Жастар

Жастар және жасанды интеллект

Өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жастармен кездесіп, Жолдауда көтерілген жасанды интеллект пен цифрландыру бағытының маңызын талқылады.

Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов және жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан кездесуде инновациялық бастамаларды қолдау, білім мен тәжірибені ұштастыру және әлеуметтік жобаларға жастарды тарту мәселелері сөз болды.
Мәлік Отарбаев цифрлық даму елдің болашағына апарар басты жол екенін атап өтті.
— Жасанды интеллект — уақыт талабы. Бірақ оның техникадан тыс қыры да бар. Бүгінгі әлем ғалымдарын «жасанды интеллектінің этикасы мен моральдық шекарасы қандай болуы керек?» деген сауал толғандырып отыр. Бұл — тек технология емес, жаңа мәдениет. Ал сол мәдениетті дұрыс бағыттайтын — жастар. Президент Жолдауының басым бөлігі де жастарға арналды. Өйткені жасанды интеллект — олардың қолындағы үлкен мүмкіндік алаңы. Осы саланы игергендер әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болады, — деді ол.
Басқосуға жиналған белсенді жастар жасанды интеллект тақырыбына қатысты өз тәжірибесімен бөлісті. Солардың бірі — Heriot-Watt университетінің Ақтөбе кампусының 2-курс студенті Көркемай Елеусіз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған мульткомикс жобасын жасаған.
Студент осы жұмысты әзірлеу барысында қолданған жасанды интеллект құралдары туралы айтып, оның шығармашылықтағы және білім беру саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталды.
— Мен үшін бұл жоба тек шығармашылық тәжірибе емес, сондай-ақ өз халқымыздың тарихын жаңа форматта насихаттаудың үлгісі болды. Жасанды интеллект арқылы ұлттық құндылықтарды да заманға сай дәріптеп, кез келген салаға қатысты үлкен жобалар жасауға болады, — деді ол.
Мәлік Отарбаев қорытынды сөзінде жастардың осындай жаңашыл көзқарасын жоғары бағалап, технология мен рухани құндылықты қатар дамыту ел болашағы үшін маңызды екенін айтты.

А.АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button