Басты жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы санағы: көрсеткіштер көңілден шыға ма?

Биыл елімізде ауыл шаруашылығы санағы өтті. Бұл — елдің аграрлық әлеуетін бағалап, жер мен суды тиімді пайдалану деңгейін бақылауға, сондай-ақ ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс-тіршілігін саралауға бағытталған ірі науқан. Санақ барысында жиналған әрбір дерек — алдағы мемлекеттік шешімдер мен даму бағдарламаларының негізіне айналмақ.

Ауыл шаруашылығы санағының нәтижесі облысымызда аграрлық сектордың тұрақты дамып келе жатқанын анық көрсетті. Санақтың өзектілігі мен аймаққа әсері жөнінде ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Әуезхан Қиялов айтып берді.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына аймақтың 313 елді мекеніндегі жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары қатысқан.Науқан екі кезең бойынша үш айға созылған. Онлайн сауалнамаға өңірдің 676 заңды тұлғасы мен 8638 шаруа қожалығы және жеке кәсіпкер қатысып, жоспардың 94,3 пайызы орындалды. Ал офлайн кезеңде 44 092 жеке қосалқы шаруашылық пен 709 шаруашылық субъектісі қамтылды. Жалпы есеп бойынша 44 801 респондент санаққа қатысып, жоспарланған жұмыс толық көлемде жүзеге асқан.

Әуезхан Қияловтың айтуынша, биылғы санақтың басты ерекшелігі — сауалнаманың көп бөлігі электронды форматта өткізілген.
Санақтың алғашқы кезеңі www.sanaq.gov.kz сайтында онлайн түрде өтті. Барлық аудан мен ауылдық округте  «Санақтан өз бетінше өту» бұрышы ұйымдастырылып, тұрғындарға электронды сауалнама толтыруға мүмкіндік берілді. Бұл тәсіл процесті жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге жол ашты. Дерек жылдам жиналды. Жалпы,бұл санақ ауыл шаруашылығындағы ахуалды бүге-шігесіне дейін көруге мүмкіндік берді. Ең бастысы — ауыл шаруашылығы біздің негізгі күшіміз. Сол себепті қай өңірде қандай мәселе бар, қандай ресурс жетіспейді, шаруалардың жағдайы қандай — бәрі осы санақта көрініс тапты. Бұл деректер ертеңгі шешімдерге, жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді, — дейді ол.
Онлайн сауалнама кезеңінде қатысушылар виртуалды көмекші арқылы  шаруашылықтары туралы мәліметті өздері енгізді. Ал офлайн режимде сұхбаттасушылар планшет арқылы деректерді тікелей енгізіп отырды. Бұл қағазбастылықтан арылтып, ауыл шаруашылығының цифрлануына үлес қосты.

— Біз әр ауланы толық бақылап отырмаймыз. Талап бойынша мал шаруашылығымен айналысатын әрбір тұлға төлдің туған уақытында жергілікті ветеринариялық пунктке хабарлап, құлақ жапсырмасын салдырып, базаға есепке тіркетуі керек. Дегенмен табын мен отардағы мал әртүрлі уақытта төлдейді. Сондықтан кейде малдың нақты саны уақытында есепке алынбай қалады. Ветеринария туралы заңның 25-бабына сәйкес төлде шығын болса немесе мал ауырса, шаруашылық міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлауға тиіс, — дейді Ә.Қиялов.

Мемлекет қолдауының нәтижесінде облыста төрт түліктің сапасы артып, мал басы көбейген. Жыл басынан бергі есеп бойынша өңірде мүйізді ірі қара —590,8 мың бас (100,7%), қой мен ешкі —1 198,6 мың бас (103,4%), жылқы —362,2 мың бас (113,1%), түйе —25,6 мың бас (108,6%) болды. Ал ет өндіру көлемі 85,6 мың тонна (100,8%) болса, сүт өндірісі 157,3 мың тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 102,5 пайыз артқан.

Ал жергілікті полиция малды тіркемей, санақ кезінде жасырудың салдары туралы былай дейді.

