Білім

Балдырған

Мереке

…Арнаймын сөзімді!

Ананың тілі, ананың махаббаты тіл жетпес жатқан бір тұңғиық теңіз емес пе?! Па, шіркін, ананың айналып-толғанғаны кімнің есінен кетеді!

Шырылдап жерге түскеннен-ақ сенің ең жақын, ең қамқор досың, ең жанашыр ұстазың бар. Ол — Ана.

Қара жерді баспай жатып, тырмысып жабысатының, шырылдап жылап іздейтінің — Анаң.

Сен жан болып дүниеге келдің. Сол сәттен бастап сенің іздейтінің — бір ғана адам. Ол — Анаң.

Ол саған бәрінен қымбат. Сен үшін ол жалпақ дүниеден де ең үлкен. Сондықтан сен бір-ақ жанды білесің. Ол — Ана.

Міне, анаға деген махаббат құрсақта жатқан кезіңнен-ақ басталады. Ананың жөні бөлек. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе толқымайтын жүрек, тасымайтын қан болуы мүмкін емес.

Мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қара көз баланың анасы — сенің жүрегің нәзік, сенің махаббатың балаға тіл жеткісіз биік.

 

Әлима ТОҚТАР,

№21 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Ана. Неткен тылсым сөз. Осы үш әріптен құралған сөз әр адамға шуақ шашып, күн сәулесін төгіп тұрғандай.

Көптеген ақын-жазушылар ананы періштеге теңеген, ана туралы өлеңдер жазған. Шынымен де ана періште тәрізді. Жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасыратын да — ана.

Ал біз аналарға не бере аламыз? Ана алдындағы борышымызды қалай өтей аламыз? Сабағымызды жақсы оқып, тәртіпті болып, анамыздың атына кір келтірмегеннің өзінде де ана алдындағы борышымызды өтеуге бұл жеткіліксіз. Анамызды Меккеге үш рет арқалап апарғанның өзінде де ана алдындағы қарызымыз өтелмейді екен. Ана көңіліне кірбің түсірмей, анамызды сыйлау — біздің басты міндетіміз. Әлемнің жарығын сыйлаған анамызға қандай жақсылық жасасақ та аздық етеді.

Ана — ерекше мейірімді, жүрегі махаббат пен ізгілікке толы жан. Сол мейірімділік, жанашырлық мінезімен күллі жер бетіне қуаныш, бақыт сыйлайды.

Ардақты аналарымызды құрметтейік, ана — сарқылмайтын күш. Ана деген —дүниедегі ең асыл адам!

 

Альмира ТҮСТІКБАЙ,

Әйке орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Ана — өмірімнің бастауы. Ананы сүйіп, елімді сүюді үйрендім. Ана сүті арқасында тілім бойыма дарып, ұлтымды қастерлей білдім. Ананың аялы алақанынан жылуды, жақсылықты, мейірімділікті алдым.

Ана — мен өмір бойы борыштар болып өтетін жан. Санама сана, ақылыма ақыл қосқан жан. Анаға айтылған ән де, сөз де, өлең де көп. Бірақ қазіргі кезеңде анаға деген сый-құрмет, қадір-қасиет жойылып бара жатыр. Бұл — қазіргі кездегі қоршаған орта, тәлім-тәрбиенің дұрыс еместігінен.

«Анаңды Меккеге үш рет  арқалап апарсаң да, парызың өтелмейді» деген сөз тектен-текке айтылмаған. Сол себепті анамызды өміріміздің соңына дейін қастерлеп, сыйлап, ана атына кір келтірмейік.

 

Тоғжан КЕНІШБАЙ,

№21 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Талап

Мақсатым — әскери мамандық

 

Біз, бүгінгі балалар — әлемдегі ең бақытты балалардың сапындамыз. Себебі, тәуелсіз елдің баласымыз. Еліміз бейбіт, халқымыз әлемге танымал ұлтпыз.

