Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң

Аты мен тегін ауыстырудың заңы бар ма?

— Ұлым  Алмасбек Сапарұлы Таңатаровтың тууы туралы куәлігіндегі «ов»-ты алып тастау үшін құзырлы мекемеге барған едім. Ондағылар «куәлік ауыстырылмайды, төлқұжат алғанда «ов»-ты алып тастауға болады» дейді. Мен баламды 9-сыныптан кейін, колледжге оқытсам деймін. Төлқұжат жасына дейін 9-сыныптың куәлігі, колледждің дипломы, тағы басқа құжаттың барлығы Таңатаров болып жазылып кетеді де, құжат алған соң, оларды өзгертуге тура келеді.

Сұрайын дегенім: Таңатаров Алмасбек Сапарұлының орнына Шоштан Алмасбек Сапарұлы деп алуыма бола ма? Мысалы, туған қаласы Әл-Тарази, руы Нұрлан Албан немесе Жексен Алпартегі, Жарылқасынның Абдрашы, тағы сондай тектерін ауыстырған азаматтар көп қой. Ресей мемлекетінде арнайы заң бар екен, теледидардан бір кісінің 13 рет аты, әкесінің аты, тегін ауыстырғаны туралы хабар берді. Бізде сондай заң бар ма?

Сапар Таңатарұлы.

— «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» ҚР Президентінің 2.02.1996 ж. № 2923 Жарлығына сәйкес ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады. Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты мен жеке куәлігін берген кезде тиісті орган осы Жарлықта көзделгеніндей, тегі мен әкесінің атының жазылуын оңайлатылған тәртіппен, азаматтық хал-ахуалын жазу актілеріне өзгертулер енгізусіз жүргізуге міндетті. Әңгіме жасөспірім 16 жасқа толғанда берілетін жеке куәлік туралы болып отыр (Әрине, азаматтық хал- ахуалын жазу актілеріне өзгертулер енгізілмегеннен кейін оның туу туралы куәлігі де өзгеріссіз қалады). Сіз балаңызға 9-сыныптың куәлігін, колледждің дипломын өзгертуге, жаңадан алуға тура келеді деп уәйімдамай-ақ қойыңыз. Себебі  азаматтың жеке куәлік алған кезде тегі мен әкесінің атының жазылуын өзгертуі оның құқықтық субъектілігін қозғамайды, яғни, тегі мен әкесінің атының бұрынғы жазылуында алған құқықтары мен міндеттерін доғаруға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 22 мамырдағы №620 қаулысымен бекiтiлген  Қазақстан Республикасында азаматтық хал актiлерiн тiркеу тәртiбi туралы Ережелерінің 171- тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының атын, әкесiнiң аты мен тегiн өзгертуге олар он алты жасқа толған кезде жол берiледi және мынадай дәлелдi себептер болған кезде жүргiзiледi:

тегiнiң, атының, әкесiнiң атының қолайсыз айтылуы және айтылу қиындығы;

егер некенi тiркеу кезiнде некеге дейiнгi тегiнде қалса, зайыбының ерiмен ортақ тегiн алғысы келуi;

егер некенi бұзу кезiнде бұл туралы өтiнiш берiлмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуi;

кейiнгi неке бұзылмайтын жағдайларда, бұрынғы некеден туған балаларымен ортақ тегiн алғысы келуi;

егер ерi қайтыс болса, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуi;

егер ерi қайтыс болса, ал өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болса, балаларымен ортақ тегiн алғысы келуi;

өтiнiш берушi таңдаған ұлтқа сәйкес келетiн немесе ата-аналарының бiрiнiң (ата-аналарының ұлттары әр түрлi болған кезде) тегiн және атын алғысы келуi;

өмiрде шын мәнiсiнде қалыптасқан, құжаттағы атынан өзгеше атты алғысы келуi;

егер некеге тұрған кезде ерiнiң тегi қабылданған болса, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуi;

ұлттық дәстүр бойынша әкесiнiң немесе атасының аты бойынша тегiн алғысы келуi.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 57-92-10; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button