Жазушы жолы, баспасөз белесі

Жазушы, драматург, журналист Жиенғали Тілепбергеновтің 130 жылдығы мен аудандық «Темір» газетінің 95 жылдығына орай сапарлап келген қонақтарды аудан әкімі Алмас Жақсылықов пен аудандық мәслихат хатшысы Болат Шамиев құрметпен күтіп алды. Осы айтулы қос мерейтойға орай ұйымдастырылған іс-шара Жиенғали Тілепбергеновтің бейітіне зиярат етіп, оның аруағына Құран бағыштаумен басталды.
Ахмет Халфе мешіті
Бұл өңір Қазақ хандығы тұсындағы аумалы-төкпелі заман оқиғаларын айтпағанның өзінде, патшалық Ресей кезеңінде Темір қаласында әскери бекініс орнатылып, уездік аумақтық-басқару орталығы болғандығы белгілі. Қазіргі Темір қаласында сол дәуірден бүгінге жеткен бірнеше тарихи ғимараттар сақталған. Соның бірі — Темір мешіті. Оның ішкі-сыртқы құрылысымен Темір қалалық мектебінің мұғалімі Ақерке Бағдатқызы таныстырды.
1905 жылы Орынбор көпесі Мәжит Батқұлұлының қаржылық көмегімен салынған бұл мешіт те талай зобалаңды бастан өткерген. Қоғам дамуының бағытына, әр кезең ұрпағының танымы мен көзқарасына қарай Ахмет халфе мешітін бірде астық сақтайтын қоймаға, тіпті атқораға айналдырған уақыттар да болды. Еліміз тәуелсіздік алып, коммунистік идеология дәуірі аяқталғаннан кейін мешітті қалпына келтірушілер табылды. Сол кездері осы ауданды басқарған Ахат Мырзалин Шұбарқұдықтағы мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Жеңіс Сейітмағамбетовтің айрықша қамқорлық жасағанын айтты. Қазір жамағатқа қызмет етіп тұрған мешіттің коммуналдық қызмет шығындарын жергілікті билік өз жауапкершілігіне алған.
Мұстафа Шоқай паналаған
Темірде өзен бойында орналасқан тағы бір ескі ғимарат та тарих тылсымын ішке бүгіп жатқандай. А.Бағдатқызының айтуына қарағанда, бұл екі қабатты ғимаратты 1894 жылы орынборлық көпестердің бірі салдырған. Ол кезінде Темір уезінің әкімшілік кеңсесі де болған. Орынбор губерниясынан келетін шен-шекпенділерді жайлайтын орын болғанға да ұқсайды. Қазан төңкерісінен кейін коммунистердің қолына көшкен. Содан бері қарай бірқатар атқарушы органдардың баспанасына айналды. Күні кешеге дейін қала әкімдігі қоныс қылған. Ғимарат қазір бос қалған соң едәуір тозып барады. Алдағы уақытта оны тарихи жәдігерлердің бірі ретінде қамқорлыққа алу ойда бар.
Бір қызығы, 1918 жылғы көктем айларының бірінде, жаңа үкіметтің қудалауына ұшыраған Мұстафа Шоқай әйелі Мәриямен бірге осы жерді үш күн паналағаны туралы мәлімет те бар. Бұл туралы Мәрия Шоқай өзінің «Менің Мұстафам» атты естелік кітабында осы ғимараттың арқа жағындағы екінші қабаттың терезесінен тысқа қарағанда үлкен өзен ағып жатқанын баяндайды.
Екі рухани орталық
Аудан орталығына кіре берер тұста қазіргі заманға сай екі әсем ғимарат орналасқан. Соның бірі — жаңа технологиямен жабдықталған мұражай. Онда ежелгі дәуірден бастап күні бүгінге дейін жинақталған 4 мыңнан астам жәдігерлік бұйым бар. Мұндағы қызметкерлер қазірдің өзінде жасанды интеллект игіліктерін ішінара енгізіп үлгеріпті. Ерекше елең еткізгені — осы аймақтың Тасқопа аумағынан табылған аса құнды жәдігер. Ол — Қазақстандағы археологиялық жұмыстың нәтижесінде тіркелген 8-ші Алтын адам!
