«AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025»: 448 миллиард теңгеге келісімдер жасалды

Кеше Ақтөбе қаласында Халықаралық «AQTOBE INVESTMENT FORUM – 2025» инвестициялық форумы басталды. Дәстүрге айналған іскерлік басқосуға 20 елден инвесторлар, 7 елші, ірі бизнес иелері және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.
Әріптестік пен қолдау
Жиынды ашқан облыс әкімі Асхат Шахаров барлық қатысушыға әуелі алғысын білдіріп, бұл тәжірибе алмасу, сындарлы диалог жүргізу және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

—Біз үшін 20-дан астам мемлекеттіңделегациясын, шетелдік және отандық бизнес өкілдерін, қаржы институттары мен сарапшыларды қабылдау — үлкен мәртебе.
Барлығымызды осы алаңда біріктіретін ортақ мақсат — серіктестікті нығайту және тұрақты экономикалық өсімге жаңа мүмкіндіктер ашу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Инвестиция тарту — орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек» деген болатын.
Сондықтан біз ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестіккеәрдайым ашықпыз. Біз үшін әр инвестор маңызды және әр жобаның жүзеге асырудағы барлық кезеңінде жан-жақты қолдауболатынын айтып өткім келеді.
Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқан Ақтөбе облысы ежелден көпұлттыорта, мәдениеттер мен конфессияларсабақтастығы қалыптасқан аймақ ретінде дамыды. Оның аумағы арқылы сауда, керуен және көші-қон бағыттары өтіп, өңірдің этносаралықжәнемәденибайланысын айқындады.
Ақтөбе облысы еліміздің өзге өңірлері арасында ең үлкен аумаққа, бай табиғи ресурстарға, білікті кадрларға ие, географиялық орналасуы да қолайлы. Облыстағы 19 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорын, арнайы экономикалық аймақ, агроөнеркәсіптік кешендегі жобалар өңірді инвестиция үшін ерекше тартымды етеді,— деді.
«Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық өсім: Ақтөбе облысының стратегиялық бағыттары» тақырыбында өткен пленарлық отырыста бірнеше санайғақ айтылды. Облыс әкімі атап өткендей, жыл басынан бері өңір экономикасына 892 миллиард теңге тартылып, өткен жылмен салыстырғанда, көрсеткіш 129 пайызға артқан. 2025 жылы жалпы құны 110 миллиард теңгеден асатын 8 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерінің ірі нысаны да бар.

«Біздерде мынадай бар…»
Форум қонақтары — Парламент Мəжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Австрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Андреа Бахер осындай басқосулар ең бірінші кезекте өңірдің экономикалық дамуына маңызы зор екенін айтты.
— Австрия — экспортқа бағытталған ел. Біз тауарлар мен қызметтер экспортынан 10 еуроның 6-сын табамыз.
Қазақстан — Орталық Азиядағы ең маңызды сауда серіктесіміз және шикі мұнайдың ірі жеткізушісі. Сондықтан Қазақстанмен экономикалық қарым-қатынасымызды дамыту — Австрияның Қазақстандағы елшісі ретіндегі менің басты мақсатым.
Өткен жылы біз 2,8 миллиард еуро рекордтық сауда айналымына қол жеткіздік. Биылғы алғашқы тоғыз айда 11 пайыз өсім байқадық. 400-ден астам австриялық компания Қазақстанмен байланыс орнатты.
Сәуір айында Астанада үкіметаралық комиссияның 12-ші отырысы, сондай-ақ екіжақты іскерлік кеңес өтті. Қыркүйек айында Австрия Парламенті өкілдерінің делегациясы ауылшаруашылығы миссиясы аясында Ақмола облысында болды.
Өткен аптада Австрия Парламентінің спикері Астанаға барды. Оған елеулі экономикалық делегация еріп жүрді. Сапардың мақсаты — Австрияның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысуын нығайту. Сапар барысында бірталай меморандумға қол қойылды.
Бұл мысалдар Австрия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың қарқынды өсуін көрсетеді.
Бүгін Ақтөбеде өтіп жатқан инвестициялық форумға қатысуымыз да тегіннен-тегін емес. Біз әріптестікке дайынбыз.
Австриялық компаниялар Ақтөбе облысын ерекше қызықтыратын ноу-хау мен кең тәжірибеге ие. Атап айтсақ, көлік және логистика, цифрландыру, металлургия, машина жасау, мұнайхимия, ауыл шаруашылығы технологиялары, су ресурстарын басқару және қалалық инфрақұрылым бойынша ынтамақтастық құруға болады.
Шағын және орта бизнес Австрия экономикасының басым бөлігін құрайды. Олардың көпшілігі — жүз жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан отбасылық бизнес.
Қысқасы, австриялық компаниялар Қазақстан экономикасын әртараптандыруға үлес қосуға дайын әрі қабілетті. Бүгінгі кездесуден сондай негіз болар серпін күтемін, — деді Андреа Бахер.

