«Ақтөбе» Еуропаға бара ма?

Премьер-Лига
Міне, футбол маусымының аяғында осы сұрақ алдымызда кесе-көлденең тұр.
Барады деп сеніммен айта алмаймыз.
Бармайды деп кесіп айтқымыз келгенімен, ішкі үмітімізді және сөндіре алмаймыз.
Баратын-ақ реті бар еді. Әттең…
* * *
Сенбі күні, 4 қыркүйекте Қызылорда қаласында жаңадан пайдалануға берілген «Қайсар Арена» стадионында Қазақстан кубогының финалдық ойыны өтті. Алаңда екі клуб — шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» командалары кездесті.
Соңғы екі ойында да жеңіске жеткен «Тобыл» басымдық көрсетті. Шымкенттіктерді 2:0 есебімен ұтып, үшінші рет Кубок иесі атанды. Ал соңғы екі ойында да ұтылған «Ордабасы» бұл жолы да жеңілуге мәжбүр болды.
Бұл осымен тұра тұрсын.
Ал бұның «Ақтөбеге» не қатысы бар дерсіз.
Тікелей қатысы бар.
«Тобыл» Еуропа кубоктарының ойындарына биылғы жүлдегерлердің бірі ретінде де қатысуға құқылы болатындықтан ішкі чемпионат қорытындысы бойынша төртінші орынға шыққан командаға да Еуропа кубоктарында ойнауға мүмкіндік берілуі мүмкін. Ол үшін «Ақтөбе» қазіргі тұрған төртінші орнынан айырылмауы керек. Себебі осы төртінші орындағы «Ақтөбе» мен семейлік «Елмайдың» жинаған ұпайлары бірдей.
Енді бұлардың болашақ жеңісі мен жеңілісі туралы болжам жасап көрелік. Өйткені маусымның аяқталуына екі-ақ тур қалды.
«Елімай» сырт алаңда «Тұранмен» ойнаса, өз алаңында «Атырауды» қабылдайды. Соңғы бес кездесуде «Ақтөбе», «Қайрат», «Қызылжар», «Ордабасы» командаларын ұтып, «Астанамен» тең ойнаған семейліктердің мына екі командадан жеңілетін реті жоқ та секілді.
Әйткенмен турнир кестесінің ең соңғы орындарында (13,14-ші орындарда) тұрған «Атырау» мен «Тұран» биыл Премьер-Лигадағы орнынан айырылып қалмауы үшін бар күшін жұмсайтыны белгілі. Мұндайда олар «Елімай» түгіл, алғашқы үштіктегі командалардан да ұпай жырып қалуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн.
Ал «Ақтөбенің» жайы бұдан гөрі күрделілеу. Бұлар сырт алаңда «Астанамен» ойнап, өз алаңымызда «Ордабасы» командасын қабылдайды. 24-турдан соң астаналықтар «Қайраттан» екі ұпай аз жинап отыр. Демек, чемпион атану үшін «Астанаға» тек жеңіс қана керек. Ал бас бапкерімен қоштасуы мүмкін «Ордабасы» ең соңғы кездесуде футболды жақсы көңіл күймен аяқтау үшін ақтөбеліктерді ұтуды ғана мақсат тұтатыны белгілі.
Төртінші орынның жайы осылай болғанда, алғашқы үштіктің де жағдайы толық түсінікті дей алмаймыз. Құйрық тістесіп келе жатқан «Қайрат» пен «Астананың» қатарына «Тобыл» да қосыла салуы мүмкін. Дегенмен қостанайлықтардың екі ойынды да сырт алаңда өткізетінін ескермеске болмайды: «Жетісу» да, «Ұлытау» да ұпайды оңай ұстата салмайтыны анық. Ал бірінші орынның тағдыры 26 қазан күні өтетін «Қайрат» пен «Астана» кездесуінде шешілуі мүмкін деп ойлаймыз.
Қазір турнир кестесіндегі жағдай мынадай болып тұр. 24-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайына қарай төмендегіше орналасты:
- «Қайрат» — 55;
- «Астана» — 53;
- «Тобыл» — 50;
- «Ақтөбе» — 42;
- «Елімай» — 42;
- «Жеңіс» — 34;
- «Оқжетпес» — 32;
- «Ордабасы» — 31;
- «Қызылжар» — 24;
- «Жетісу» — 21;
- «Ұлытау» — 21;
- «Қайсар» — 20;
- «Атырау» — 18;
- «Тұран» — 16.
* * *
25-тур ойындары 17, 18, 19 қазан күндері өтеді:
17 қазан, жұма
«Қызылжар» — «Қайрат»
18 қазан, сенбі
«Атырау» — «Жеңіс»
«Тұран» — «Елімай»
19 қазан, жексенбі
«Жетісу» — «Тобыл»
«АСТАНА» — «АҚТӨБЕ»
«Ордабасы» — «Оқжетпес»
* * *
Жерлестеріміз 24 кездесу өткізіп, 13 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 8 рет ұтылды. Ұпай саны — 42. Доп айырмашылығы — 34-22.
Ертай АШЫҚБАЕВ.