Цифрландырылған бұл мұражайда өлке тарихын жазба және заттай айғақтайтын жәдігерлік бұйымдар мол. Осы сапарда Жиенғали Тілепбергеновтің ұрпақтары Гүлназ Еламанова, Әлия Абдулла атасынан қалған құнды құжаттарды мұражай жәдігерлерінің қорына қосты.
Аудандық кітапхана директоры Маржан Сағынқызы Шұбарқұдықтың рухани орталығына айналған орында 62 мың кітап қоры бар екендігін тілге тиек етті. Кітапхананың балаларға арналған бөлімінде жас оқырмандарды өзіне тарта түсетін бірқатар жағымды істер атқарылған. Мұндағы кітап сөрелерінде бұрыннан келе жатқан балалар әдебиеті орналасқан болса, жаймаларды қазіргі заманға сай безендірілген кітаптар жайлап алыпты. Әсіресе әсем көркемделген «сөйлейтін» кітаптарға ересек, біздер де қызығып кеттік.
Есімізде, сонау 90-жылдары оңтайландыру деген желеумен барлық елді мекендегі ірілі-ұсақты кітапханаларды жаппай жауып, ондағы кітап қоры талан-таражға түсіп кеткені бар. Олардың арасында сирек кездесетін кітаптар да болған еді. Ал Темір ауданының кітап жанашырлары аудандағы барлық кітапханадағы кітап қорын қатаң бақылауға алып, сақтап қалған.
Қазақстан Журналистика академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше кітапханаға өзінің әр жылдары жарық көрген еңбектерін тапсырды.

Досжан Ишан кешені
Темір ауданының тарихында 1815-1896 жылдары өмір сүрген, мешіт салып, бала оқытқан, халықты имандылыққа шақырып, отырықшылыққа үйреткен Досжан хазіреттің алатын орны ерекше. Ол — Ресей империясының отарлық жүйесіне, күшпен шоқындыру саясатына қарсы күрескен діни қайраткер. Құнанбай сұлтанмен бірге қажылық сапарға барып, Меккеде қазақ қажыларына арнап тақияжай үй тұрғызуға қаржылай көмек көрсеткен деген де деректер бар ел аузында. Тақуалығына қарай Досжан ишан атағына ие болған деседі.
Шұбарқұдықтың оңтүстік-батысына қарай қозыкөш жерде «Досжан ишан кешені» бар. Осында өзі және туыстары жерленген. Осындағы Досжан ишан мешітіне қазір ХІХ ғасырдың сәулет өнері ретінде археологиялық қазба және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл кешен алдағы уақытта туристер аялдайтын қасиетті орынға айналары сөзсіз.

«Темір үні: тұлға және тағылым»
Аудандық Мәдениет үйінде Жиенғали Тілепбергеновтің 130 жылдығына және «Темір» газетінің 95 жылдығына орай «Темір үні: Тұлға және тағылым» деген тақырыпта тарихи-танымдық конференция өтті. Конференция жұмысы аталған қос мерейтойға арналған деректі фильммен ашылды. Конференцияны аудандық мәслихат хатшысы Болат Шаймов жүргізіп отырды.
Бірінші сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ә.Байшенов конференцияға қатысушыларды құттықтап, облыс басшысы А.Шахаровтың құттықтау хатын аудан әкімі А.Жақсылықовқа тапсырды.
Қазақстан Журналистика академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше «Ж.Тілепбергеновтің тарихи тұлғасы мен мұрасы — заман зердесінде» деген тақырыпта сүбелі баяндама жасады.
