Сақ бол, балақай!


Ақтөбе қаласындағы әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында кездесу өтті.
Алдымен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен «Заң және тәртіп — тұрақты қоғам негізі» тақырыбында 9-11 сыныптарда дәріс ұйымдастырылды. Кездесуге Ақтөбе облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қадағалау басқармасының прокуроры Жүніс Какимов, сондай-ақ Астана ауданы №2 қалалық полиция департаментінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Аймереке Мұханбетқазина қатысты.
Дәріс барысында спикерлер жасөспірімдер арасында өзекті мәселелер — есірткі қылмысы, интернет-алаяқтық және «дроппер» фактілері туралы жан-жақты түсінік берді.
—Жастар арасында белең алып отырған екі негізгі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Оның бірі — есірткі айналымы, екіншісі — дроппер ісі. Есірткіге қатысты Қылмыстық кодекстің 296-306 баптарында көрсетілген. Яғни есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтаған, тасымалдаған немесе сатқан жағдайда үш жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сонымен қатар есірткіні жарнамалау, ғимараттардың сыртына сілтеме қалдыру да ауыр қылмыс.
Қыркүйек айындағы заңнамалық өзгерістерге сәйкес дропперлер, яғни банк картасын немесе шотын бөтен адамға беріп, заңсыз қаржы айналымына қатысушылар — Қылмыстық кодекстегі 232-1 баппен жауапқа тартылады. Осы бап күшіне енгелі бері дропперлікке қатысты бірнеше қылмыстық іс тіркеліп, жауапкершілік күшейтілді. Олар азғантай сыйақыға алданып, өз картасын бөтен адамға береді. Кейін ол картадан 30-40 миллион теңгеге дейін заңсыз ақша аударымы жасалғаны анықталады. Бұл — ауыр қылмыс. Мұндай жағдайда картаның иесі толық қылмыстық жауапкершілікке тартылады және аударылған соманы сот арқылы өз қалтасынан өтеуге міндеттеледі. Сондықтан банк картасын пайдалануда өте мұқият болу керек. Таныстарыңызға, достарыңызға, тіпті туыстарыңызға да беруден сақ болыңыздар!— деді Ж.Какимов.
Акцияның келесі бөлімінде оқушылардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында 7-8 сынып оқушылары «Заң және тәртіп» тақырыбында бірыңғай диктант жазды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



