«Екі дәуірдің тоғысында»

Жаңа кітап
Amanat партиясы облыстық филиалының кеңсесінде мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қайырқожа Елеусізовтің «Екі дәуірдің тоғысында» атты кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, автормен әр жылдары қызметтес болған замандастары мен жақын дос-жарандары қатысты.
Іс-шараны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының кеңесшісі Сабыржан Мұхтаров жүргізді. Оның айтуынша, жаңа туынды — автордың өмір жолын, тағдыр тарауларын ғана емес, тұтас бір тарихи кезеңнің шежіресін баяндайтын ерекше еңбек.
— Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген бұл кітапта автор өзінің жеке өмірінен, еңбек жолынан сыр шертеді. Жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге көшкен өтпелі кезеңдегі өзгерістерге тікелей куә болып қана қоймай, оны жүзеге асыруға белсене атсалысқан тұлға ретінде естеліктерімен бөліседі. Бұл еңбекті тек Қайырқожа Жұмағалиұлы туралы емес, жалпы елдің, мемлекеттің, қоғамның сол кезеңдегі келбетін суреттейтін тарихи портрет деуге болады, — деді С.Мұхтаров.
Қазіргі таңда зейнеткерлік демалыстағы Қайырқожа Жұмағалиұлы өз сөзінде кітап жазудағы басты мақсаттарының бірі — жас буынға тәлім-өнеге беру екенін атап өтті.
— Ардагер ретінде алдымызда екі міндет тұрады: біріншісі — жастарға жол беру, екіншісі — өмір жолымызды саралап, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсыну. Менің еңбек жолымның елеулі кезеңі ауыл шаруашылығы саласына байланысты. Әсіресе 1990-1995 жылдар аралығындағы ауыл шаруашылығы саласындағы реформа ел үшін де, шаруашылықтар үшін де күрделі кезең болды. Сол жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметінде жүріп, ауыл шаруашылығы саласын басқардым. Сондықтан бұл қиындықтардың бәрін өз көзіммен көріп, тікелей араласқан адам ретінде кейінгі буын білуге тиіс деп есептеймін. Бұл — тарихи сабақ, — деді Қ.Елеусізов.
Облыстық мәслихат депутаты Күлпаршын Айдарханова, еңбек ардагерлері Түрікпенбай Айжарықов, Кеңес Бірмановтар сөз сөйлеп, сол кезеңге қатысты өз естеліктерін ортаға салды.
Шағын таралыммен шыққан бұл кітапты оқырман қауым облыс кітапханаларынан оқи алады.
Арайлым НҰРБАЕВА.