— Жерлесіміз Жиенғали Тілепбергеновтің өмірі мен қызметі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бірнеше монография жарыққа шықты. 1933 жылы ол қайтқан соң көп ұзамай Қазақстан Жазушылар одағында ақын-жазушылардың кезекті отырысы өтеді. Сонда жерлесіміздің есімі ерекше аталады. Келесі күні «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде Ж.Тілепбергеновтің өмір тарихы туралы алғашқы көлемді мақала жарық көрді. Бұл мақала кейін еш жерде қайтадан жарияланбаған. Зерттеушілердің қай-қайсысы да оны атамайды, көздеріне түспеген болуы керек. Қазір сол мақаланың мәтіні менің қолымда бар.
Ж.Тілепбергенов Құдайберген Жұбановпен дос әрі бірге шығармашылық одақта болып, мақала да жазған. Қ.Жұбановтың көмегімен «Кедей» газетін шығарғаны туралы жазылып жүр. Академик Ахмет Жұбанов та «Мен алғаш рет «Садақ» журналын Жиенғали Тілепбергеновтен алып оқып едім» деп, оны үлкен ұстаз тұтқан.
С.Байменше Ж.Тілепбергеновтің драматургиясына да тоқталды.
— Ол 1928 жылы «Сүйіскендер» деп аталатын пьеса жазған. Бұл шығарманы аты аңызға айналған Серке Қожамқұлов Қазақ мемлекеттік драма театрында сахналаған. Осы пьесаның сюжетіне Құдайберген Жұбанов пен Раушан апайдың арасындағы махабат сезімдері негізгі желі етіп алынған.
Менің ойымша, жиенғалитану мектебінің аясын кеңейтіп, осы бағытта ғылыми орталық ашу қажет деп санаймын.
Бейімбеттанушы С.Байменше бір ғасырға жуық тарихы бар «Темір» газетін «облыс аудандық газеттерінің «атасы» деп атады.
Бұдан соң филология ғылымдарының кандидаты Ғайша Ниязова «Сатира жанрының семсері» деген тақырыпта баяндама жасады.
— Жиенғали Тілепбергеновтің шығармашылығы туралы сөз қозғалса, оның сатира жанрындағы еңбегіне соқпай өте алмаймыз. Қазақ баспасөзі мен әдебиеті тарихын терең зерттеген Қайыржан Бекқожин, Бейсенбай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев Ж.Тілепбергенов шығармаларына арнайы тоқталып өтеді. Қазақ сатирасы туралы бірегей ғылыми еңбектердің авторы Темірбек Қожакеев Жиенғалидың сатирасын көркемдік шеберлігі мен мазмұны жағынан Бейімбетпен салыстырады. Театртанушы, өнертану ғылымына сүбелі үлес қосқан Бағыбек Құндақбаев біздің жерлесіміздің драматургиялық шығармаларына жоғары баға берген.
Мен өзімнің кандидаттық диссертациямды Т.Кәкішевтің жетекшілігімен Ж.Тілепбергеновтің шығармашылығынан қорғадым. Осы орайда зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде көптеген тың дерекке кездесіп, жинастырдым. Бірде жерлесіміз Табыл Құлияс сол жиып-тергендерімді сұрап алып, соның негізінде «Аңыздың ізімен» роман-эссе жазып шықты.
Ж.Тілепбергеновтің шығармашылығының негізі сатирадан тұрады. Оның заманы аумалы-төкпелі кезеңдерге тап болып отырса да, ол өзі өмір сүрген қоғамның теріс жақтарын сын семсеріне алды. Оның фельетондары мен сын-сықақтарынан сол кезеңнің суреттерін жазбай тануға болады. «Оңай олжа», «Қызыл танау», «Қымбат арзанға қарамады», «Бес күйеу» деген сияқты сатиралық шығармаларындағы сарказм ызалы күлкі туғызады, — деді ғалым.
Конференцияда «Үш таған» қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаев аудандық басылымның мерейтойына байланысты сөз сөйлеп, темірлік әріптестерге Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасын, оның облыстық филиалының құттықтау хатын тапсырды.
Аудандық «Темір» газетінің 95 жылдығына орай Бердіхан Меңдіханұлы газет тарихы туралы қысқаша сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді.
Ғ.БҰРХАНОВ.



