Үздік жобалар таныстырылды

JasVision
Aqtobe IT Hub орталығында «Pitch Month» инновациялық жобалардың таныстырылымы өтті. «JasVision» жобасы аясында өткен іс-шараға қаламыздағы мектептер, жоғары және арнаулы оқу орындарынан жастар қатысты.
Қатысушылар бұған дейін бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, IT және бизнес стартап идеяларын 5 минуттық Pizza Pitch форматында қорғаған.
— Перспективалы IT-стартаптарды анықтау және оларды Aqtobe Hub Startup Battle тегін инкубациялық бағдарламасына іріктеу мақсатында ұйымдастырылған жобаға белгілі сарапшылар мен кәсіпкерлер төрелік етті. Осы жолы жеңімпаздарға 500 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Жүлдегерлер 100-250 мың теңге аралығында сыйақы алды. Бұл жастардың өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Жаңашыл идея авторлары техникалық әзірлеу мен іске асыруға дейінгі кешенді инкубациялық қолдау алады. Жүлде қаржысы тек жобаны жүзеге асыруға бағытталады, — дейді Aqtobe IT Hub орталығы менеджері Елнұр Жалғасов.
Іріктеу қорытындысына сәйкес 20 жоба үздік деп танылды. Нәтижесінде Al sign жобасы 1-орынға ие болды. 2-орынды — Hemoscope, 3-орынды SolanaX (Jarvis) жобасының авторлары иеленді.
Қыздарға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының информатика пәні мұғалімі Асқар Нұркейдің оқушылары Әсия Серік пен Гүлгина Бауыржан осы жоба арқылы шеберліктерімен көзге түсіп, 1-орын иегері атаныпты.
— Оқушыларым Al sign жобасын сәтті қорғап шықты. Олар камера мен жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін бірегей жоба ойлап тапты. Бұл жүйе қимыл-қозғалысты, ым-ишараны немесе объектілерді автоматты түрде тани алады. Жоба адамның әрекетін жылдам қабылдай алатын мүмкіндікке ие, — дейді А.Нұркей.
Іс-шара соңында қатысушылардың жобасына қатысты ұсыныстар айтылып, жоба авторларына сертификат табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



