Саясат

«Жас ұланның» қатары толықты

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай тәуелсіздіктің жиырма жылдығына тарту ретінде бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігін құрған еді. Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде «Жас ұланның» қатары көбеюде. Темір аудандық оқушылар үйінде өткен салтанатты жиында оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен көзге түскен 220 оқушы «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданды.

Өткен жылы Астана қаласының туған күніне орайластырылып тұсауы кесілген «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының негізгі мақсаты — оқушылардың іс-әрекетін мектептегі тәрбие жұмысына үйлестіре бағыттау арқылы олардың белсенділігі мен қарым-қатынас мәдениетін жан-жақты дамыту, азаматтық тұлғасын қалыптастыру. Алдағы уақытта «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданған оқушыларды қоғамдық, көпшілік жұмыстарға тарту арқылы олардың бойындағы мүмкіндіктерді ашуға, саналы білім алуы жолында жұмыс жасаймыз, — дейді аудандық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі Амангүл Бақытжанова.

Жиналғандар алдында салтанатты түрде ант қабылдаған оқушылардың кеудесіне төсбелгі, ал мойындарына көк түсті галстук тағылды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Шахмардан Есжанов оқушыларға  бойында патриоттық рухы бар азамат болып қалыптасуда ұйымның жас ұрпақты жауапкершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеуде атқарар маңызы зор екенін айтып, өз құттықтауын білдірді. Бұдан әрі «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Кукановтың да «жас ұландықтарға» арналған құттықтау сөзі тыңдалды.

Бүгінгі күні Темір ауданы бойынша «Жас ұлан» ұйымының қатарында 300-ге тарта мүшесі бар.  Олардың жүзге жуығы «Жас қыран» әскери-патриоттық бірлестігінің құрамында тәрбиеленіп жатыр.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button