Біздің оқушылардың жеңісі

Мектеп
№30 қазақ орта мектебінің оқушылары қалалық ғылыми жоба байқауында үздіктер қатарынан көрінді. Оған 8-сынып оқушылары қатысты.
Бүгінде когнитивті ойлау қабілетін дамыту жүйесі — білім беру саласында кең ауқымға ие бағыттардың бірі. Себебі жаңашыл дәуірде тек есте сақтау емес, ойыңды қорыта білу, талдау және логикалық шешім қабылдау қабілеті маңызды рөл атқарады.
Осы мақсатта биылғы оқу жылында «Математикалық тапсырмалар арқылы когнитивті ойлауды жетілдіру» және «Басқатырғыштар мен логикалық есептердегі математикалық заңдылықтарды зерттеу» атты жобаларымыз қолға алынған-ды. Оған аталған мектептің 8 «А» сынып оқушылары Мадияр Ақбалин, Құралай Үсен, Ерасыл Жақсығалиев, Әмина Сағиданова қатысып, ғылыми жобаларын сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде Ерасыл Жақсығалиев пен Әмина Сағиданова 2-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал белсенділік танытқаны үшін Мадияр Ақбалин мен Құралай Үсен Алғыс хатпен марапатталды. Оқушыларымыз байқау барысында түрлі басқатырғыштар мен логикалық есептердің шешу жолын тауып, шеберлігін дәлелдей білді. Осы оқушылардың сынып жетекшісі ретінде олардан зор үміт күтемін.
Зульфия ТІЛЕШЕВА,
№30 қазақ орта мектебі математика пәнінің мұғалімі.



