Көлік вице-министрі Сәтжан АБЛАЛИЕВ: Облыстағы 7 вокзал ғимараты жаңартылады

Жұмыс сапары
Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің алдында тұрғындар жол, тозығы жеткен вокзал мен көпірлер, т.б. мәселелерді көтерді.
Алтын Орда шағын ауданындағы Шығармашылық академиясы ғимаратында өткен кездесуде министрдің орынбасары Сәтжан Аблалиев жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарлармен бөлісті. Биыл жол құрылысы аясында республика бойынша 2,2 мың шақырым асфальт төсеу және жаңарту жоспарланып отыр. Соның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 832 шақырым жол қалыпқа келтірілмек. Атап айтқанда, Ақтөбе-Ұлғайсын бағыты бойынша жаңарту жұмыстары жалғасып, Қандыағаш-Шалқар, Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Орынбор, Қарабұтақ-Қостанай, басқа да республикалық маңызы бар жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
— Өткен жылдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен 20,8 миллион жолаушы қатынады. Бұл, 2023 жылмен салыстырғанда, 7 пайызға артық.Ал Ақтөбе облысы бойынша бұл қызметке 975 мың жолаушы жүгінді.
Осы жылы еліміз бойынша 22 миллион жолаушыны тасымалдау жоспарланып отыр. Жолаушылар нөпірінің ұлғаюына байланысты тіркемелі вагондардың саны кезең-кезеңімен артады. Жылжымалы құрамды жаңарту бойынша да жұмыс жүргізілу үстінде. Жалпы, вагондар паркі 2,6 мың бірлікті құрайды, олардың тозу деңгейі — 42 пайыз. 2024 жылы 143 вагон сатып алсақ, биыл 226 вагон алу жоспарда бар. Соның ішінде Ақтөбе қаласы арқылы өтетін Алматы-Саратов бағытында жүретін пойыз «ЗИКСТО» отандық зауыты өндірген заманауи вагондармен жаңартылмақ. Ақтөбе-Алматы және Ақтөбе-Атырау бағыттарының пойыздары 2026–2027 жылдары жаңартылады.
Теміржол вокзалдарына келетін болсақ, министрлік бұл бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Жергілікті атқарушы органдармен талдау жұмысын жасап, жөндеуді қажет ететін 125 вокзалды анықтадық. Бұлардың ішінде Ақтөбе облысы бойынша 7 вокзал тізімге енді: Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Қарауылкелді, Алға және Шұбарқұдық. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың II тоқсанында басталмақ, — деді вице-министр.
Ақтөбе әуежайының жүк хабы ретінде дамып жатқаны айтылды. Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев атап өткендей, әуе қақпасында отын кешенін жаңғырту және көпфункционалды логистикалық хаб салу бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Елішілік азаматтық авиацияның көрсеткіштеріне тоқталған министр орынбасары Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе әуежайы былтыр 985 мың жолаушыға қызмет көрсеткенін, бұл 2023 жылмен салыстырғанда, 10 пайызға көп екенін баян етті. Сондай-ақ 2024 жылы әуежай арқылы 11 мың тонна жүк тасымалданған. «Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы әуежайдан 5 ішкі бағыт бойынша аптасына 63 рейс орындалады», — деді ол.
Бұдан бөлек қалалық бағыттар бойынша 457 автобус барын, оның 26 пайызы тозғаны айтылды. Өткен жылы Үкіметтің жеңілдетілген несие бағдарламасыныңарқасында 95 жаңа автобус сатып алынған. Сондай-ақ өңірде 4 халықаралық бағыт бойынша қоғамдық көліктер қатынайтыны тілге тиек етілді.
Халықпен кездесуден кейін Сәтжан Аблалиев азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жүргізіп отырды.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында вице-министр көлік саласындағы білім алу мен мансаптық мүмкіндіктерге кәсіби бағдар беруге бағытталған басқосуға да қатысты. Оған Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясы мен М.Тынышбаев атындағы ALT университеті өкілдері, колледж бен мектеп оқушылары келді. Көлік саласының алдыңғы қатарлы ұйымдары — «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазаэронавигация» АҚ, жол активтерінің ұлттық сапа орталығы сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері баяндама жасап, өздерінің жұмысы туралы есеп берді. Атап айтсақ, спикерлер көлік саласындағы мамандықтардың ерекшеліктері, бейінді оқу орындарына қабылдану шарттары, жұмысшы және техникалық мамандықтардың артықшылықтары туралы жан-жақты мәліметберді. Артынша жиналғандарға авиадиспетчер, теміржолшы, автожол саласының мамандары сияқты сұранысқа ие кәсіптердің қыр-сыры түсіндірілді.
— Сала мамандықтарына сұраныс артып келеді.Бүгінде көлік бағытында 34 мыңға жуық студент оқып жатыр. Өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда, бұл 14 пайызға артқан. Яғни жастардың инфрақұрылым, логистика және көлік қозғалысы салаларына деген қызығушылығы өсіп келеді.
Көлік министрі Марат Кәрімжанұлы былтыр ақтөбеліктермен өткен кездесуде берілген 18 тапсырманың бүгінгі таңда тоғызы орындалып, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын айта кеткім келеді, —деді вице-министр.
Кәсіби бағдар беру, жұмысшы жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер, осы саладағы түйткілдер сөз болған жиын сұрақ-жауап бөлімімен аяқталды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.