Мәдениет

Күлуге шақырамыз!

11-12 мамыр күндері Студенттер сарайында Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Қазақстан КВН Одағы» «Ақтөбе» газетінің 85 жылдығына орай республикалық байқау өткізеді.

Аталған басқарманың жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Алтынай Юнисованың айтуынша, олар «Қазақстан КВН Одағымен» бірнеше жылдан бері тізе қосып жұмыс істеп келеді. «Биылғы байқаудың «Ақтөбе» газетінің 85 жылдығына арналатын естіген Одақ президенті Есен Елеукен өзі келуге ниет білдіріп отыр», – дейді Алтынай.

Есен мырзаның бұлай құлшынуының жөні бар. Шымкентте оқып, сол жақта аты шықты демесеңіз, мемлекеттік тілдегі көңілді тапқыштар клубтарының басын қосып, өрге сүйреген азаматтың кіндік қаны Шалқар ауданының Шетырғыз ауылында тамған. Яғни ол – «Ақтөбе» газетін оқып өскен жастың бірі.

Жалпы, өздерінің атауларын жұртқа етене таныс КВН, яғни  «Қазақстан КВН Одағы» деп бекіткен бұл ұйым жоғары лига, премьер-лига, орталық лигалар болып бөлінеді. Астанада қоныс тепкен жоғары лигада ең үздік командалар өнер көрсетеді. Ал премьер-лига қазығын Алматыға байлапты. Бұдан соң Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында орталық лигалар бар. Ақтөбедегі «Батыс» лигасын қазір облыс жастары танып қалды. «Батыстың» директоры Маралбек Сағынғановтың айтуынша, Астанадағы маусымашар ойынға қатысқан командалар енді Ақтөбеде ширек финалда «мүйіз қағыстырады».

Әдетте, бізге 15 шақты команда келетін. Ал «Ақтөбе» газетінің бәйгесі үшін өтетін сайысқа тілек білдірушілер өте көп болып отыр. Қазірдің өзінде 25 команда тапсырыс берді. Байқау өте тартысты өтетін түрі бар, – дейді Маралбек.

Бүгінде көрерменге көз таныс болып қалған «Тараз-2000», «Қызықорда» һәм Арқалықтың «Торғай толқындары» атты командалары көрермендердің көңілін бір серпілтері хақ. Басқа командалардың да Ақтөбеге тек қонақ болып келіп-кеткісі келмейтіні белгілі. Ендеше, Студенттер сарайына қарай асығыңыз!

Бәйгенің жүлдесі де қомақты. Бас бәйге, үш орын, «Ең үздік топ басшысы», «Ең үздік ойыншы» атты жүлделер бар. Тағы бір қара үзіп шыққан командаға «Ақтөбе» газетінің арнаулы жүлдесі берілмек.

Бұндай сайысты көрген де арманда, көрмеген де арманда. Қапы қалмаңыздар! Билеттер Студенттер сарайында сатылады. Бағасы – 400 теңге. Басталу уақыты: 17.00-де.

Бек СҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button