Басты жаңалықтарЖеңіс

Батырды елі еске алды

Қобда ауданында Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың 100 жылдығына арналған патриоттық және спорттық іс-шаралар өтті. 

Жиынға қатысушылар әуелі Қобда ауылындағы «Мәңгілік ел» саябағында Иманғали Білтабановты бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды.Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев, батырдың інісі Зұлқарнай Башпаев және зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

— Бүгін біз барша қазақ халқы үшін мақтаныш болған, еліміздің қаһарман ұлы, Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабановтың 100 жылдығын атап өту үшін жиналып отырмыз. Бұл күн — өткеннің жарқын көрінісі, ерліктің белгісі, Отан үшін жанын берген азаматтың есімін ұлықтау күні. Иманғали Білтабанов — баршамыз үшін үлгі тұтар тұлға. Ол Ұлы Отан соғысының алдыңғы шебінде жаумен бетпе-бет кездесіп, ерлік көрсетті. Оның ерлігі бізге, кейінгі ұрпаққа, зор жауапкершілік жүктейді және ешқашан ұмытылмауға тиіс, — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар ауданның құрметті азаматтары Мәлік Жекеев пен Қажымұқан Сатенов тарихқа көз жүгіртіп, батырдың ерлік істерін баян етті. Батырдың бір күнде 58 неміс солдаты мен офицерінің көзін жойып, Одерфельд деревнясы үшін болған ұрыста 120 гитлершілді сұлатқаны жөнінде айтылды. Інісі Зұлқарнай Башпаев ағасы жайлы естеліктермен бөлісіп, балалық, жастық шағы жайлы әңгімелеп берді.

— Ағамыз Иманғали Білтабанов тірі болса, 100 жасқа толар еді. Сұм соғыс оның өмірін қиды.Өзі жастай жетім қалғанымен, қайтпас қайсар, жігерлі болып өсті. Бастауыш мектепті бітіріп, «Ударник» колхозында жұмыс істеді. Ол 16 жасында Қобдаға қатынап жүріп трактор курсын бітірді. Тіпті 18 жасқа толмай жатып әскер қатарына шақырылған. Башқұртстанда дайындықтан өтіп, Ленинград майданына аттанды.1945 жылы 26 ақпанда жараланды.Болевлавице деревнясында орналасқан Кутузов мемориалындағы әскери зиратта жерленген, — дейді З. Башпаев.

Айта кетейік, бірқатар іс-шара батырдың туған ауылында да ұйымдастырылды. Жиналғандар батырдың есімі берілген И. Білтабанов ауылына сапар шегіп, «Рухты ұрпақ» атты спорттық-патриоттық шараның куәсі болды.Оқушылар саптық жарысқа қатысып, арқан тартысып, автоматты шашып жинады. Мектеп ауласында «Ерлігі елге мақтан» атты еске алу шарасы ұйымдастырылып, батырдың ерлік істері насихатталды. Ауылдық клубта батырдың құрметіне «Даңқ жолы» көрмесі өтті. Көпшілікке батырдың өз қолымен аталас інісі Ысқаққа жазған хатының және командир Южаковтың марапатының көшірмесі көрсетілді. Батырдың майдан даласындағы ерлігі жөнінде мағлұмат берілді.

Аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде «Ерлігімен ел есінде» атты колледждер арасында облыстық волейбол жарысы мен футболдан аудандық жарыстың ашылу салтанаты өтті.

Спорттық додаларға Ақтөбе қаласынан, Ойыл және Қобда аудандарынан келген 18-35 жас аралығындағы жастар қатысты. Әлия орта мектебінің құрамасы волейболдан да, футболдан да I орынға ие болды.

Иманғали Білтабановтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара «Батырлар елінің қайтпас қыраны» атты концерттік бағдарламамен аяқталды. Қобда өңірінен шыққан батырлардың есімі аталып, тарихи оқиғалар баяндалды. Мектеп оқушылары мен жастар патриоттық ән шырқап, өнерлерін ортаға салды.

Аружан СМАҒҰЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button