Бұл мақтанышымыз бізге тегін келмегенін де білеміз. Бүгінгі өміріміздің арғы негізі қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатқанын біз мектептегі білім мен тарихымыздан танып келеміз.

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет» деген сөзі бар. Бұл сөздің астарында бізге жүктелетін үлкен отаншылдық міндеті тұр.

Отаншылдық, патриоттық тек соғыста ғана танылмайды. Отанды қорғаушылар тек қана білектің күшіне сенушілер ғана болмай, ақылы мен қайраты, күш-жігері мен зердесі мықты болуы — ел қорғаушы ерлерге ежелден қойылып келе жатқан талап. Сондықтан болар, Наурызбай, Бөгенбей, Райымбек сияқты хас батырлар  шешен де, би де, парасаты биік адамдар да болып ел ішінде үлкен абыройға ие болған.

Міне, біз — осындай ерлері болған елдің ертеңіміз. Олай болса, бүгінгі тәуелсіздігімізді нық ұстап тұру үшін біз сапалы білім мен саналы тәрбие алып , ел қорғаны болуға ұмтылып өсуіміз керек.

Иә, біз бұны жақсы түсінеміз. Себебі ел тыныш, бейбіт болса ғана бәрі болады. Сол себептен біз — ертеңгі ел қорғаны болар, бүгінгі жас ұлан ұл-қыздармыз.

Мен бұрын ел қорғау ісі тек ер балаларға қатысты дейтінмін. Бүгінгі күн теледидардан, газет-журналдардан Қазақстан Қарулы күштері қатарындағы қыздарды көргенде, ел қорғаны — әскери адам бола алатыныма қуанып жүрмін. Қуанышымды жаттығулар мен ізденіске бейімдеп келемін. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ішінде мен Әуе-қорғаныс күштері туралы оқып ізденудемін.

Мен әр уақытта аспан әлеміне  қызығушылықпен қарайтынмын. Осы қызығушылығым әскери адам болу арманына ұласты. «Арман мақсатқа, мақсат бақытқа жеткізер» дегендей, мен де арманымның мақсаттарына ұмтылудамын. Ертең өз мақсатыма жетіп, бақытты жан болатыныма сенімім бар. Сол кезде мен өз елімнің нағыз патриоты боламын. Сосын да мен бүгінгі ұлан ертеңгі ел қорғаны деп айта аламын. Себебі мен секілді әскери адам болуды армандайтындар өте көп.

 

Айгүл НАҒАШЫБАЕВА,

№31 орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Анашым менің, анашым…

 

Қате ісімді кешірген,

Мәпелеген баласын,

Балқаймақ беріп өсірген,

Анашым менің, анашым!

Нұртуған ТОҚТАРБАЕВ,

№4 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Анамыздың әлдиі

Ойымыздан кетпейді.

Жылу берген жан-күйі

Бойымыздан кетпейді.

Қымбатты жан анаға

Ешбір байлық жетпейді.

 

Аружан ЖЕТКІЗГЕНОВА,

№35 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Ұстаздың жайын ұғамын,

Нәр аламын үнінен.

Меніңше, барлық мұғалім

Жазады оқып түнімен.

 

Көрсетіп талай қылығын,

Шаршатса дағы балалар,

Береді бізге білімін

Жаны ізгі ұстаз аналар.

 

Райымбек МҮЗӘМЕЛҰЛЫ,

Сапақкөл орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Ойыл ауданы.

 

Анам маған қымбатты,

Әжелерім сымбатты.

Мені баққан анамның

Даусы қандай тәп-тәтті.

 

Анам маған жақын жан,

Әжем менің ақын жан.

Аналар мен әжелер

Олар өте рақымды жан.

 

Ана сүтін ақтаңдар,

Мұны есте сақтаңдар.

Кім ақтаса ақ сүтті,

Оны мәңгілік мақтаңдар.

 

Ермахан БАЙДЫРАХМАН,

№3 орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button