НАШАҚОРЛЫҚҚА НАРАЗЫЛЫҚ

Сейсенбі күні «Заң мен тәртіп» жобасы аясында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Жастар қауіпсіздігі: нашақорлық пен кибералаяқтыққа қарсы бірлік» тақырыбында кездесу өтті.
— Жастардың нашақорлыққа және кибералаяқтыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру, жалпы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ұйымдастырылған мұндай жиындар жаңа оқу жылы басталғалы өткізіліп келеді. Өйткені студенттер арасында бұл мәселе өзекті екенін ақпарат құралдарынан біліп отырмыз. Әрі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған Жолдауында бұған ерекше тоқталды. Тәртіпті болған адамның заңды бұзбайтынын ұғындыру — басты мақсатымыз, — дейді аталған оқу орнының проректоры Шыныбек Бұқарбаев.
Басқосуда әуелі кинолог арнайы үйретілген иттің көмегімен есірткіні қалай табатынын көрсетті, жастардың сұрағына жауап берді. Артынша облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Азамат Қияшев және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров өз саласы бойынша мағлұмат айтты.
— Жыл басынан бері есірткіге байланысты 322 құқықбұзушылық анықталды. 490 келіден астам есірткі тәркіленді. Бұны болдырмау үшін биылдыққа 1300 түрлі шара өтті. Соның бір көрінісі — бүгінгі кездесу.
Жасыратыны жоқ, тыйым салынған есірткі заттарын тасымалдайтындардың арасында жастар басым. Айталық, 18-35 жас аралығындағы осындай 13 курьердің жолы кесілді, — дейді полицей Азамат Қияшев.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



