Бірлік пен достық жаршылары

Ақтөбе облысының әкімі, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы Асхат Шахаровтың төрағалығымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының кеңес отырысы өтті.
Кеңес барысында өңір басшысы өткен отыз жыл ішінде Ассамблея азаматтық қоғамның маңызды институтына айналып, қоғамдық келісімді, тұрақтылық және ұлттық бірлікті нығайтуда шешуші рөл атқарғанын алға тартты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өткені мәлім. Бұл орайда облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағытта үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Білім, мәдениет, этносаралық қатынастар салаларында ауқымды іс-шаралар өткізілді. Бұл — баршамыздың бірлескен еңбегіміздің жемісі. Атап айтсақ, білім беру, мәдениет мекемелерінде, ұйымдарда, аудандарда жалпыұлттық бірлікті нығайту, мемлекеттік тілді және ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша кездесулер, сонымен қатар этномедиация бойынша семинарлар, қайырымдылық акциялары, шығармашылық ұжымдардың концерттері және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып, мыңдаған адам қамтылды. Өздеріңізбен бірлесе өткізілген іс-шаралардың арқасында өңірде татулық пен достықты нығайтып келеміз,— деді Асхат Шахаров.
Жиында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк, Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиевтер сөз сөйлеп, Ассамблеяның отыз жыл ішінде өңірде бірлік пен келісімді нығайту, этносаралық қатынастарды дамыту саласында атқарған жұмыстарына тоқталды.
— Мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде қалыптасуда.Ассамблея — әртүрлі дәстүр мен мәдениет өкілдерінің ортақ игілік — туған еліміздің дамуы мен өркендеуі жолында біріге алатынының жарқын үлгісі. Бұл институт — еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің тірегі. Ассамблея қоғамның барлық саласында оң өзгерістердің қуатты қозғаушы күшіне айналды және солай болып қала береді.Биыл — Ассамблея мүшелері үшін ерекше жыл. Отыз жыл — уақыт тұрғысынан ұзақ мерзім емес, бірақ өткен жолға көз жүгіртіп, қорытынды жасау үшін жеткілікті кезең. Ассамблея қазақстандық бірегейлік пен азаматтық негізінде этностарды біріктіру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша маңызды міндеттерді орындады.Арамызда білім мен ғылым саласының үздіктері, білікті дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен меценаттар бар. Олар Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға адал еңбекпен өз үлестерін қосып келеді. Президент атап өткендей, бірлік — мемлекеттік саясаттың өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтудың қуатты факторы,— деді С.Вишняк.
Оның айтуынша, облысымызда ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Облыстық Ассамблея құрамында 113 адам бар, құрам тұрақты. Бүгінде 17 этномәдени бірлестік тіркеліп, барлығы қоғамдық аккредитациядан өткен. Сондай-ақ 8 құрылымдық бөлімше мен «халықтық», «үлгілі» атағына ие 19 шығармашылық ұжым белсенді жұмыс жүргізеді. Іс-шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 13 арнайы жобасын іске асыру аясында өткізіліп жатыр.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Асхат Шахаров «Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл» мерекелік медалін этномәдени бірлестік өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға, педагогтерге, Ассамблея ардагерлеріне, сондай-ақ аталған институттың бағдарламаларын жүзеге асыруға белсенді қатысып жүрген жас көшбасшыларға табыстады. Марапат иелерінің қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облысы бойынша төрағасының орынбасарлары Сергей Вишняк, Юрий Шек, аймақтағы корейлер қауымдастығының ардагері Константин Цхай, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы, ректор Лаура Қарабасова, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облысындағы өкілдігінің төрағасы Зульфия Набиуллина, «Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің ардагері Хасан Сағаев және басқалары бар.
Марапат иелері көрсетілген жоғары сенім мен құрмет үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да достық пен бірлікті нығайту жолындағы жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.
—Мен үшін бұл марапат — үлкен құрмет. Облыс басшылығына Қазақстан халқы Ассамблеясына білдірген сенімі мен қолдауы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Біз халықтар арасындағы татулық пен бейбітшілікті нығайтуға бар күшімізді саламыз,— деді Сергей Вишняк.
Арайлым НҰРБАЕВА.