Басты жаңалықтарЖұмысшы мамандықтары жылы

Адал еңбек мұратқа жеткізеді

«…Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз.Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді».

 Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан:

 заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық

оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан.

Облыста ауыл шаруашылығы саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары көп. Олар адал әрі табанды еңбегімен табысқа жетіп, өзгелерге үлгі көрсетіп жүр. Жұмысшылар жылына орай біз осы салада жұмыс істеп жүрген бірқатар азаматтармен тілдескен едік…

Егін де егеді, мал да өсіреді

Хромтау ауданының тұрғыны Нұрболат Малсақбаев — кәсіптің көзін тапқан, өңірде алғашқылардың бірі болып егін егумен айналысқан азаматтардың бірі.

Осыдан отыз жыл бұрын шаруашылық ашып, еңбекқорлығымен, жан-жақтылығымен жетістікке жеткен азамат астықты өлкенің дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

— Негізгі мамандығым — агроном. Кезінде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін тәмамдадым. Жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолымды ауыл шаруашылығы басқармасының бағыттауымен «Урожайный» кеңшарында бригада агрономы болып бастадым. Осы кеңшарда бірнеше жыл жұмыс істедім. Кейін «Ярослав» кеңшарында ғылыми жұмыстар бойынша агроном қызметін атқардым. Тәжірибе жасауға арналған егістікте ғылыми жұмыстар жүргізіп, егін егудің жай-жапсарын зерттедім. Осы саланы меңгерген соң кеңес үкіметі тарап, еліміз тәуелсіздік алған кезеңде Әйтеке би ауданында жеке шаруашылық аштым. Осылайша 1993 жылы «Наурыз» шаруа қожалығы құрылды. Араға үш жыл салып, 1996 жылы Хромтауға көшіп келдім. Аудан орталығынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан Тассай ауылы маңынан жер алып, сол жерде баз салып, шаруашылық жұмысын дамыттым. Қазір сол жерде базымыз, мал бордақылау алаңымыз бар, — дейді ол.

Нұрболат Малсақбаев, негізінен, егін егумен айналысады. Қосымша мал шаруашылығын да қолға алған. Қазір оның шаруашылығында 1700 гектар егістік жері, он шақты техникасы мен 60 шақты қой, 15 бас ірі қарасы бар. Алдағы уақытта ірі қара санын көбейтіп, мал бордақылау бағытында жұмыс істегісі келеді. Сондай-ақ қожалықта үш механизатор, бір аспаз жұмыс істейді. Жаз айларында шаруашылық басшысы қосымша тағы 2-3 адамды жұмысқа алады.

— Шаруашылықта бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан механизаторларым бар. Оларға егін науқанында 300-400 мың теңге көлемінде жалақы төлеймін. Ал қыста жұмыс болмаған кезде 50-60 мың теңге тұрақты еңбекақы беріп отырамын. Кейде уақытша жұмыс тауып беремін. Жұмысшыларым еңбекқор, шаруаға жайлы. Тек бір өкініштісі, ауданымызда мал бағатын малшы табу жағы қиын болып тұр. Отбасымен келіп мал бағатын адам болса барлық жағдайын жасар едім, онымен мал баққысы келетіндер аз, — дейді ол.

Кейіпкеріміз егін науқаны болғанда комбайнды өзі жүргізіп, қажетті кезінде техникалардың бөлшектерінеш қиындықсыз жөндеп алатынын айтады. Еңбекқор, әмбебап диқан мал бағудан да қашпайды. Қазір шаруашылық басшысы өзі бастап жұмысшыларымен бірге егіс егу жұмыстарына дайындалуда.

— Біз жыл сайын сәуір айынан бастап қарашаға дейін үзіліссіз еңбек етеміз. Көктемгі егіс егу жұмыстарын бастаған соң бізге тыным жоқ. Тек қыста ғана демаламыз.

Бірнеше жылдан бері өнімімізді Жазық станциясындағы элеваторға өткіземіз. Былтыр арпадан гектарына — 22 центнерден, бидайдан гектарына 18 центнерден өнім алдық. Соңғы жылдары облысымызда астық бітік шығып, шаруалар еңбегінің жемісін көріп келеді, — дейді диқан.

Нұрболат Малсақбаев бүгінде шаруашылық жұмысын өзі жүргізіп қана қоймай, ұлы Нұрсұлтанды осы салаға бейімдеп жүр. Туған інісі де қожалық жұмысын жүргізуге көмектеседі. Отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген азамат болашақта балалары да ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқанын қалайды.

