Саясат

Депутаттыққа үміткер үш ауданда болды

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат Ерген Дошаев өзінің кезекті сапарын Әйтеке би, Хромтау және Алға аудандарында жалғастырды. «Нұр Отан» ХДП ұстанған басым бағыттарының бірі — ауылды көркейту десек, үміткердің елдегі ағайынмен кездесуі — заңды құбылыс. Қоғам қайраткері, жерлесіміз Ерген Николайұлы бастаған үгіт тобының алғашқы аялдамасы Комсомол селосы болды. Аудандық Мәдениет үйінде жиналған жұртшылықтың көптігі сондай, олардың кейбірі бүкіл жиынды аяғынан тік тұрып өткізді.

Әйтеке би ауданы — ауыл шаруашылығы дамыған, тарихы бай берекелі өлке. Былтыр 160 мың гектар жерге дәнді дақыл егіп, астығын қамбаға құйды. Сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға қолдау көрсету жұмыстары жандануда. Аудан тұрғындарымен кездескен Ерген Дошаев ауылды көркейту мақсатында қолға алынған бағдарламаларға тоқталды. Болашағы бар елді мекендерді әлеуметтік қамту жоспары туралы айтты. Ауылдықтардың ауызын аққа тигізетін төрт түліктің санын көбейту және шағын кәсіпкерлікті дамыту бағыттары баяндалды. Сондай-ақ өндірістік жобалар, ішкі-сыртқы саясат, діни және ұлтаралық ынтымақтастық мәселелері де партия тұғырнамасының басым бағыты. Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қанық Ерген Дошаев жиналғандарға билік партиясының сайлауалды платформасында аталған мақсаттар мен міндеттерді егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

Жиында сөз алған үміткердің сенімді өкілі, елге танымал ғалым Алтай Тайжанов: «Биылғы сайлау науқанының өзгешелігі — біздің бұл жолы партияға дауыс беруіміз. Бұрын жеке үміткерлерге сенім артып келдік. Енді үмітіміз еліміздегі саяси ұйымдарға жүктелмек. Соның ішінде еңсесі биік «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының орны бөлек. Бұл саяси ұйымның соңғы 13 жылда қатары бірнеше рет өсіп, негізгі саяси күшке айналды. Халқымызда «көп қорқытады, терең батырады» деген нақыл бар. «Нұр Отан» партиясының тереңдігі — оның ісінде. Сондықтан мен сіздердің алдағы сайлауға түгел қатысып, дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенемін», — деді.

Ерген Николайұлының келесі кездесуі Хромтау жерінде жалғасты. Хромтаулықтар да «Нұр Отан» партиясының өкілін құшақ жая қарсы алды. Бұл ауданда үміткермен жүздесу №4 кәсіптік-техникалық лицейінде ұйымдастырылды. Оған аудан орталығының жұртшылығымен қатар селолық округ тұрғындары, лицейдің ұстаздары мен оқушылары көптеп жиналды. Тұрғындармен кездесу барысында 20 жыл ішінде атқарылған істерге көз жүгірткен Ерген Дошаев партияның бағыт-бағдарын баяндады. Хром кенін өндіретін ауданның облыс экономикасына қосып отырған үлесі жайлы айтты.

Бұл кездесуде сөз алған сенімді өкіл, ардагер-журналист Идош Асқар «Елімізде орын алған оңды өзгерістерге куәміз. Мені таң қалдырып тұрғаны — сіздердің аудандарыңызда жұмыссыздық проблемасының жоқтығы. Осының өзі Елбасы жетекшілік ететін билік партиясының ерен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан сіздердің келелі істердің партиясына дауыс беретіндеріңізге сенімдімін», — деді. Дәл осындай кездесу Алға ауданының мәдениет үйінде жалғасты. Ерген Дошаевпен кездесуге жұртшылық көп жиналды. Олардың қатарында жергілікті кәсіпкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері, әлеуметтік нысандар мен шаруа қожалықтарының өкілдері болды. Депутаттыққа үміткер мұнда ауыл тұрмысын одан әрі жақсарту жолында атқарылар ауқымды жоспарларға тоқталып, алдағы жылдары ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау мекемелерінің салынатынын тілге тиек етті. Ал ауыл азаматтары мен жастар болса нақты істердің ұйтқысы атанған «Нұр Отан» партиясын қолдайтындарын айтып, жерлестерін сайлаудан тыс қалмауға шақырды.

 

Арман ЕЛҚОНДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button