Адал азамат —Адал еңбек

Сауыншы Анастасия

Мәртөк ауылының тұрғыны Анастасия Ефемещева 8 жылдан бері «Әлішер» шаруа қожалығында сауыншы болып жұмыс істейді.

Онға жуық жұмысшысы бар шаруашылық бүгінде ірі қара, қой-ешкі, жылқы өсіреді, шөп шауып, егін егеді.

— Шаруашылық ашылғаннан бері осы жерде сауыншы болып жұмыс істеп келемін. Өзім Мәртөк ауылында туып-өстім. Қазір анам, туыстарым осы жерде тұрады. Бұған дейін вахталық әдіспен жұмыс істеген едім. Кейін осы жұмысқа ауыстым. Негізгі мамандығым — аспаз-кондитер. Аудандағы Мәртөк көпсалалы колледжін оқып, тәмамдаған болатынмын. Өзімнің мамандығым бойынша 6 жыл үздіксіз жұмыс істедім. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Жаз айларында шаруашылықта күніне екі рет сиыр, жылқы сауамын. Қазір қыс айында тек таңертең ғана барамын. Мұнда күн суытқан соң сауын сиырлардың саны азаяды. Бүгінде отыз шақты сиыр ғана сауамыз. Қожалықта барлық жабдықтар автоматтандырылған, сондықтан сиыр саууда ешқандай қиындық жоқ. Тек уақытымен барып, жұмысыңды ұқыпты әрі жауапкершілікпен істесең болғаны, —дейді ол.

Анастасияның жастайынан еңбекке араласқаны көрініп тұр. Пысық әрі алғыр келіншек үш баласын өзі асырап,тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Данила Отан алдындағы борышын өтеп жүрсе, қызы Дария 9-сыныпта, ал кенже ұлы Егор 5-сыныпта оқиды.

Біз көп жылдан бері көп қабатты үйде тұрамыз. Мал ұстамаймыз. Мәртөк ауылы аудан орталығы болғандықтан, мұнда көп қабатты үйлер жетерлік. Ауылымызда мектеп, балабақша, клуб, кітапхана, аурухана — бәрі бар. Шаруашылық басшысы жұмысшыларға ет, сүт өнімдерін беріп, көмектесіп тұрады. Сондықтан жалақымыз аздау болғанымен, тапқанымыз қажетімізге жетеді. Ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді, ешқандай мәселе жоқ. Жалпы, еңбек етіп, жұмыс істеген адамға ауылда мүмкіндік мол, —дейді Анастасия.

Айта кету керек, қазір ауылдарда сауыншының жұмысы бұрынғымен салыстырғанда біршама жеңілдеген. Себебі жағдайы бар шаруашылықтар сиыр сауу, малға шөп салу, оларды суару сияқты жұмыстарды автоматтандырылған құрылғылармен атқарады. Сондықтан үлкен шаруашылықтарға бір-екі сауыншы жеткілікті. Тек өкініштісі, елдімекендерде тұратын қыз-келіншектер қазір сиыр сауудан қашады. Тіпті ауласында тұрған сиырды саумайтындар бар. Олар ішетін сүт, айранды дүкеннен сатып алады.

Қашан да еңбектен қашпайтын Анастасия — бүгінде көп адамға үлгі болып отырған аяулы жан. Өз жұмысын тиянақты атқаратын сауыншыны шаруашылықтағы әріптестері ерекше сыйлап, құрметтейді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button