Мәдениет

Ел аузындағы Есенжол

Өткен жылғы сәуірде Шалқар қаласында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен есте қаларлықтай әсерлі кеш ұйымдастырылды. Алты жүз орындық еңселі Мәдениет үйінің залында бос орын болмады. Сахна төріне жергілікті сазгер, әнші, музыкалық аспаптарда орындаушы, аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Есенжол Өтебасовтың суреті салынған панно ілініп тұрды. Кеш «Шалқарым — шаттығым» деп аталды.

Ақтөбе, Шалқар қалаларынан, көрші аудан орталығы – Ырғыз селосынан, ауданның өзге де өңірлерінен шақырылған өнер шеберлері сазгердің шығармашылық кешінде әсем әуендерді құйқылжыта шырқап, тыңдарман көңілін көтеріп тастады. Кеш соңында Есенжолдың өзі, оның әндеріне өлең жазған авторлардың   бірқатары жұртшылық алдында жүрек толқынысын баса алмай шынайы ризашылық сезімін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары (қазір облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы) Зәпен Жұмабаева мерекенің басты кейіпкерін құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлық тапсырды. Ол  сөзін былай қорытты:

— Биыл Шалқар қаласының іргесі қаланғанына 140 жыл толды. Аудан басшылығы қала тойын Есенжол ағамыздың осы шығармашылық кешімен бастауға ұйғарым жасады.

Залдағы үлкен-кіші әлеумет бұл шешімді қуана қарсы алып, дүркірете қол соққан еді. Өнер адамы үшін мұның өзі – үлкен мерей болса керек.

Көп ұзамай бұл кеш туралы облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы дайындаған арнаулы түсірілімді облыс тұрғындары теледидардан көріп, тамашалады.

Ал біздің Есенжолды танып-білгенімізге қырық жылдан асты. Әкесі Садық темір жол бойындағы № 72 бекетте, кейін Сартепсең бастауыш мектебінде мұғалім болды. Жұмыс істей жүріп Орал қаласындағы педагогикалық институтын сырттай оқып бітірді. Домбыра тартуға ерте төселген, өзі ақкөңіл, әзілқой жан еді. Отырған ортасын думандатып, толтырып жүреді. Өкініштісі: үшінші мүшелінде – небәрі 37 жасында жарық дүниемен қоштасты. Сонда қара желек жамылған Набат отыз үшке енді ғана толыпты, он баламен қала берген. Марқұм аузымен тістегендей күйде бар баланы жеткізіп, немерелер сүйді, шөбере көрді, бертін келе жетпіс бесінде жалғанның көшіне ілесті.

— Мен төртінші кластан бесіншіге көшкенде әкем қайтыс болды. Домбыра тартқанда алдына отырып, әуеніне іштей ыңылдап қосылатыным есімде қалыпты, — дейді Есенжол.

Өнерге  деген ынтызарлық оны Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің үрлемелі аспаптар бөлімінде оқуға әкелді. Осы оқу орнын үздік оқып, қызыл дипломмен бітірген соң, тағдыр оны тамаша адамдармен жолықтырды. Әсіресе, Темір кеңшар-техникумында екі жыл оркестр жетекшісі, клуб меңгерушісі болып жүрген жерінен ата қоныс – туып-өскен Шалқар ауданына оралғанда білікті ұстаз, сазгер, шебер ұйымдастырушы Емберген Терековпен қауышты. Осы ұлағатты жан қарауында Қазанғап атындағы саз мектебінде жұмыс істеу бақыты бұйырды.  Кейін ұстазынан мектеп директорлығын қабылдап алды. Мұнда табан аудармай 37 жыл жұмыс істеді. Шәкірттерге баян, саз аспабында ойнау сырларын үйретті. Алғаш рет үрлемелі аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Еңбектен қол үзбей, Шымкенттің Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтын тәмамдады. Нарықтық экономикаға көшкен бастапқы жылдарда құзырлы мекемелердегі азаматтардың  тілін тауып, саз мектебін жабылудан сақтап қалды. Мұғалімдердің бірнеше ай бойына жалақы алмағанына қарамастан табандылықпен жұмыс істеуі – басшының ұтымды қимылының, ұжымдағы үлкен-кішімен тіл табысқыштығының нәтижесі еді. Бір қаланың ішінде жеті ғимаратқа көшіп жүрсе де, оқу-тәрбие жұмысын іркіліссіз жүргізе білді. Мектеп балансындағы саз аспаптарын, көрнекі құралдарды шашау шығармай сақтай білуде де директордың сіңірген еңбегі айрықша.

Соңғы жылдарда ғана оқу орны аудан әкімдігінің ұсынысымен мұнайшылар ұжымы салып берген әсем ғимаратқа қоныс теуіп, мұғалімдердің де, шәкірттердің де көңілі орнықты.

Былайғы жұрт Өтебасовтар әулетін өнер қадірін жете түсінген жандар деп бағалайды. Есенжолдың іні-қарындастары – шетінен сауатты музыканттар. Солардың бірі Есентай – Шалқар қаласында Ахмет Жұбанов атындағы оркестрдің негізін қалаушы әрі дирижері. Әулеттен төрт адам бір жылда Шымкенттің Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтын бітірді. Осы оқиғаның құрметіне дүние есігін ашқан перзентіне Мәдениет деп есім бергені бар. Шүкір, Фаризасы — әнші, Әнуар – ямаха аспабын меңгерген, дәрігер Луизасы, заңгер Мәдениеті, мектепте оқитын Ақкенжесі әке үлгісімен ән шырқап, би билегенді ұнатады. Әдепті келіндер мен күйеу балалардың кезігуі де – бақыт. Қалыптасқан әсем жолды немере-шөберелер жалғастырып келе жатқаны сүйінішті. Отағасының алаңсыз жұмыс істеуіне, шығармашылықпен еркін шұғылдануына мүмкіндік жасаған зайыбы Атластың үлесін айтпай кетудің тағы жөні жоқ.

«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, Білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық III съезінің делегаты Есенжол Өтебасов күні бүгінге дейін елуден астам ән шығарып, бұл туындылары тыңдарман жүрегіне жол тауыпты. Орындаушылар қатарында Жанар Айжанова, Азамат Бекбергенов, Гүлмира Қобыландина, Шаттық Мұстафина сияқты танымал өнер шеберлерінің болуы да көңілді шарықтатады.

Қазір ол Шалқар аудандық Мәдениет үйінде қызмет етіп, өңірдегі мәдени-ағарту қызметінің алғы шебінде айқын белсенділік көрсетуде.

 

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button