Саудадан болашақ энергиясына дейін…
Форум 40-тан астам шетелдік компанияны, соның ішінде халықаралық ұйымдарды, технологиялық хабтарды және өнеркәсіптік корпорацияларды біріктірді. 25 компанияның өкілдері бар Қытайдан келген инвесторлар ерекше қызығушылық танытты.Олар нақты өндіріс саласындағы жобаларға, ғылымды қажет ететін әзірлемелерге, жаңа технологияларды енгізу бастамаларына айрықша көңіл бөлді. Қатысушы компанияларды инновациялық және әлеуметтік маңызды жобалар, атап айтсақ, жоғары технологиялық орталықтар, өнеркәсіптік хабтар, қаржы институттары, өңдеуші кәсіпорындар мен экспорттық әлеуеті бар агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық даму бағыттары қызықтырды.
Отырыста сөз алған Қытай мемлекетінің Ақтөбе қаласындағы Бас консулы Го Юй:
— Ақтөбе — Қазақстанның өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Облыс қолайлы географиялық орналасуымен, бай минералды ресурстарымен, үнемі жақсарып келе жатқан инвестициялық ахуалымен мақтана алады. Тұрақты экономикалық өсім де бар. Соның арқасында аймақта Қытайды айтпағанда, әртүрлі елдерден инвесторлар саны көбею үстінде. Бұл форум Ақтөбе облысындағы әртүрлі елдің кәсіпкерлері мен серіктестері арасында байланыс орнатуға, сондай-ақ инвестициялық, сауда және экономикалық жобаларды молайтуға пайдалы алаң болатынына сенімдімін.
Соңғы жылдары Қытайдың Ақтөбе облысымен сауда-экономикалық ынтымақтастығы жемісті нәтижелер беріп келе жатыр. Қытай аймақтың маңызды сауда серіктесі және негізгі инвестиция көзіне айналды, әлеуметтік-экономикалық дамуға айтарлықтай үлес қосты. Мысалы, China Building Materials және West Cement компаниялары қазақстандық серіктестерімен бірлесіп, Байғанин және Алға аудандарында қуаттылығы 1,3 миллион тонна және 2 миллион тонна цемент зауыттарын іске қосуға тиісінше 200 миллион және 230 миллион доллар инвестиция салды. Бұл жобаларды іске асыру Қазақстан цемент өнеркәсібінің өндірістік қуатын арттыруда және цемент импортын алмастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Қытай Ұлттық мұнай корпорациясы «Қазақ химия» зауытымен бірлесіп, карбамид өндіру жобасына 1,25 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. PowerChina компаниясы жүзеге асырып жатқан 150 мегаваттық жел электр станциясы жобасы электр желісіне сәтті қосылып, пайдалануға берілді, ал HuanTai Energy компаниясы салып жатқан екі 50 мегаваттық жел электр станциясының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Биыл сәуір айында осы облыстың әкімі бастаған делегация Қытайға арнайы сапармен барды, онда тараптар 1 миллиард доллардан астам қаражатқа бірнеше инвестициялық меморандумға қол қойды. Бұл жетістік Қытай мен Ақтөбе облысы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың орасан әлеуеті мен кең перспективаларын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар Батыс Қазақстанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасының сәтті жүзеге асырылуының жарқын мысалы екені даусыз. Ақтөбедегі Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы бұл бағыттағы жұмыстарға атсалыса беруге әзір.
Қазіргі уақытта қос Президенттің стратегиялық басшылығымен Қытай-Қазақстан әріптестігі жаңа деңгейге шықты. Жақында сәтті өткен Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 20-шы сессиясында да осы бағдар баса айтылды. Қытай Ақтөбе облысымен тығыз ынтымақтастықты сақтауға, сауда-экономикалық байланысты нығайтуға дайын. Осы инвестициялық форум соған себепші болғай, — деп лебізін білдірді.
Мұнымен бірге Қазақстандағы Американдық сауда палатасының өкілі Джефф Эрлих, «Yandex Qazaqstan» компаниясының бас директоры Тимур Шалекенов сөз сөйледі.
Игілік һәм инвестиция
Өндірістік компаниялар да форумға белсенді түрде қатысып, жаңа өндірістік шешімдер мен саланы жаңғырту тәсілдерін ұсынды. Айталық, машина жасау, металлургия, цифрлық өндіріс және медициналық инфрақұрылым салалары бойынша жобаларын таныстырды.
Форум қорытындысы бойынша 448миллиард теңгені құрайтын 17 меморандум мен келісімдерге қол қойылды. Негізгі жобалардың қатарында Хромтау ауданындағы 100 МВт жел электр станциясының құрылысы (SUNGROW, Қытай),«СТГ» зауытының жобасы (Condor Energies, Канада), Ақтөбе облысында сусындар шығаратын зауыттың құрылысы (Coca-Cola Almaty Bottlers, Түркия), металл бұйымдарын шығаратын металлургиялық зауыт (Союз Металлсервис, Қытай), агроөнеркәсіптік кластерді құру (Harvest Agro Holding, Швейцария), Ақтөбе қаласында 180 МВт газбен жұмыс істейтін электр станциясының құрылысы (MUREL, Түркия).
Сондай-ақ «Ақтөбе» АЭА басқарушы компаниясы «Ганьцюаньбао» экономикалық аймағымен (Үрімші, Қытай) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Шара қонақтарына өңірдің инвестициялық әлеуеті көрсетіліп, тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Артынша панельдікс ессиялар болды.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



