Басты жаңалықтар

Ақтөбе — Әзербайжан елі: ынтымақтастық бастауы

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған делегация өткен аптада Әзербайжан Республикасында болып қайтты.

Сапар мақсаты — аймақтар арасындағы іскерлік ынтымақтастықты нығайту, өзара сауда айналымын жақсарту, байланыстарды дамыту. Облыс әкімімен бірге бірқатар мемлекеттік мекемелер басшылары, белгілі кәсіпкерлер болды.

Ақтөбелік делегация Әзербайжан Республикасының бірқатар жауапты мемлекеттік қайраткерлерімен кездесулер өткізді. Бірлескен түрде бизнес-форум ұйымдастырылды.

Сапар барысында бірнеше меморандумдарға қол қойылды, келіссөздер жасалды.

2011 жыл қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 40 миллион АҚШ долларынан асып отырған екі өңір арасындағы байланыс алдағы уақытта да кеңінен дами түспекші. Соның бір дәлелі — наурыз айында әзербайжандық делегацияның Ақтөбеге келуі болмақшы.

Гейдар Әлиев атындағы Баку халықаралық әуежайында ақтөбеліктерді Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Серік Пірімбетов және Әзербайжанның Ақтаудағы бас консулы Рашад Мамедов қарсы алды. Архимед Мұхамбетов және делегация мүшелері олармен бірге Әзербайжанның Жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің ескерткішіне тағзым етіп, оның қабірі басына гүл шоқтарын қойды.

Содан кейін Архимед Мұхамбетов Серік Пірімбетовпен бірге Бакуде Әзербайжан Республикасының жауапты мемлекеттік қайраткерлерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Баку қаласы атқарушы билігінің басшысы Гаджибала Абуталыбовпен жүздесу барысында ол ақтөбеліктерге өздеріндегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндап берді.

Ал Ақтөбе облысының әкімі Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған көреген саясаты нәтижесінде біздің елімізде экономикалық оң өзгерістерге жол ашылып отырғанын айтты.

— Соның нақты мысалы — ірі қалаларда ғана емес, сондай-ақ аймақтарда да тұрып жатқан азаматтардың әл-ауқатының арта түсуі,— деп атап көрсетті Архимед Бегежанұлы.

Архимед Мұхамбетов өзі басқарып отырған облыстағы негізгі экономикалық көрсеткіштермен таныстыра келе, әр түрлі салалар бойынша ынтымақтастыққа даяр екендіктерін алға тартты.

Гаджибала Абуталыбов өз кезегінде Әзербайжан астанасының жетістіктері, оның даму деңгейі туралы айтты.

Баку басшысы нақты жобалар бойынша ынтымақтастық идеясын қолдайтындығын білдіріп, Қазақстан Республикасы аймақтарымен өзара тиімді қатынастарды тереңдетуге қызығушылығын танытты.

Сол күні облыс әкімі «Hayatt Regency» отеліндегі «Баку» залында әзербайжан-қазақстандық бизнес-форумның ашылуына қатысты. Өзара ашық әңгімеде Әзербайжан Экономикалық даму министрі Ниязи Сафаров, Әзербайжан инвестицияны және экспортты ынталандыру қорының басшысы Әділ Мәмедов, Әзербайжан инвестициялық компаниясының жетекшісі Афган Исаев, сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері, сондай-ақ екі елдің бизнес-қауымдастықтары өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

— Мемлекет басшыларының, үкіметтік делегациялардың сапарлары, бизнес-қауымдастықтардың ынтымақтастығының белсенділігі Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарының дамуы үшін қолайлы жағдайлар тудырады. Бизнес-форумды өткізу жақсы дәстүрге айналды, мұндай шаралар атқарылған істерге талдау жасап, алдағыны айқындауға мүмкіндік береді, — деп атап көрсетті Ниязи Сафаров бизнес-форумның ашылуында, — Бұл форумның басты ерекшелігі — Қазақстанның ірі облыстарының бірінің Бакуде өз экономикалық әлеуеттерін таныстыруында. Ақтөбе облысы жоғары инвестициялық мүмкіндікке ие болып отыр. Өз кезегімізде біз де Қазақстан аумағында әзербайжандық бизнес-қауымдастықтың жұмыстарын дамытуға ынталы екенімізді айтқым келеді.

Архимед Мұхамбетовтің айтуына бойынша, форумның бір мақсаты — әзербайжандық инвестицияны Ақтөбе облысының экономикасына тарту.

— Біздің облысымыз әлемнің 106 елімен сауда-экономикалық қатынастарын өрістетіп отыр. Бізде кен өндіру өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені жақсы дамыған, көмірсутегі қорлары жеткілікті,— деп атап көрсетті Архимед Бегежанұлы,— қазірдің өзінде әзербайжандық кәсіпкерлер бізде дәнді дақылдар өсірумен шұғылдануда. Біз көкөніс өнімдерінің Әзербайжаннан молынан жеткізілуін қалар едік, ал Ақтөбеден республиканың өзге облыстарына таратуға мүмкіндік бар.

