58 ақтөбелік қоныс тойын тойлады

Баспана
Тәуелсіздік күніне орай Ақтөбе қаласында «Exclusive» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына кілт тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты шараға облыстық мәслихат депутаттары, жаңа үйдің тұрғындары, еріктілер, тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің өкілдері қатысты.
Аталған тұрғын үй кешені Ақтөбе қаласы Астана ауданы Алтын Орда шағын ауданында орналасқан. Бұл тұрғын үйдің құрылысын бастапқыда 2021 жылы «Aktobe ROM Group» ЖШС бастаған. Жоба 2022 жылғы 17 маусымда аяқталуға тиіс болғанымен, міндеттемелер орындалмаған. Соның салдарынан 58 азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын көлемі 553,3 млн теңгені құраған.
— Азаматтардың құқығын қорғау және құрылысты аяқтау мақсатында 2022 жылы «Ақниет-2022» тұрғын үй-құрылыс кооперативі құрылды. Біз білікті заңгерлер мен сала мамандарының көмегіне жүгініп, мәселені заңды жолмен шешуге күш салдық.Сөйтіп,инвестор-құрылысшы ретінде «Rakhmet Construction group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып, 2023 жылы құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Нәтижесінде 8 қабатты, 80 пәтерлі тұрғын үй кешені толығымен аяқталып, пайдалануға беріліп отыр, — деді «Ақниет-2022» ТҚК төрағасы Мадина Жаналина.
Тұрғын үй кешені төрт подъезден тұрады, сегіз қабатты. Әр қабатта екі пәтерден орналасқан. Кілт табыстау рәсімі барысында жаңа қоныс иелері құрбандық шалып, аулаға киіз үй тігіп, қуанышын бірге бөлісті.
Сонымен қатар тұрғындар алдағы уақытта қоғамдық көлік аялдамасын салу, балалар және спорт алаңдарын кеңейту жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Іс-шара соңында тұрғындар үй алу процесінде белсенділік танытып, қолдау көрсеткен азаматтарға, заңгерлерге, сондай-ақ тұрғын үйдің аяқталуына үлес қосқан құрылыс компаниясының өкілдеріне алғыс білдіріп, сый-сияпат табыс етті.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



