Адал азамат —Адал еңбек

Жер қадірін ұққан жан

Әйтеке би ауданының құрметті азаматы, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Қаби Қуанышбаев бүгінде 85 жасқа толып отыр.

Оның қырық жылдан астам уақыты ауыл шаруашылығында белсенді еңбек етуге арналды. Бұрын Комсомол ауданы аталған өңірдің мол астық өнімі мен мал шаруашылығының берекелі игіліктерінде оның қосқан үлесі қомақты.

Оны жер қадірін ұққан жан деп батыл айтуға болады.

Қиындықта шыңдалған балалық

Ол заманның қақтығыстары көбейіп, бірінен соң бірі ауыртпалықтар тудырып отырған күрделі кезең тұсында дүниеге келді. Бірақ айналада не болып жатқанынан күнәсіз сәби мүлдем хабарсыз еді. Ол, ең алдымен, ана әлдиін, оның жылы алақанының ыстық лебін сезінді, шексіз мейірімге бөленді.

Бұл уақытта Кеңестер Одағы деп аталатын мызғымас алып мемлекет орыс-фин соғысынан мазасы кетіп, батыстан тағы бір үлкен қауіптің салқынын сезіп отырған-ды. Соның бәрі алыстағы ауылдарға да үрей тудыратын-ды. Өйткені елдің беткеұстар азаматтарын, енді өсіп келе жатқан жастарын әскер қатарына алып кетіп жатты.

1940 жылдың қыркүйек айында Шалқардың Шетырғыз өңірінде дүниеге келген оның балалық шағы осылайша соғыс кезіне тап келді. Бір жасқа келген тұсында әкесі Қуанышбай ел қорғауға, майданға аттанады. Қанды қырғын ортасында жүрген одан бір күні елге «хабарсыз кетті» деген қаралы хабар жетеді.

Анасы Сәбира Ағлешқызы жас баласын бауырына баса жүріп, күндіз-түні колхоздың шаруасынан қалмайды. Ерте тұрып, кеш жатып, қой сауып, одан ірімшік жасап, ауданға жөнелтеді. Ел қорғап жүрген майдангерлердің әйел, бала-шағасына ешқандай жеңілдік жасалмайды ол кезде. Өйткені қай жерде де жұмыс күші жетіспейді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұран күн тәртібіне қойылған.

Соғыс біткеннен кейін де сол тәртіп жалғаса берді. Бес-алты жасқа келген балғындар енді қозы бағуға шықты. Солардың қатарында әлі мектеп есігін ашпаған Қаби да бар еді. Анасы Сәбира өзі үшін әлі кішкентай перзентінің пайдаға жарағанына, сол кездің тілімен айтқанда, азамат болғанына бір жағы қуанып, бір жағы тағдырға тәубе етіп жүрген жайы бар-ды.

Арада қаншама уақыт өтсе де, бірінші класқа барған сәті әлі есінде. Соғыстың аяқталғанына екі жылдай болғанымен, ел әлі оңалып кете қойған жоқ еді.

«Қолымызда кәдімгі дәптер де болған жоқ. Әріптерді газет бетіне жазып үйрендік. Сия да қат. Кәдімгі тарыны әбден күйдіріп, содан сия жасап алатынбыз. Аяқкиім дегеніңіз мүлдем қолға түспейді. Басқа киім-кешегіміз де жетісіп тұрғаны шамалы. Әжем бұзаудың терісінен лекерлеп байпақ тігіп бергені есімнен кетпейді. Дегенмен «Қызғыш құсқа — көл пана, жетім ұлға — ел пана» дегендей, ағайын-туыс қарасып, айналаның қамқорлығымен жетілдік қой», — деп еске алады сол күндерді бүгінде Қаби аға.

Қаби аға білім алған Шахты орта мектебінің де өзіндік тарихы бар. Бұл өңірде бір жылдары көмір өндірісі өрістеп, үлкен шаруалар атқарылды. Қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлин соғыстан кейінгі жылдары аз-кем уақыт осында басшылық қызметте болған.

Сол Шахты мектебінде өндіріске жиналған сан ұлт өкілдері білім алды. Солардың қатарында кішкентайынан еңбекпен жетілген, анасына сүйеу болып өскен бала Қаби да намысқа тырысып, жақсы оқуға, тәртіпті шәкірт болуға ұмтылады. Осылайша орта мектепті 1958 жылы жақсы бітіріп шыққан соң Жұмырсай бастауыш мектебіне мұғалімдік қызметке қабылданады. Одан кейін үш жыл Кеңес армиясы қатарында жауынгерлік борышын өтеп келеді.

Осындай жолдардан өткен жас жігіттің алдында енді белгілі бір мамандық игеріп, қоғамға қызмет ету міндеті тұр еді. Сол үлкен мақсат, асқақ арманмен сол кездегі астана — ару қала Алматыға аттанады.

Алматы білім іздеп келген, еңбекте шыңдалған, өмір көрген жасты құшақ жая қарсы алады.

