Мәдениет

Биікке тартқан белестер

Шуақты шақ — Шабаған

«Кешір мені, Жарөткел мен Шабаған!» деп тебірене жырлаған Қуандық шайырдың шумақтарын оқырман қауым жақсы біледі. Сол Шабаған — Әліби ағаның да туған мекені.

Әдетте бала кезден көңіл түкпірінде сақталып қалатын, содан ғұмыр бойы өшпейтін көріністер болады. «Шабағандағы үйден шығып, жан-жаққа көз жібергенде таулар мен төбелер қоршаған, өзеннің екі беткейіндегі тақтайдай тегіс, шөбі шүйгін жазықтық оңтүстік-шығыс пен түстік, оңтүстік-батыс бағытындағы биіктерге барып тіреледі»,— деп сол шақты еске алады ол бүгінде. Сол аймақтағы Мәні шыңы, Темірастау тұсы, Жылантау, Бөкенбай шоқысы — бәрі-бәрі ес біліп, етек жиғаннан санаға сіңіп, ойға орныққан атаулар.

Осы аумақта балалық шақ өтті, алыс армандардың алғашқы қадамдары осында жасалды. Шуаққа толы шадыман шақтардың куәсі Шабаған әлі күнге дейін жанға жылу береді.

Шабаған — Ырғыз өзені бойындағы қалың ну тоғайлы, қалың талды шұрайлы түбек. Сол түбектің бір түлегі Әліби Қойлыбаев бүгінде сексен атты биікке қол жеткізіп тұрып, Қуандық ағасының өлең жолдарын іштей қайталайтыны бар.

 

Әке жолымен

 

Қазақта бала ең алдымен әке үлгісін ұстанады. Сол жол оны алыстарға жетелеп отырады. Ал Әлібидің әкесі Қойлыбай — кезінде елге тұтқа болған адам.

Ырғыз аудандық «Колхозшы» газеті 1947 жылы «№53 Темірастау сайлау округінің сайлау алдындағы округтік мәслихатына қатысушы еңбекшілер өкілдері И.В.Сталин, В.М.Молотов, Н.М.Шверник және Қойлыбай Белесов жолдастарды еңбекшілер депутаттары Ақтөбе облыстық Советінің депутаттығына кандидат етіп ұсынуды бір ауыздан қуаттады» деп жазды.

Сол уақытта «Шабаған» колхозында берсиевші звеносының жетекшісі, суармалы тары егісінен мол өнім алып, даңқы жайылған қарапайым колхозшы алпыс үш жаста екен.

Естеліктерге көз жүгіртсек, Қойлыбай соғыс жылдарында ауылдағы әрбір үйді қамқорлап, күйі кеткендерге қол ұшын созған. Қол созғаны сол — еңбек етуге әлі келетіндердің басын біріктіріп, ауыл сыртына алып шығып, жерге дән сепкізеді. Өзі таңның атысы, күннің батысында кетпенін иығынан тастамай, тары егістігінің басына түнейді.

Белгілі қоғам қайраткері Әліби Жангелдин соғыстан кейінгі жылдарда «Шабаған» колхозындағы Қойлыбай Белесовтің шығыры басында болып, тұтасып тұрған тары егістігі ортасына басындағы кепкісін лақтырғанда жерге түспепті.

Сондай қимылмен еңбек еткен Қойлыбай ақсақал 1972 жылы сексен жеті жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Оның артында жақсыға сілтейтін жолы қалды.

Әке жолы ұрпақтарын ілгеріге бастады.

 

Білікті маман, білгір жетекші

 

Ауыл баласы төрт түлік малмен көзін ашады. Өйткені ата-бабамыз тіршілігін кең даламен, сол даланы мекен еткен жан-жануарлармен байланыстырған. Сондықтан ба екен, балаң жігіт кезінде Әлекең жоғары білім алуға талап қылғанда мал дәрігерлік мамандықты қалапты. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында оқыған жылдарында елмен байланысын үзбеді.

Оқу бітірген жас маманды Қарабұтақ ауданының бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов жылы қарсы алып, сол кездегі белді мекеме МТС-қа жіберді. МТС-тың бас мал дәрігері шаруашылықтарды аралайды, практикалық көмектер көрсетеді, жалпы мал шаруашылығын өркендету бағытындағы жұмыстарды жүргізеді. Сол шаруаларға Әлекең кірісіп кетті бір дейсің. Бойда жігер, ойда қуат бар кезі. Жоғары білімді жетік меңгергені және бар.

Аупартком мұндай маманды әдетте оң назарында ұстайды. Үш-төрт жылдан кейін «Қарабұтақ» деп аталатын кеңшарға бас мал дәрігері болып тағайындалды. Ол уақытта шаруашылықтың жұмысы таң қараңғысынан басталып,  қас қарайғанша жалғаса береді. Мамандар сегіз сағаттық жұмыс дегенді есіне де алмайды. Басты мақсат — Отанға арзан ет, мол өнім беру. Сол кездің ұраны — осы.

Жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейінгі бас-аяғы бес жылға жетпейтін уақыттың ішінде ол аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтеріне сатылап көтеріле берді. Бедел жанкешті  еңбекпен жиналатынын сезінген ол қашанда сенім үдесінен шығуға ұмтылды.

Шевченко атындағы кеңшардың директоры болып тағайындалғанда жиырма жеті жаста еді. Он екі жыл қатарынан осы шаруа тізгінін ұстағанда біраз ілгерілеулер болды.