Тіркелмеген малдың машақаты көп. Құжаты жоқ ұрланған малды іздеу, иесін анықтау мүмкін емес. Мұндай мал тасжолға шығып кетсе, жол-көлік оқиғаларының да қаупі артады. Мысалы, биыл облыста осындай 20-дан астам оқиға тіркелді. Санақ — тек статистика үшін емес, ауылдағы қауіпсіздік шараларын тиімді жүргізу үшін де маңызды. Егер мал тіркелген болса, полиция, әкімдік және ветеринарлық қызмет бірлесіп, қажет болған жағдайда уақытша ұстау орындарына орналастыра алады, хаттама толтырады және заң талаптарына сәйкес айыппұл салады.Ал тіркелмеген малға ветеринария құжаты берілмейді. Сондықтан оны ресми түрде сойып тапсыруға, сатуға немесе бір жерден екінші жерге тасымалдауға рұқсат жоқ. Егер қандай да бір індет шыға қалса, тіркелмеген малға  мемлекет өтемақы  төлемейді. Құжатсыз малдың әрлі-берлітасымалы да қиын, ол заңды түрде рәсімделмейді және иесін машақатқа салады.

Заң бойынша тіркелмеген мал ұстағандарға айыппұл бар. Бұл  —  әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көрсетілген ресми талап. Мәселен, жеке тұлғаға 3-10 айлық есептік көрсеткіш, ал шаруашылық субъектілеріне 20-50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанса, жауапкершілік одан да күшейеді,— дейді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Сүйентаев.

Қобдалық шаруа Марат Шариповтің айтуынша, ауылшаруашылық санағы — мал басын есепке алып, шаруашылықтың жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін маңызды науқан. Санақ арқылы әр малдың құжаты мен тіркелуі реттеледі. Бұл мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану мен шаруашылықты жоспарлауға мүмкіндік береді.

Біз «Марат» шаруа қожалығын 2013 жылы құрдық. Қазір 1700-ден астамжылқымыз бар, төрт малшы қызмет етеді. Негізгі бағытымыз — ет өндіру. Санақ малдың нақты санын көрсетуге, құжатын реттеуге мүмкіндік берді. Осы деректерге сүйене отырып, 2027 жылы бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл жемшөппен қамтамасыз етіліп, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алдық. Бұл — шаруашылықты дамытуға берілген қосымша мүмкіндік.

Шаруашылықпен айналысатындардың ең өзекті мәселесі — сенімді жұмыс күшін табу. Себебі қанша жерден көп жалақы ұсынып, сұраныс жолдасақ та бұл салаға келетіндер өте аз. Меніңше, малшы тәрізді қарапайым еңбек адамдарыныңмәртебесін көтеру қажет.Осындай мәселелерді  алдағы уақытта жергілікті билік шешеді деген сенімім бар. Алдамал басын көбейтіп, жылқы санын 5 мың басқа жеткізуді мақсат етіп отырмыз,— деді «Марат» шаруа қожалығының басшысы М.Шарипов.

Инвестициялық жобалар — дамудың жаңа бағыты

Санақ көрсеткішімен қатар, өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Алты миллиард теңге  инвестиция салынған KAZFELTEC жүн өңдеу зауыты жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл кәсіпорын өңірдегі жүн өңдеу үлесін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Негізі, ұсақ мүйізді мал шаруашылығымен айналысатын шаруалардың ең негізгі мәселесі жүн өткізу еді. Енді бұл мәселе шешімін табатын болды.
Сондай-ақ Мәртөк ауданында орналасқан «Айс» ЖШС сүт фермасы жаңа кезеңге қадам басты. Биыл шаруашылыққа 800 бас асылтұқымды сиыр әкелу жоспарланған. Жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы арқылы —  3,25 миллиард теңге, яғни 2,5 пайыз жеңілдетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды. Жалпы инвестиция көлемі— 6,6 миллиард теңге, ферма жылына 10 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы.

Жаңа жоба нәтижесінде 50 маусымдық және 17 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазір шаруашылықта үш мыңға жуық ірі қара бар, оның ішінде 1 000 сауын сиырдан тәулігіне 37,8 тонна сүт алынады. Әр сиыр орта есеппен тәулігіне 36,6 литр өнім береді. Санақ барысында осындай шаруашылықтардың тәжірибесі басқа өңірлер үшін үлгі болып отыр, — деді Әуезхан Қиялов.

Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың тиімділігі азая бастаған. Осыны ескере отырып, кезең-кезеңімен фермерлерді жеңілдетілген несиелендіруге көшіру жүзеге асырылуда. Бұл бюджет тәуекелдерін азайтуға, қаражатты пайдаланудың тиімділігін арттыруға және АӨК мемлекеттік қолдау жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Жеңілдетілген бағдарламалар арқылы ауыл шаруашылығы техникасын, тіркемелі және аспалы жабдықтарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға мүмкіндік берілуде. Инвестициялық мақсаттарға арналған қарызбен құрылысқа арналған субсидиялау да сақталады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығын жаңғыртып, өнім өндіру көлемін арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған, — деп қорытындылады Әуезхан Қиялов.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button