалады. Газ құбырының іске қосылуы — өмір сүру сапасын арттыру мен ауыл инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Үйлеріңізде әрдайым жылу мен жайлылық, адамдардың жүрегінде ертеңгі күнге деген сенім болсын, ал ауылдарыңыз одан ары дамып, гүлдене берсін,— деді өңір басшысы.

Оймауыт ауылындағы газ құбырының құрылысы екі жылдан астам уақытқа созылды. Жобаны іске асыруға 8,3 млрд теңге қаржы жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Әлия Сервис» ЖШС жүзеге асырған. Газ құбырының жалпы ұзындығы — 184,8 шақырым.
Газ беру салтанатынан кейін облыс әкімі Оймауыт ауылының 105 жастағы тұрғыны Тұраш Құдайқұлованың шаңырағына барды. Ғасыр жасаған кейуананы Тәуелсіздік күнімен және елді мекенге көгілдір отынның келуімен құттықтап, әңгімелесті.
Тұраш Құдайқұлова Темір ауданының Шұбарқұдық елді мекенінде дүниеге келген. 1944 жылы жұбайы Жантай Құдайқұловпен бірге Доңызтау аймағына қоныс аударып, 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген. 1972 жылы жолдасы қайтыс болғаннан кейін сегіз баласын өзі өсіріп-жеткізген. Бүгінде оның 33 немересі, 64 шөбересі және 12 шөпшегі бар. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылда еңбек еткен, ал 1944-1970 жылдары Байғанин ауданының «Оймауыт» совхозының ауылдық кеңесінде қызмет атқарған.
Тұраш Құдайқұлова ауылға арнайы келіп, тұрғындардың қуанышына ортақтасқаноблыс әкіміне алғысын айтып, ақ батасын берді.
— Елімізге тыныштық, береке-бірлік пен тұрақтылық тілеймін. Әр отбасында татулық пен бақыт орнасын, жас ұрпақ туған жерін сүйіп, дәстүрін құрметтейтін, дені сау әрі еңбекқор болып өссін, — деді ғасыр жасаған кейуана.
Айта кету керек, бүгінде Оймауыт ауылында 770 адам тұрады. Мұнда 3 ЖШС, 30 шаруа қожалығы, 3 азық-түлік дүкені бар. Ауылда мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, балабақша және дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған.
Жалпы Байғанин ауданында 24 елді мекеннің 10-ы газбен қамтылған, оларда 19 100 тұрғын тұрады. Алдағы уақытта тағы 10 ауыл газға қосылмақ. Олардың қатарында Қопа, Баршақұм, Айрық, Көптоғай, т.б бар. Қосарал және Көкбұлақ ауылдарында газ құбырын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайын.
Диярдың спортзалы
Миялы ауылдық округіне қарасты Дияр ауылында әлеуметтік әріптестік аясында салынған заманауи спортзалдың ашылу салтанаты өтті.
Облыс әкімі спортзалдың ашылуына қатысып, нысанды аралап көрді және ауыл тұрғындары үшін жасалған жағдайды жоғары бағалады.

Спортзал кәсіпкерлердің қолдауымен және ауыл тұрғындарының бастамасымен салынды. Құрылысқа жалпы 40 миллион теңге жұмсалды. Жобаның негізгі демеушілері — «KMG Barlau» ЖШС, «West Precaspian Company» ЖШС, «Тат-Арқа» ЖШС және «Бақсейіс» шаруа қожалығы. Жергілікті бюджеттен 7 миллион теңге бөлінсе, ауыл тұрғындары өздері 3 миллион теңгеден астам қаражат жинап, кейбір жұмыстың ақысын төледі. Спортзал кейінмемлекеттікменшіккеберілген. Мұнда балалар да, ересектер де спортпен айналыса алады.
Асхат Шахаров атқарылған істің маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындары үшін жасалған жағдайға оң бағасын берді. Әрбір демеуші болған азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
«Ауыл тұрғындары бастама көтеріп, кәсіпкерлер қолдау көрсетті, міне, нәтижесі. Жаңа спортзал спортпен шұғылдануға, денсаулықты нығайтуға және жастарды спортқа тартуға мүмкіндік береді. Бұл нысан— бірлескен күш-жігердің ауыл өмірін қалай жақсарта алатыныныңа йқын көрінісі. Президент әрқашан халықтың әл-ауқатын арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға және жергілікті бастамаларды қолдауға баса мән беріп келеді. Осындай жобалар елдімекендердің әлеуметтік дамуына серпін беріп, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады»,—деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда Дияр ауылы газдандырылмаған, орталықтандырылған су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, балабақша және медициналық пункт жұмыс істейді.
Д.АЙДАР.