1961 жылы Ақмола қаласында өткен республикалық ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кеңесінде ол басқаратын шаруашылықтағы жүгері өсіру тәжірибесі үлгі ретінде айтылды. Бұл бағаға кеңшар жұмысшылары оңайлықпен жеткен жоқ еді. Директордың өзі бастап сонау Өзбекстандағы «Шарқ Юлдуз» колхозының төрағасы,  үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Өзбек Ғылым академиясының құрметті мүшесі Хамрақұл Тұрсынқұловпен, «Политотдел» колхозының атақты жүгері өсірушісі Люба Лимен кездесіп, олардың еңбектерін көзімен көргені, Орал облысындағы «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытының директоры, Социалистік Еңбек ері, академик А.В.Череваевпен, Талдықорған облысындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоздың басқарма төрағасы М.Н.Головацкиймен бірнеше мәрте пікір алысқаны, олардың шаруаларын өз көздерімен көргені осындай игіліктердің бастауы еді. Одан кейінде Шортандыдағы академик Бараев атындағы астық институтында болып, шаруашылықты ғылыми негізде және озат тәжірибеге сүйеніп дамыту жолдарын белгілеу мүмкіндігі туды. Ізденістер мен ұмтылыстар бекерге кеткен жоқ. Нәтижесінде Шевченко атындағы кеңшар облыстағы ірі, рентабельді шаруашылыққа айналды.

Таң қараңғысында егіс алқабынан, мал баздарынан табылатын мазасыз директордың тынымсыз тірлігі ауыл тұрғындарына да қолайлы болды. Шаруа оңға басқан соң елдің әлеуметтік жағдайлары да жақсарды. Мәдени-тұрмыстық ахуал да оңға басты. Әліби аға еңбек жолының соңғы он жылында Қарабұтақта орман шаруашылығы өндірістік кәсіпорнын басқарды. Қазір оның басшылығымен бүр жарған тал-теректер биіктеп көктеп, жапырақтары жайылды.

Кезінде өзі үлкендерден талай батасын алса, беріректе өзі де кейінгі жасқа жақсы ниет-ықыласын білдірді.

Қазақ КСР тұңғыш жер шаруашылығы халық комиссары болған, кейінірек Республика Су шаруашылығы, совхоздар халық комиссары қызметін атқарған Әшімбек Бектасовтың 1980 жылы жазған  «Сенің Құлагердің шабысындай ісіңді құлағым алыста, Алматыда жатсам да есітіп, сырттай мәз болып, талантты бауырыма қуанышымның асып-төгілгендей болғандығынан осы хатты жазып отырмын» деген лебізі көңілін көктем еткені бар.

 

Жылдар жемісі

 

Еңбектің зейнетін көру — бір сүйініш. Ең бастысы — халық қолдауына, солардың оң бағасына ие болу. Әлекең осындай жайды талай рет бастан кешіргеніне қуанады. Өзі де елден іргесін бөліп көрген емес, сондықтан да болар өмір бойы дерлік еңбек еткен Қарабұтақ өлкесі тұрғындары әлі күнге дейін сәлем-сауқатын үзбейді.

Сол Қарабұтақтың тыныш заманда үш рет ашылып, үш рет жабылғаны — Әлекең үшін әлі күнге дейін жанға бататын нәрсе. Елдегі қарттардың, өз тұстастарының, жасы кіші кейінгі буынның дағдарып қалған кездерін көргенде көп қиналды.

Шүкір, енді біраз қиындықтар артта қалып, заман түзеле бастағанын көріп тәубешілік те жасайды. Қазір Қарабұтақ, Ырғыздың үстімен еліміздің оңтүстігіне қарай сайрап өтіп жатқан жолдың өзі неге тұрады?

… Сонымен, сөз түйініне келсек, осы байтақ елдің өсіп-өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан, өзінің жастық жылдары мен жігерлі шақтарын қызу еңбекке арнаған Әліби Қойлыбаев бүгінде қадірлі қарттықты бастан өткеруде. Өмірлік серігі Зоя апай қай кезде де жанынан табылды. Талай жақсылар осы шаңырақтың дастарқанынан дәм татып, балаларға батасын беріп кеткені бар.

Сол балалар бүгінде ер жетті. Үлкендері Гүлшара Ақтөбе педагогика институтында қызмет атқарады. Жолдасы Серік — белгілі кәсіпкер.

Гүлмирасының мамандығы — дәрігер. Кенжесі Райса «Қазмұнайгаздың» Ақтөбедегі филиалының лабораториясын басқарады.

Әке жолын қуған Асқар мен Қайрат кезінде комсомол мектебінен өттті. Асқары кәсіпкерліктің майын ішсе, Қайрат Ақтөбедегі металл құрастыру зауытын басқарады.

Он бір немере, төрт шөбере — міне, ұрпақ жалғастығы осындай.

Олар ата-әжесінің көз қуанышы, еркелеп қастарынан шықпайды. Кейде айнала үйіріліп бәрі аталарынан әңгіме сұрайды. Сондайда баяғы жастау кезінде Италия, Марокко елдеріне социалистік елдің жолдамасымен саяхатқа барып келгенін айтып беретіні бар.

Аталарының кеудесіндегі қос Ленин орденін, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл ту ордендерін де немерелері жатқа біледі, кейде үйге келген қонақтарға мақтана таныстыратыны бар.

… Өмірден көргені мен түйгені көп Әліби аға зейнет демалысына шыққан соң «Бабамнан қалған байтағым» деп аталатын толғаныстарын қағазға түсірген. Сонда көп әңгіме айтылады.

«Жақсының соңында сөз қалады» деген бар.

Ал Әліби Қойлыбаев жүріп өткен жолдардан көп өнегелі көріністерді таба аласыз.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button