Жайлы қаланың жастары

Ақтөбеде «Жаңа идея —жайлы қала» атты эскиздік жобалар байқауы жарияланды. Бұл бастаманы қала әкімі Азамат Бекет ұсынды. Байқауға архитектура, ландшафт дизайны, урбанистика, құрылыс және инженерия саласында білім алып жатқан жоғары оқу орындарының студенттері қатыса алады.
Қала басшысы студент жастармен арнайы кездесіп, олардың қаланы абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында жастар өз ойын ортаға салып, қала келбетін жақсартуға қатысты пікір алмасты. Азамат Бекет жастардың тың идеялары мен заманауи көзқарасы қаланың болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
— Қалада қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде қолға алдық. Биылдың өзінде 15-тен астам жаңа демалыс аумағы пайда болды. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады — деді қала әкімі Азамат Бекет.
Оның айтуынша, қаланың келбетін жақсарту ісіне жастардың белсенді араласуы аса маңызды.
— Сіздердің тың идеяларыңыз бен заманауи көзқарастарыңыз біз үшін құнды. Сол себепті «Жаңа идея — жайлы қала» атты эскиздік жобалар байқауын жариялап отырмыз. Байқаудың басты мақсаты — жастарды қаланың дамуына атсалысуға тарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруда жаңа шешімдер ұсынуға мүмкіндік беру әрі студенттердің кәсіби тәжірибе жинақтауына жағдай жасау. Сіздер ұсынатын жобалар қаланың көркін арттырып, тың серпін береді деп сенемін, — деді әкім.

Сондай-ақ Азамат Бекет студенттердің жобасын мұқият қарап, тыңдап шықты. Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ландшафтық жобалау мамандығының 4-курс студенті Райгүл Ғазизова жаңбыр суын өсімдікке пайдалану жобасын таныстырды.
— Менің жобам бойынша «Нұр Ғасыр» мешітіне қарама-қарсы алаңды көгалдандыру кезінде жаңбыр суын тиімді пайдалануға болады. Себебі ол жер ойпаңдау, сондықтан жол жиегіне жиі су жиналады. Сол суды босқа ысырап етпей, арнайы тамшыға ұқсас резервуарларда жинауды ұсынамын. Бұл жиналған су сол маңдағы өсімдіктерді суаруға жұмсалады. Сонымен қатар жобаға сәйкес аумаққа жалпақ жапырақты ағаштар егіледі. Мұндай ағаштар артық ылғалды бойына сіңіріп, табиғи сүзгі рөлін атқара алады. Қазір Ақтөбеде жаңбыр суы кәдеге аспай, құр далаға кетіп жатыр. Ал менің жобамда табиғат өзін-өзі суарады, — дейді жоба авторы.
Ал аталған оқу орнының ландшафтық жобалау мамандығының 4-курс студенті Назым Зинедина мен Санжар Мәжитов Алтын Орда шағын ауданындағы «Ақтөбе Арена» стадионыныңаумағын көгалдандыру бойынша жоба ұсынды. Екі жастың ұсынған жобасының бір ерекшелігі — бұл жерде инклюзивті демалыс алаңы болады.
— Жоба бойынша стадион аумағында үлкен демалыс алаңы қарастырылған. Оның ішінде әртүрлі бағыттағы демалыс аймақтары болады. Мысалы, инклюзивті бақта бетон жолақтар қарастырылған, бұл арбада отыратын балалар мен ересектердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Олар лабиринт ішінде еркін жүріп, табиғат аясында серуендей алады. Яғни бұл — мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы орта жасауға бағытталған жоба, — дейді Назым.
Қала әкімі жастарға сәттілік тіледі. Жиынға құрылыс компанияларының басшылары, кәсіби архитекторлар мен жобалаушы мамандар да қатысып, студенттерге бағыт-бағдар берді. Енді үздік жобалар сарапталып, қала кеңістігін жақсартуға пайдаланылмақ.
Жалпы байқау екі бағыт бойынша өтеді. Бірінші бағыт — қала әкімдігі ұсынған бос жатқан аумақтарды қоғамдық кеңістік ретінде (сквер, аллея, саябақ, рекреациялық аймақ) абаттандыруға арналған эскиздік жоба әзірлеу. Бұл үшін қатысушыларға бос жер телімдерін әкімдік ұсынады. Бұл бағыт бойынша бірінші орын алғандарға 1 миллион теңге беріледі. Ал екінші орын — 500 мың, үшінші орын — 300 мың теңге.
Ал екінші бағыт бойынша қатысушылар қала ішіндегі абаттандыруды қажет ететін қоғамдық кеңістікке (аллеялар, шағын скверлер, көшелер мен ғимараттар жанындағы бұрыштар) жаңарту, жақсарту, толықтыру жұмыстарын жүргізуге арналған эскиздік жоба әзірлейді. Бұл ретте қатысушы қоғамдық кеңістікті өзі таңдайды. Бұл бағыт бойынша бірінші орын алған адам 500 мың теңгеге ие болады. Ал екінші орын — 300 мың, үшінші орын — 200 мың теңге.
Байқауға қатысатын студент жастар өз жұмысын 15 желтоқсанға дейін ұсынуы керек. Жыл соңында байқау қорытындыланып, үздік деп танылған жобалар келесі жылы іске асырылатын болады. Байқау шарттары мен жоба тапсыру талаптары студенттерге оқу орындары арқылы жеткізіледі.
Сонымен қатар қала әкімі мен сала мамандарының қатысуымен «Бос аумақтан — дайын жобаға дейін» тақырыбында ашық пікірталас өтті. Онда Ақтөбенің даму бағыттары, қаланы абаттандыру мәселелері және жастардың сәулеттік жобалардағы рөлі туралы сұрақ-жауап форматында еркін диалог ұйымдастырылды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



