Басты жаңалықтар

Ғасырлық тарих музейден орын алды

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстық қос басылым — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бір ғасырлық тарихына арналған «Жүз жыл жылнамасы» атты жаңа экспозицияның салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов, ғалымдар мен ардагер журналистер, қос газеттің және музейдің қызметкерлері қатысты.

Ғасырлық белес кекөтерілген облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газеттері өңір шежіресін жазып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын үздіксіз баяндай келе, бірнеше буын журналистердің шығармашылық мектебіне айналды. Өткен жылы облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткені баршаға мәлім. Мерейтойға орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтауын жолдап, онда «Ғасырлық тарихы бар басылым алғашқы саны жарық көрген күннен бастап қазыналы өңірді өркендетуге атсалысып келеді. Газеттің әрдайым өзекті мәселелерді көтеріп, шынайы ақпарат таратуы, тағылымды әрі танымдық мақалалар жариялауы — соның айқын дәлелі» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысына ие болуы «Ақтөбе» газетінің ұжымына көрсетілген үлкен құрмет ретінде бағаланды.
Салтанатты іс-шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов сөз сөйлеп, облыс баспасөзінің тарихи маңызына ерекше тоқталды.

Өңіріміздің шежіресін тарқататын, ғасырдан астам уақытты қамтыған іргелі басылымдардың осынау тарихи музейден орын алуы болашақ ұрпақ үшін жасалған ауқымды әрі мәнді жұмыс деп білеміз. Өйткені осы жылдар ішінде өңірдің әрбір кезеңі, әрбір маңызды оқиғасы мен ізі газет беттерінде хатталып отырды. Сол құнды деректердің барлығы музей қорына тапсырылып, келешек ұрпақ үшін баға жетпес мұраға, ал зерттеушілер үшін сенімді дереккөзге айналмақ. Бұлболашаққа жасалған нық әрі сенімді қадам.Тарихы терең, тағылымы мол басылымдарымыз жасай берсін. Осы басылымдардың қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген аға буынның сара жолын кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырады деп сенеміз,— деді ол.

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мейірхан Ақдәулетұлы бұл бастаманы ерекше тебіреніспен қабылдағанын жеткізді.

Осы хабарды естіген сәттен бастап үлкен қуаныш үстіндеміз. Өйткені біздің қос газетіміз — қаншама азаматтың ғұмырын арнаған, тағдыры тоғысқан, шығармашылықпен тыныстаған қасиетті орын. Енді сол басылымдар облыстық музейден берік орын алып отыр. Басқаша айтқанда, жоғалып кетпей, бізден кейінгі ұрпаққа қызмет ететін болады деп сенемін. Раукен Сағызбайұлы — осының бәріне жанашырлықпен, үлкен жауапкершілікпен қарады. Ол газет тарихына қатысты дүниенің бірде-бірін далаға тастаған емес. Қандай кезең, қандай заман болсын, барлығын тірнектеп жинап, көздің қарашығындай сақтап келді. Енді, міне, сол құнды мұралар облысымыздың үлкен шаңырағы — облыстық тарихи музейге табысталып отыр. Бұл жаңалық бізді қатты қуантты. Ұрпақ өседі, буын алмасады. Алайда мәңгілік қалатын құндылықтар бар. Сол мәңгіліктің негізін ұстап тұрған — тарихи музей. Облыстың қос басылымына қатысты жәдігерлер нағыз лайықты орнына табысталды. Енді біздің екі газетіміз өшпейтін, алға басатын, мәңгілік жасайтын үлкен рухани құндылыққа айналды,— деді Мейірхан Ақдәулетұлы.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, қос басылымның тұрақты оқырманы Алтай Тайжанов бұл оқиғаның тарихи мәніне тоқталды.

Жақсы бір естелік болып қалатын игі шараға тілектес болып қатысып отырмыз.

100 жылдығын атап өткен «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері де ұзақ тарихи жолдан өтті. Қиындық та, қуаныш та болды. Соның бәрін газет халыққа үнқағаз ретінде жеткізіп отырды.Жалпы газет тарихы XVII ғасырдан, нақтырақ айтқанда, 1631 жылдан бастау алады. Содан бері ол түрлі форматта, түрлі мазмұнда дамып, әлеуметтік, рухани, мәдени, ғылыми салалардың қалыптасуына үлес қосты. Газет — халықтың үні, халқымыздың тарихының, рухани әлемінің ажырамас бөлігі. Осы тұрғыдан алғанда, «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің музей төрінен орын алуының — ерекше мәні бар. Қос басылым жүз жыл жасады. Осы бір ғасыр ішінде талай білікті, білімді азаматтар аянбай еңбек етті. Соның арқасында газет қайта уақытпен бірге жаңарып, кейінгі ұрпақпен бірге жасай береді деп сенемін. Газетті халық бекерге «төртінші билік» демейді. Таза, анық, әділ жазылған сөз биліктің де, қоғамның да абыройын арттырады. Сондықтан кейінгі ұрпақ бұл жауапкершілікті сезініп, еңбектерін тарих бетінде жалғастыра берсін,— дей келіп,ұжымға зор алғысын білдірді.

Экспозияның ашылу сәтінде «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин қорытынды сөз сөйлеп, қос басылымның өңір руханияты мен ақпарат кеңістігіндегі орнын атап өтті:

Өздеріңізге белгілі, өткен жылы біз ғасырлық мерейтойымызды атап өттік. Сол кезде басталған игі бастама өз жалғасын тауып отыр. Бұл — облыс шежіресіне айналған басты басылымдардың тарихи орны.Газеттердің атауы бірнеше мәрте өзгеріп, талай кезеңнен өтсе де, өз бағытынан айнымай, бүгінге күнге жетті. Белгілі қаламгер Қайнар Олжай «Егемен Қазақстан» газетінде «Ақтөбе» газетінің тарихына арналған «Жүз жыл жүгі жығылмаған» атты мақаласында осы жолды терең тарқатып жазды. Шынында да, жүз жылда дәуір өзгерді, заман жаңарды. Бірақ қос басылым сол өзгерістермен бірге дамып, кәсіби журналистиканың биігінен түскен жоқ. Осындай тарихи музейде арнайы экспозицияның ашылуы — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл басылымдар — Мемлекет басшысының саясатымен өңірдің қоғамдық-саяси өмірін тұрақты түрде көрсетіп келе жатқан ақпарат құралы. Қанша уақыт өтсе де, тарихтан өз орнын тапқанына қуаныштымыз, — деп, осы игі істің жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына, музей ұжымына шынайы алғысын білдірді.

Сондай-ақ шарада М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының кандидаты Талғар Әбілов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров,  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысыныңорынбасары Мәншүк Балмағамбетова, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұқановтар жылы лебіздерін білдірді.

Лента қию рәсімінен кейін музей қызметкері Айбек Ертеміров қонақтарды жаңа экспозициямен таныстырып, облыс шежіресіне айналған қос газеттің бір ғасырлық тарихына шолу жасады. Экспозицияда жарық көрген алғашқы басылымдар, сирек сақталған фотоматериалдар, редакцияға қатысты мұралық құжаттар мен журналистердің жеке заттары көрсетіліп, келушілерге үлкен әсер қалдырды.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button