Агросекторды қаржыландыру көлемі артты

Форум аясында «Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың өңірлік стратегиясы: басымдықтар мен перспективалар» тақырыбында панельдік сессия өтті. Іс-шараға мемлекеттік ұйымдар, салалық мамандар мен қаржы ұйымдарының өкілдері, халықаралық сарапшылар қатысып, ауыл шаруашылығы саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жаңа бағыттарын қарастырды.
Сессия барысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе қаласыфилиалының директоры Азамат Тұрсынбекұлы ауыл шаруашылығын қаржыландыру тетіктері, жеңілдетілген несие бағдарламалары және шаруалардың қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде таныстырды. Ол сөзінде өңірлік агросектордың инвестициялық тартымдылығын күшейту үшін несиелік қолдаудың маңызын ерекше атады.
— Агроөнеркәсіп кешені саласындағы кәсіпкерлерге инвестициялық жобалар үшін «Агробизнес» бағдарламасы Ұлттық қор есебінен 6 пайыз мөлшерлемемен 50 миллионнан 15 миллиард теңгеге дейін қаржы беруді көздейді. Несие ұзақ мерзімге, яғни негізгі құралдар үшін 12 жылға дейін, ал қысқа циклді жобаларға 5 жылға дейін ұсынылады. Ал «Агробизнес 2.0» бағдарламасы 12,6 пайыз мөлшерлемемен 1 миллионнан 15 миллиард теңгеге дейін беріліп, 15 жылға дейін қаржыландыру қарастырылған.Көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын жүргізу үшін де жеңілдетілген шарттар бар. «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары арқылы шаруалар 5 пайыз мөлшерлемемен 1 миллионнан 10-15 миллиард теңгеге дейін несие ала алады. Бұл қаржы 18 айға дейінгі мерзімге беріледі.Айналым қаражатын толықтыру немесе техника, құрал-жабдық сатып алу үшін коммерциялық несие алу мүмкіндігі де бар. Мұндай қаржы базалық ставкаға 7,5 пайыз қосылған мөлшерлеме бойынша ұсынылады. Сонымен бірге тамақ өндіретін кәсіпорындар мен мал бордақылайтын алаңдарға арналған 5 пайыз мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несиелер де қарастырылған. Олар 12 айға дейінгі қысқа мерзімге және 3 миллиард теңгеге дейінгі сомада беріледі,— деді филиал басшысы.
«Аграрлық несие корпорациясы» соңғы жылдары облысымызда ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыруды тұрақты түрде ұлғайтып келеді. Несие беру көлемі 2021 жылы 46,1 млрд теңгеден биыл 11 айдағы көрсеткіш бойынша 40 млрд теңгеге жуықтаған.
Сондай-ақ сессияда «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның Сақтандыру және гарантиялау департаменті директорының орынбасары Әділ Мұхановауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды сақтандыру, тәуекелдерді басқару және халықаралық саудада отандық өндірушілерге көрсетілетін қаржылық қолдау құралдары туралы баяндады.
Германиядан келген агроөнеркәсіп саласының халықаралық сарапшысы Йорг Андреас Динкелакер Еуропалық Одақтың ет өнімдері, әсіресе қой етінің сыртқы нарықтарға шығуын қолдау шаралары туралы баяндады. Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары ЕО экспорттық саясатты жүйелі түрде дамытып, өндірушілерге жаңа нарықты игеру мүмкіндігін арттырып отыр. Динкелакер атап өткендей, Single Programmes форматында белгілі бір салаларға, мысалы, қой шаруашылығына арналған арнайы жобалар жүзеге асырылады. Бұл жобалар нарықты талдауға, экспорттық стратегия әзірлеуге және еуропалық қой етін Азия мен Парсы шығанағы елдерінде насихаттауға бағытталған. Бұл орайда Еуроодаққа мүше бірқатар мемлекеттің күшін біріктіретін Multi Programmes бағдарламалары да өз тиімділігін көрсеткен.
Ақтөбелік кәсіпкер, «Құмқұдық» ЖШС директоры Александр Чемоданов мемлекеттік қолдаудың тиімділігімен қатар, оның бизнеске ұзақ мерзімді серпін беретінін атап өтті. Ол өз сөзінде субсидиялар мен жеңілдетілген бағдарламалар өндіріс көлемін арттыруға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардағы инфрақұрылымды жақсартуға ықпал ететінін айтты.
Сессия қорытындысында қатысушылар агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық технологиялармен жаңғырту, қаржылық қолжетімділікті арттыру және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, бидайды терең өңдеу, құс шаруашылығы, сүт және ет өнеркәсібіне инвестиция тарту мүмкіндігін қарастырды.
Сонымен қатар форум аясында «Жасанды интелект және цифрландыру — экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбында да панельдік сессия өз жалғасын тапты.
Арайлым НҰРБАЕВА.



