Спорт

Жерлестердің жарқын жеңісі

Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде облыстық кәрістер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен республикалық «Корё ильбо» газетінің жүлдесі сарапқа салынған WTF федерациясымен бірлескен таэквондодан турнир өтті.

Жарыс Ассамблеяның 30 жылдығы мен Қазақстандағы кәрістер қауымдастығының 35 жылдығына орай ұйымдастырылды. Спорт додасында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 400-ге жуық бала сынға түсті.

Салтанатты іс-шараның ашылуына «Корё ильбо» газетінің бас редакторы Константин Ким, облыстық кәрістер қауымдастығының төрағасы Юрий Анатольевич, таэквондо федерациясының облыстық филиалының президенті Ерлан Қозыбақов қатысты.

Турнир екі күнге жалғасты. Балалар мен жасөспірімдер әртүрлі салмақ дәрежесінде күресті. Облыс намысын 180 спортшы қорғады. Жарысқа қатысқан спортшылардың жасы — 8-14 жас аралығында. Алдағы уақытта бұл жарыстың ауқымын кеңейтіп, республикалық деңгейде ұйымдастырғымыз келеді. Бүгінде таэквондо спортына қызығушы жастар көп. Жастарды бұқаралық спортқа баулу, олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау — біздің басты міндетіміз. Жазира Исина есімді спортшымыз Ташкентте өтіп жатқан жарыста Ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде. Осы жарыста жеңген жағдайда ақтөбелік таэквондошы Қытайда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алады, — дейді таэквондодан олимпиадалық резерв дайындау орталығының жаттықтырушысы, сурдотаэквондодан облыстық федерацияның президенті Сергей Ким.

Інжу Бекболат — таэквондодан облыс намысын қорғап жүрген белсенділердің бірі.

Жасым 10-да. Жеті жасымнан таэквондомен шұғылданамын. Көптеген республикалық, облыстық турнирлерде жеңімпаз атанып жүрмін. Биыл Алматы, Ақтау қалаларында өткен жарыста жеңіс тұғырынан көріндім. Ендігі мақсатым — әлем чемпионатында жеңіске жетіп, ел мерейін асқақтату. Бұл жарыста алғашқы қарсыласым ақтөбелік спортшы болды, — дейді ол.

Жалпы командалық көрсеткіште облыс құрамасы бірінші орынды иеленді. Жүлделі екінші орын— Атырау, үшінші орын Батыс Қазақстан облыстарынан келген командаларға бұйырды. Жеңімпаздарға дипломдар мен Алғыс хаттар, медальдар, кубоктар табысталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button