Менің ендігі жоспарым — шаруашылықты кеңейтіп, мал басын көбейту. Сондай-ақ жаңа техникалар санын арттыру. Қазір қожалықта екі комбайн, бес трактор, басқа да құрал-жабдықтарымыз бар, — дейді кейіпкеріміз.

Аға шопан

Ойыл ауданының тұрғыны Жетпіс Қалниязов 20 жылдан бері «Бекзат» шаруашылығында қой бағып келеді. Бүгінде аға шопан болып еңбек ететін азамат халқымыздың «Мал баққанға бітеді» деген мақалын өзіне ұстаным етіп алған.

Шопан ата түлігін өсіру — сұраныстан түспейтін, құнсызданбайтын, әрдайым өнім беретін кәсіп. Қой өсіру үшін оның күтімі мен бейнетіне де шыдау керек. Қой бағудың бір тиімділігі сол, ол жайылым талғамайды, қай кезде де жайыла береді. Жалпы, қой-ешкі өрісте жайылса, сергек әрі ауру-сырқаудан аман болады. Дұрыстап бақсаң, төлін қарасаң, жыл сайын жақсы өнім аласың. Сондықтан қашанда жұмыстан қашпаймын. Осы жерде қысы-жазы жұмыс істеп, отбасымды асырап отырмын, — дейді шопан.

Жиырма жыл бір шаруашылықта еңбек еткен азамат осы уақыт аралығында өзіне біраз мал жинағанын айтады. Қазір оның жинаған 15 бас ірі қарасы, бір үйір жылқысы, жүзге жуық қойы бар. Жеке малын қожалық басшысымен келісіп, өзі бағып, өсіріп отыр.

— Менің негізгі мамандығым — тракторшы. Кезінде Ойыл кеңшарында көп жыл тракторшы болып жұмыс істедім. Кейін кеңшар тараған соң жалданып, әртүрлі шаруашылықта еңбек еттім. Қазір — аға шопанмын. Мұнда малшылардың жұмысын қадағалап, қожалық иесіне шаруаның жай-жапсарын айтып отырамын. Демалыс күндері отбасыма барып қайтамын. Жалпы, жағдайымыз жақсы, ешқандай мәселе жоқ, жалақымызды ай сайын алып отырмыз, — дейді ол.

Жетпіс Қалниязовтың отбасы аудан орталығында тұрады. Оның төрт ұлы бар. Келіншегі үй шаруасында, балаларын тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені былтыр әскерден келіпті.

Жыл-он екі ай бойы тынымсыз еңбек ететін аға шопан мал шаруашылығы көп еңбек пен жауапкершілікті талап ететінін айтады. Сондай-ақ шаруашылықтағы жұмысшылардың да ауызбіршілігі маңызды екенін жеткізді. Дегенмен бұл орайда «Бекзат» шаруа қожалығында ешқандай мәселе жоқ. Олай дейтініміз, шаруашылық басшысы Қайрат Еркінов малшыларына барлық жағдайды жасап қойған. Ол жұмысшыларына былтыр жаңа заман талабына сай үй салып берген. Сондай-ақ өткен жылы малына жаңа баз тұрғызған. Қазір шаруашылықта үш базы бар. Жұмысшыларына ай сайын еңбекақыларын төлеп тұрады. Қыста соғым, жазда ұсақ мал береді. Барлық шығынды өзі өтейді.

Қазір қожалығымызда 1200 қой-ешкі, 140 ірі қара, 150-дей жылқы бар. Осы малды бағып, өсіріп отырған 4 жұмысшым бар. Соның бірі — Жетпіс. Ол жұмысына да, адамға да адал. Осы шаруашылықта тапжылмастан 20 жыл еңбек етіп келеді. Өте еңбекқор, уәдесіне берік, ұқыпты. Одан бөлек қожалығымызда 7-8 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан малшыларымыз да бар. Жалпы, барлығы — еңбекқор жігіттер, — дейді қожалық басшысы Қайрат Еркінов.

Шаруашылық иесі қазір ауданда мал өсірумен қатар,жеке кәсіпті де дамытып отыр. Оның азық-түлік және ет дүкені бар. Қашанда игі істердің басында жүретін, жұмысшыларын үнемі қолдап отыратын шаруа осы жетістікке қажырлы еңбегінің арқасында жеткенін айтады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button