Ақтөбелік белсенді жас республикалық марапатқа ие болды

Астана қаласында «Amanat» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған республикалық «Рухтастар» сыйлығы табысталды. Аталған марапатқа Ақтөбе облысынан белсенді жас Ақниет Айсұлтанов «Белсенді рухтас» номинациясы бойынша жыл үздігі атанды.
Салтанатты рәсімге Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері және белсенді жас көшбасшылар қатысты. Өз кезегінде «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жастардың ел дамуындағы рөліне тоқталып, бұл марапаттың қоғамдық маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс және бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Білімді жастар – бұл елдің басты капиталы әрі оң өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Бүгінгі жас буынның қоғамға пайдалы болуға, жаңалық ашуға, өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысы артып отырғаны байқалады. Біз осындай жігерлі, ынталы жастарды құрметтейміз. «Рухтастар» сыйлығы баршамызды ортақ мақсат жолында бірігіп, Әділетті Қазақстанды құруға қарай нық қадам басуға шабыттандырады», – деді ол.
Ал «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова бұл сыйлық – еліміздегіеңбелсенді, табанды және рухты жастардың еңбегі бағаланатын маңызды марапат екенін мәлімдеді.
«Бүгін біз еліміздегі 17 өңір мен 3 қаладағы ең белсенді жастарды бір алаңға жинадық. Олар жыл бойы өңірлерде атқарылған көптеген әлеуметтік, мәдени, экологиялық және волонтерлік жобаларға жан-жақты үлес қосып, жастар саясатының дамуына елеулі еңбек сіңірді. Бұл марапат – олардың еңбегіне деген құрметіміздің белгісі ғана емес, алдағы жұмыстарына көрсетілген үлкен сенім», – деді ол.
Оның айтуынша, үздіктерді іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. 25 қарашадан 3 желтоқсанға дейін өтінімдер «Жастар Рухының» ресми сайтында қабылданып, кейін республикалық конкурс комиссиясының қарауына ұсынылған.
Іс-шара барысында түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталды. Сонымен қатар «Белсенді рухтас» жыл белсендісі номинациясы бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен келген 20 азамат марапатталды.
Солардың қатарында Ақтөбе облысынан белсенді жас Ақниет Айсұлтанов та бар. Марапат иесінің айтуынша, бұл сыйлық оған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ол еңбегінің еленіп, бағаланғанына қуанышты екенін айтып, жастардың бастамаларын қолдап жүрген «Amanat» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанатына алғысын білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта да елге және қоғамға пайдалы істер атқаруға күш салатынын жеткізді.
Айта кетейік, байқау басталғалы 100-ге жуық жас азамат «Рухтастар» сыйлығының иегері атанды.
Меңтай Бектұрсынова.






