Өлкемнің символы

Баспасөз
Жуырда жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық конкурсының облыстық кезеңі өтті. Оған 9-10-сынып оқушылары қатысты.
Мен осы конкурсқа Рысхан Сайлаубайқызының жетекшілігімен қатысып, жүлделі 3-орынды иелендім. Өз жұмысыма облысымыздың рухани тірегі, өлкеміздің символы ретінде «Ақтөбе» газетін таңдаған едім.
Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі тегін айтылмаған. Ғасырлық ғұмыры бар «Ақтөбе» газетінің шежіресі облысымыздың, өлкеміздің тарихымен біте қайнасқан. Оның ізашары — «Кедей» газеті. «Кедей»1924 жылы 7 маусымнан бастап жарыққа шыққан. Төте жазумен шыққан бұл басылым сол заманғы еңбекші халықтың сауатын ашуды және мүддесін қорғауды мақсат етті. «Кедейден» бастау алып, сан түрлі кезеңдерді басынан өткерген газеттің бүгінде «Ақтөбе» атауымен шығуыұлттық руханияттың сабақтастығын көрсетеді. Өз зерттеуімде «Ақтөбе» газетінің редакциясына барып, газеттің бас редакторы Сәтжан Құлшарұлынан сұхбат алдым. Сұхбат барысында журналистердің күнделікті қарбаласқа толы жұмысы, әр сөзге деген жауапкершілігі мен ұқыптылығы мені таңғалдырды. Олар ақпараттың жылдамдығы мен дәлдігін қатар ұстап, қоғамдық пікірді қалыптастыруға үлкен еңбек сіңіріпжүр. Қазіргі интернет заманында газет — сенімділік пен сапаның кепілі. Газет — ескірмейтін құндылық, ал газет оқу — тіл мәдениетін көтеріп, саналы азамат болып қалыптасуға ықпал ететін ізгі әдет. Мен үшін «Ақтөбе» газеті— туғанөлкемнің символы. Өңір баспасөзінің қара шаңырағының оты ешқашан сөнбесін, өткір де өзекті мақалаларымен оқырманын қуанта берсін!
Шынар ТЫНЫШТЫҚ, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың 9-сынып оқушысы.



