«Сыбағаның» бірінші күні тағылымға арналды

Ақтөбеде үш күнге созылатын «Сыбаға» ұлттық дәстүрфестивалі өтіп жатыр.
4 желтоқсан — «Тағылым»күнінде білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін танымдық сабақтар мен шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
«Сыбаға» фестивалі аясындаС.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжі «Сөз саптау — өнердің басы» дебат турнирін өткізді.
Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Мұхамбеттің айтуынша, іс-шараның мақсаты — оқушылардың сөз мәдениетін жетілдіру, ойды дәл әрі жүйелі жеткізуге баулу, шешендік қабілетін дамыту және ұлттық құндылықтарды жастар санасына терең сіңіру.
— Биыл «Тарлан» дебат клубының жаңа құрамы жасақталып, білім алушылардың пікіралмасатын алаңға тың серпін берді. Турнир барысында студенттер ұлттық танымға негізделген пікірталас жүргізіп, қазақ тілінің байлығын, ой жүйріктігін, мәдениетті сөйлеу мәнерін көрсете білді. Пікірсайысшылардың әрбір уәжі нақты дәлелге құрылып, қарсы пікірге құрметпен қарау мәдениеті айқын байқалды. Бұл — колледждің тәрбие жұмысындағы оң өзгеріс көрінісі, — деді Динара Мұхамбет.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде «Ұлттық киім — мәдениеттің айнасы» ұлттық киімдер флешмобы өтті. Колледж директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызованың өзі бастап, барлық оқытушы мен оқушы ұлттық киім киген.Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жайнагүл Әбиеваның айтуынша, флешмобтың мақсаты —жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттырып, қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын заманауи форматта насихаттау.
— Ұлттық киім — халқымыздың сәндік өнері мен дүниетанымын танытатын бағалы мұра.Бүгін колледж оқушылары мен оқытушылары әр өңірдің ұлттық киімдерін киіп, бір мезетте ұйымдасқан сән шеруін өткізді. Қатысушылардың белсенділігі мен ұлттық стильді ерекше көрсетуі — флешмобтың басты талабы. Бұл бастама жастарға ұлттық киімді жаңа қырынан танытып, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыруға жол ашады, — деді Жайнагүл Әбиева.
Іс-шара барысында музыкалық сүйемелмен ұлттық нақыштағы көрініс көрсетіліп, қазақы киімдердің ерекшелігін ашатын шағын қойылым ұсынылды.
Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда «Салт пен сана» көрмесі ұйымдастырылды.
Көрме барысында келушілер қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жан-жақты танысты. Мұнда көрермен назарына ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар, ою-өрнек өнері, қолөнер туындылары және тарихи жәдігерлер ұсынылды. Оқушылардың бірі жүн сабап, енді бірі ұршық иірсе, тағы бірі асық ойнады.
— «Сыбаға» фестивалі мектеп ұжымының рухани-танымдық бірлігін нығайтып, жас ұрпаққа ұлттық мұраның құндылығын сезіндіретін маңызды мәдени бастама болса, ал «Салт пен сана» көрмесі қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетін кеңінен танытатын мультимедиялық және интерактивті бірегей алаңға айналып отыр, — деді №51 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Венера Қалдина.
Көрме аясында киіз басу, тоқу, зергерлік бұйым жасау, ағаш ою, тері өңдеуден шеберлік сабағы өтті. Ата-аналардың қолдауымен ортаға әкелінген жеті қазынаның бірі — тазы мен қыран бүркіт те көрменің сәні болды.
Сонымен қатар «Тағылым» күні аясында Ақтөбе гуманитарлық жоғары колледжінде «Жыр мұрасы — рухани қазына» атты жыр-дастан орындаушылар кеші, М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінде әкелер мен оқушылардың «Асық ату — мергендік мектебі» атты сайысы, сондай-ақ №30 қазақ орта мектебінде «Жеті қазына мен жеті ата — ұлт тірегі» бейнебаянының таныстырылымы өтті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



