Жастар

Туған жердің кереметтері

Туризм

Қарғалы аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қарғалының жеті кереметі» атты танымдық экскурсия өтті. Оған ауыл тұрғындары мен белсенді жастар қатысты.
Танымдық экскурсияның алғашқы аялдамасы өңірдің тарихынан сыр шертетін «Қызылтам» кесенесінен басталды. Алдымен жиналғандар қасиетті мекендегі ежелгі құлпытастар мен ескерткіштерді аралап, ата-баба рухына тағзым етті.
Одан соң олар ақтөбеліктердің сүйікті демалыс аймағына айналған «Қасқыр сарқырамасы» мен «Қарғалы су қоймасына» аялдады. Жиналғандарға аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан экскурсия жүргізіп, су ресурстарының маңызы және экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы су қоймасының рөлі жайлы ақпараттарды бөлісті. Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған сарқырама маңайында жастар естелікке суретке түсіп, табиғат аясында сейіл ұйымдастырды.
Сапар барысында олар «Сәрке батыр» ескерткішіне барып, батырдың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі жөніндегі тың деректерді тыңдап қайтты. «Қарғалының жеті кереметімен» танысқан жастар «Мылқау» ауылының өткені мен бүгіні туралы аңыз-әңгімелерді ауыл ақсақалдарының аузынан естіді.
— «Қарғалының жеті кереметі» туған өлкені танытудың, патриоттық сезімді оятудың және табиғатты аялаудың жарқын үлгісі іспеттес. Мұндай экскурсиялар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, туған жерге деген құрметін арттырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ішкі туризмді дамыту экономикалық өсудің және мәдени өрлеудің маңызды факторы екенін атап өткен болатын. Осыған орай ауданымызда экотуризмді дамытуға бағытталған «Қарғалының жеті кереметі» жобасы жүзеге асырылуда, — дейді іс-шара ұйымдастырушысы, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан.
Рухани бағыттағы аялдамалардың бірі «Нұрпейіс Хазірет» мешіті болды. Мұнда жиналғандарға мешіттің тарихы, дін мен қоғамның өзара байланысы туралы айтылды. Танымдық сапардың соңғы аялдамасында жастар экологиялық тұрақтылықтың символына айналған «Бадамша» жел электр станциясының жұмысымен танысты. Мұнда жастарға баламалы энергия көзінің маңызы және жасыл технологиялардың болашағы туралы мәлімет берілді.

Жұлдыз КЕНЖЕ,
Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button