Облыс басшысы сонымен бірге, бүгінгі күні Ақтөбе облысы мен Әзербайжан елі арасындағы сауда айналымы 40 миллион АҚШ долларын құрап отырғандығын атап көрсетті. Бұл — Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші көрсеткіш.

Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова бизнес-форумда 20 ірі ақтөбелік жобаны таныстырды.

Жиын қорытындысында Әзербайжан сауда-өнеркәсіп палатасының бірінші тете-президенті Нияз Ализаде мен Ақтөбе облысы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Абай Мырхин өзара ұғыныстық тұрғысындағы меморандумға қол қойды.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Ғани Тасмағанбетов, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқармасы төрағасы Балғали Ордабаев, Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытының бас директоры Ян Тампаев, облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Марат Балмұханов, «Ақтөбе» халықаралық әуежайы» АҚ директоры Бөгежан Аманбаев, Gold Steps» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры Нұржан Бекмұратов, «Ақпан» ЖШС директоры Азамат Душекенов, «КТП» ЖШС бас директоры Всеволод Щегельский, «ҚазСтройСтекло» ЖШС бас директоры  Мұратхан Тоқмади кездесуге қатысушылармен бірге жаңа бірлескен өндірістер құру, инвестициялар тарту мәселелерін талқылады. Ал «Ас Ан», «КазФрукт» және «Көкөніс» ЖШС директорлары Әнуарбек Мұқашев, Қайрат Пірмолдаев және Сауранбек Рахиев өз әріптестерімен көкөніс өнімдерін импорттау реттерін талқылады.

Бұл уақытта облыс басшысы ӘР Министрлер үйінде іскерлік кездесулерге қатысты.

Архимед Мұхамбетов ӘР Экономикалық даму министрі Шахин Мұстафаевпен, Ауыл шаруашылығы министрі Исмет Аббасовпен, Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Адалят Велиевпен және Әзербайжан-Қазақстан үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының тең төрағасы, ӘР Өнеркәсіп және энергетика министрі Натиг Әлиевпен кең ауқымда кездесті.

Әзербайжан Үкіметінің мүшелерімен маңызды мәселелерді талқылай отырып, Ақтөбе облысының әкімі екі жақты ынтымақтастықты дамыта түсу мүдделілігіне жиналғандар назарын аударды.

— Біз Әзербайжанмен тауар айналымы көлемінің өсуіне, экспорт және импорт номенклатурасының кеңеюіне мүдделіміз,— деп атап көрсетті Архимед Мұхамбетов.

Оның бастамасын ӘР Экономикалық даму министрі қолдады.

— Әзербайжан мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығы деңгейі әсіресе соңғы уақыттары өсудің оң ағымына ие болуда,— деп мәлімдеді Шахин Мұстафаев, — Екі мемлекет басшысының және ағайын халықтардың достығын ескеретін болсақ, бізде әріптестікті нығайтудың орасан мүмкіндіктері бар, енді барлық бағыттар бойынша өзара ынтымақтастықты ұлғайта беруіміз қажет.

Келесі күні ақтөбелік делегация Сумгаит қаласындағы технопаркте болды. Осында болған сәтінде облыс әкімі «Әзерэнержи» ААҚ президенті Этибар Пирвердиевпен кездесті.

Сумгаит технопаркі басшысының орынбасары Сахиб Мұсаев ақтөбеліктерді бірегей кәсіпорынның аймағына саяхат жасауға шақырды, осындай таныстықтан соң ол «Ақтөбе» технопаркі» ЖШС бас директорының орынбасары Тілеулес Алдияровпен бірге өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі жақ та мүдделілік тұрғысынан келісімге қол жеткізіп, жаңа технология мен инновация саласында тәжірибе алмасып тұруға сөз байласты.

Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясына кіретін «Әзерхимия» өндірістік бірлестігінің бас директоры Мұхтар Бабаевпен жүздесу облыс әкімінің бағдарламасындағы қорытынды шараға айналды.

— Әзербайжан экономикалық дамуда ғана емес, сонымен бірге өнеркәсіпке жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуде де нақты нәтижелерге қол жеткізіп отырған ел, — деп түйіндеді сөзін «Әзерэнержи» ААҚ, Сумгаит технопаркі және «Әзерхимия» өндірістік бірлестігі басшыларымен әңгіме қорытындысында Архимед Мұхамбетов, — Бүгінгі күні біздің республикамыз бен облысымыз үшін шикізаттық бағыттан бас тартып, индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету маңызды болып отыр. Қазақстан-әзербайжан кәсіпорындары бұл ретте қандай да мәселелер барысында екі Республика басшылары алға қойған міндеттердің  ұқсастығына орай тәжірибелер алмаса алар еді.

Ләззат ЕГІБАЕВА,

суреттерді түсірген автор.

Ақтөбе-Баку-Сумгаит-Ақтөбе.

Біздің облысымыздың делегациясының Әзербайжанға танысу бағытындағы сапары ӘР-дағы ҚР елшілігінің тікелей ықпал етуі нәтижесінде ұйымдастырылды.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button