Жаңалықтар

Тұрғын алаптарға ауызсу келеді

Қала

Ақтөбеде жаңа тұрғын алаптарды ауызсумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Тамды су алу торабынан Думан және Парасат тұрғын алаптарына су құбырын тарту жобасының негізгі кезеңі аяқталуда.

Қала әкімі Азамат Бекет құрылыс қарқынын арнайы барып көрді.

Қазіргі таңда Думан мен Парасат тұрғын алаптарын ауызсумен қамту жұмыстары аяқталуға жақын. Су Тамды су алу торабынан жеткізіледі. Жалпы ұзындығы 8 шақырым болатын су құбыры тартылды. Сонымен қатар Тамдыда жаңа сорғы станциясы салынды. Думан тұрғын алабында қуаттылығы 500 текше метрлік екі су сақтау резервуары (біреуі тұрақты, біреуі резервтік) мен сорғы станциясы салынды. Парасатта да сыйымдылығы 1200 текше метрлік екі резервуар мен жаңа сорғы станциясы орнатылды, — деді «Esentai Holding» ЖШС бас инженері Аслан Күмісбаев.

Оның айтуынша, Думан тұрғын алабында мың участок үшін 54 шақырым құбыр, ал Парасатта 3,5 мың участок үшін 155 шақырым құбыр жүргізілген. Су Тамды су алу торабынан Думанға келіп, одан әрі сорғылар арқылы Парасатқа барады.

—  Қазіргі таңда құбырларды дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл кезең аяқталған соң құбырлар жуылып, жүйе толық тазаланады. Одан кейін нысанды тапсырыс беруші тарапқа пайдалануға береміз, — деді «Esentai Holding» ЖШС бас инженері Аслан Күмісбаев.

Қала әкімі Азамат Бекет жобаның тұрғындар үшін ерекше маңыздылығын атап өтті.

— Думанда 1000-нан астам жер учаскесі бар, оның 150-ге жуығына үй салынған. Қазіргі таңда 120 үйде отбасы тұрып жатыр. Ал Парасат тұрғын алабында 3600 участок бөлінген, әзірге бір отбасы ғана қоныстанғанымен, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Думан халқы ауызсудың келуін асыға күтуде. Жұмыстар толық аяқталған соң, тұрғындарға хабар беріліп, құжаттарды рәсімдеу мен үйлерді орталық су жүйесіне қосуға көмек көрсетіледі, — деді қала әкімі.

Осылайша жақын арада Ақтөбе қаласының жаңа аудандарының мыңдаған тұрғыны орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button