Жаңалықтар

Билік пен бизнес өкілдері бір алаңда бас қосты

Кәсіпкерлік

Шалқар ауданында кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес өкілдерінің құқығын қорғауға бағытталған маңызды кездесу өтті. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов, аудан әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық мәслихат депутаты Кәмшат Төлеуова, аудан прокуроры Нұрболат Қатуов және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Іс-шара аясында жәрмеңке ұйымдастырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен қайтарымсыз грант иегерлері, сондай-ақ «Бір ауыл—бір өнім» көрмесіне қатысушылар өз өнімдерін ұсынды.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов Шалқар ауданының бизнеске ашық диалог орнатып жатқанына жоғары баға берді. Ол 2026 жылдан бастап бөлшек салық мөлшерлемесін 2 пайызға бекіту туралы шешім қабылдаған аудан әкімі мен мәслихат депутаттарына кәсіпкерлер атынан шынайы алғысын білдірді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бір ауыл—бір өнім» қағидатын кеңейту, әкімшілік кедергілерді азайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығы айтылды.

Кәсіпкерлер палатасының Шалқар аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапин 2021-2025 жылдар аралығында атқарылған ауқымды жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, биыл 2462 азаматқа кеңес беріліп, 192 адамға жеке кәсіп ашуға көмек көрсетілген. Сонымен қатар 24 кәсіпкерге 140 миллион теңгеден астам несие және 45 адамға 103 миллион теңгеден астам қайтарымсыз грант алуға қолдау көрсетілген. Палата аудан прокуратурасымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде кәсіпкерлердің мүліктерін кепілден босату және заңсыз тексерістерден қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізгенін тілге тиек етті.

Аудан прокуроры Нұрболат Қатуов тұрақты серіктестік қалыптасқанын айтты.  Кәсіпкерлердің құқығы түсіндіріліп, өтініш-шағымдары тыңдалып, палата арқылы түскен мәселелер прокуратураға дер кезінде жеткізіліп, жедел шешімдер қабылданып жатыр.

Шағын және орта бизнес өкілдерімен проблемалық тақырыптар талқыланып, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне талдау жасалып, қажетті ұсыныстар енгізілді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алда да жалғасады,— деді прокурор.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов кәсіпкерлік саласының аудан экономикасы үшін маңыздылығын атап өтті.

Біздің міндет — қолайлы кәсіпкерлік орта қалыптастыру. Әр бастаманы тыңдап, бірге шешім қабылдауымыз қажет, — деді аудан басшысы.

Облыстық мәслихат депутаты Кәмшат Төлеуова кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған нақты мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. Кездесу соңында аудан әкімі, облыстық прокуратура және палата тарапынан бірқатар белсенді кәсіпкер марапатталды.

Шара барысында кәсіпкерлерге арналған білім беру бөліміне де ерекше көңіл бөлінді. Ақтөбеден келген салалық кеңестің белсенді қатысушысы, «Western Universe Consulting» ЖШС басшысы Жанар Қожабаева жаңа Салық кодексінің ерекшеліктері туралы семинар өткізсе, «GAZER» ЖШС құрылтайшысы Әнуар Төлепбай «Кәсіпкерлікті дамыту жолдары» тақырыбында мотивациялық тренинг жүргізді.

Жиын соңында палата өкілдері мен мәслихат депутаты бірқатар жергілікті кәсіпкерлік нысандарына барып, олардың жұмысының даму қарқынымен танысты. Бұл кездесу Шалқардағы бизнестің болашағына нық сенім ұялатып, билік пен кәсіп иелерінің ортақ мақсатқа жұмылғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button