Заң мен тәртіп

Ашық әңгіме, әсерлі жүздесу

Ақтөбеде жастардың қатысуымен TEDx форматында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. «Жастар және жалпыұлттық құндылықтар» тақырыбындағы басқосу отаншылдық, жасампаздық, еңбекқорлық, әділдік және заң мен тәртіп сынды тақырыптарды қамтыды.

А.Досжанова атындағы конференц-холға М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері жиналды. Іс-шарада облыс әкімі Асхат Шахаров ел болашағы жастардың қолында екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды сақтап, еңбекқор әрі әділ азамат болуға шақырды.

— Биыл бесінші қараша күні Мемлекет басшысы еліміздің ішкі саясаты дамуының негізгі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарын бекітті.

Олар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық. Ел дамуының қозғаушы күші жастар екендігін ескере отырып бүгін бойларыңыздан әрқашан табылуға тиіс осы құндылықтар туралы пікір алмасамыз.

Бүгінде отаншылдық — тек шекара күзетінде тұру немесе қару ұстау емес. Патриотизм — білім мен еңбек жауапкершілік арқылы көрінетін қасиет. Егер сен жақсы оқысаң, бұл — отанға қызмет. Егер сен адал жұмыс істесең, бұл да отанға қызмет. Егер сен елдің намысын қорғап, жаңа идея ұсынсаң, бұл да патриотизм. Біздің елімізге бүгінде ойшылдар, инноваторлар, жас көшбасшылар, жауапты азаматтар қажет, — деді облыс әкімі.

Кездесуге еліміздің медицина саласында жетістікке жеткен беделді тұлғалар шақырылды. Олардың әңгімесі жастарға серпін берді. Болашақ дәрігерлер үшін ерекше әсер қалдырған QazVac вакцинасын әзірлеген ғалым Күнсұлу Закарияның әңгімесі болды. Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері студенттерге коронавирусқа қарсыотандық вакцинаны жасау жолындағы ғалымдардың табанды еңбегі мен ізденісі туралы терең мазмұнды әңгіме өрбітті. Қазіргі жастарға ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

— Бүгінде жас ғалымдарға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар бар. Жыл сайын көптеген конкурс өткізіліп, оған қатысу арқылы ғылыммен айналысуға жол ашылады. Жастар шетелде білім алып, тәжірибе жинап жатыр. Былтыр ғана «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Енді ғылыммен қатар, технологияны да дамытуға басымдық беріліп отыр. Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін бізге жаңа технологиялар қажет. Ал ол үшін сапалы білім мен үздіксіз ізденіс керек, — деді ғалым.

Ал елімізге танымал нейрохирург,Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев жастарға білім, еңбекқорлық пен кәсіби біліктіліктің ең басты құндылық екенін ерекше атап өтті.

— Қазіргі таңда блогерлік белең алып кетті. Тіпті бұл қоғамға сіңіп кеткен теріс дағдыға айналып барады. Сондықтан осындай кездесулер жастарды шынайы еңбекке, адалдыққа, азаматтық жауапкершілікке баулуға үлкен септігін тигізеді, — деді нейрохирург.

Бүгінде Ақтөбе облысында 268 мыңға жуық жас бар. Олар үшін түрлі қолдау тетіктері қарастырылған. Қайтарымсыз гранттар бөлініп, «Jumystap» әлеуметтік жобасы іске қосылды.

Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, биылдың өзінде 62 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жастарға арналған түрлі бағыттағы гранттар да қарастырылып жатыр.

Кездесу TEDx стилінде өткендіктен, спикерлер еркін форматта ой бөлісті. Мұндай іс-шаралар жастарды тәрбиелеуде және олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарары анық.  Жиында Назарбаев университеті медицина мектебінің профессоры, PhD, спорт медицинасы және реабилитология саласының халықаралық деңгейдегі маманы Елтай Рахманов, облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев, облыстың бас липидологі Вадим Медовщиков жастардың ерік-жігерін жанитын ойларын ортаға салды.

TEDx форматындағы кездесу жастар мен танымал ғалымдардың арасындағы байланысты нығайтып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Емен-жарқын форматта өткен басқосу барысында елге танымал дәрігер-ғалымдар өздерінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға рухани азық боларлық, өнеге алатындай ойларын айтты.

Президент бекіткен жалпыұлттық құндылықтар — отаншылдық, әділдік, еңбекқорлық, жасампаздық пен заңға бағыну тақырыптары кеңінен қозғалды. Елдің болашағы — жастарды ұлтжандылыққа, әділ болуға, еңбекті сүюге, жаңа технологияларды меңгеруге және жауапкершілікке тәрбиелеудің маңыздылығы айтылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button