Құқық

Тергеу мен тексерудің жаңа тәртібі

Қазақстанда еңбекті қорғау жөніндегі бірлескен комиссиялар құрылуы мүмкін.

Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша кәсіпорындардың ішкі бақылау жүйесінде жұмыс беруші мен қызметкерлердің өкілдерінен тұратын еңбекті қорғау жөніндегі бірлескен комиссиялар құру қарастырылып отыр. ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттарының «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылауы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова осыны мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, заң жобасына сәйкес еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметінің құқықтары мен міндеттемелері де белгіленетін болады. «Жазатайым оқиғаларды тергеп, тексеру, өндірістік жарақаттануларды есепке алу жүргізілетін жұмыс уақыты кезеңі айқындалады. Жүкті әйелдерді қолайсыз өндірістік факторлар әсерінен алдын алатын басқа жұмыспен қамтамасыз ету тәртібі де  осы құжатпен регламенттелді», — дейді Г.Әбдіхалықова.

Оның айтуынша, құжат арқылы кодекстің заңсыз ереуілдер өткізуге байланысты мәселелерін реттейтін ережелері жетілдірілді. Ұжымдық еңбек дауларын қарау, шешу тәртібі мен мерзімі нақтыланады.

Сонымен қатар, заң жобасында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасағаны үшін соттылығы бар немесе соттылығы болған азаматтарға кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен өтетін білім беру, тәрбие, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы еңбек қызметіне тыйым салуды көздейтін нормалар ұсынылды.

Inform.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button