Жемісті еңбек жылдары

Бір ауданда үзбестен қырық жылдай еңбек еткен Қаби ағаның жүріп өткен жолдар, жемісті жылдар туралы айтар әңгімесі аз емес.

1962-1967 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінде оқыған кезең малды ауылда өскен шаруа баласының егіншіліктің қыр-сырын игеруіне құлшынысын оятты. Қолына диплом алғаннан кейін оны жолдамамен бірыңғай тың өңірі аталған Комсомол ауданына жібереді. Осында «Комсомол» деп аталатын совхозда агроном болып қызметке кіріседі. Төрт жыл уақыт оның маман ретінде қалыптасуына, шыңдалуына берілген сынақ мерзімі іспетті. Сол сынақтан ойдағыдай өткен ол «Урожайный» совхозының бас агрономы болып тағайындалады.

Бұл шаруашылықта негізінен егіншілік алдыңғы орында тұрғандықтан, бас агрономға жүктелер міндет те, жауапкершілік те жоғары. Сондықтан да ол білімі мен білігін, азды-көпті тәжірибесін ұштастыра отырып, жоғары агротехникалық шараларды жүйелі енгізуге бастамашы бола жүріп, жоғары жетістіктерге ұмтылады.

Ол бас агроном болып еңбек еткен он екі жыл аумағында совхозда егістік көлемі 40 мың гектарға дейін көбейіп, егін шығымдылығы арта түсті. Сөйтіп, «Урожайный» совхозы облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды. Әр жылдары мемлекетке 1,5 миллион пұттан 3,5 миллион пұтқа дейінгі аралықта астық тапсырылды. Шаруашылықта 4000 гектарға дейін тары егіліп, гектарына 10-15 центнерден өнім алынды. Осындай жетістіктері үшін совхоз Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, онда озық тәжірибе, жаңашылдықты енгізу мәселелері бойынша баяндама жасалды.

Совхоз алқаптарында мұнан басқа мал азығындық құнарлы дақылдар егілді, сөйтіп, мал шаруашылығын дамытудың да негізін нығайтуға үлкен үлес қосылды.

Қаби Қуанышбаевтың тың өңіріндегі ұмтылыстары мен игілікті істері жоғары бағаланып, кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін қадады, «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды.

1983 жылы ол «Жабасақ» совхозының директоры болып тағайындалды. Бұл совхоздың ерекшелігі — негізгі бағыты мал шаруашылығы болуында. Мамандығы агроном болғанымен, жасынан малды ауылда өскен оған бұл шаруаға басшылық ету де аса қиындықтар туғыза қойған жоқ.

Сол тұста «Жабасақта» қысқа елу мыңның үстінде қой, екі мыңдай жылқы, екі мыңдай ірі қара түсіп отыратын. Малды өз төлі есебінен көбейту міндеті алға қойылды. Оның үстіне тұрақты түрде мемлекетке сапалы ет тапсыру жоспары және бар. Бұрынғы агроном енді тәжірибе жүзінде мал маманы мамандығын терең игеруге кірісті. Осы бағытта совхозда қалмақ тұқымды сиырды өсіруді қолға алды. Мал тұқымын асылдандырудағы жұмыстары өз жемісін берді. Мал өнімі молайды, совхоздың рентабельділігі арта түсті. Орынбор ауыл шаруашылығы институтының ғалымдары зерттеу жұмыстарын жүргізіп, асылтұқымды ферма статусын бекітуге үлес қосты.

— Үлкен шаруашылықтың басшысы болғандықтан бірыңғай шаруамен айналысып кетпей, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін де оңтайлы шешуге көңіл бөліп отырдық, — дейді Қаби аға. — Әлі есімде, сол жылдары совхоз аумағында жылына 100-150 сәби дүниеге келетін. Ана мен бала денсаулығы басты назарда ұсталды, медицина мекемелерінің қалыпты жұмыс жасауына қамқорлық жасап отырдық. Ауылдағы емхананың бас дәрігері Қуанышбай Қарабалаев пен орта буын медицина қызметкерлерінің ерен еңбегін жоғары бағалауға болады. Халықтың көбеюіне байланысты совхозда жылына жиырма шақты жаңа үй салып, пайдалануға бердік.

Сол тұста құрылысы бой көтерген ауылдық Мәдениет үйінің салынуына байланысты қиындықтар болғанын Қаби аға былай деп еске алды.

«Құрылысты қолға алғанымызбен, жетпестіктеріміз көбейе берді. Соған байланысты көмек сұрап облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Манарбек Дайыровқа кірдім. Ол мәселенің мән-жайын ұғынғаннан кейін облыстық «Қазсельхозтехника» мекемесінің басшысы Аманкелді Мәйтековті шақырып алып, партиялық тапсырма ретінде бізге көмек көрсететіндігін айтты. Ол кездері қаладағы қуатты кәсіпорындар ауыл-селоларға шефтік көрсету міндетін мойындарына алатын.

Елге жаны ашитын, өзі де іскер азамат Аманкелді Мәйтеков бізге көп қолдау жасады. Сондай-ақ сол кездері құрылыс мекемесін басқаратын Жақсылық Түнғатаров та біздің көп шаруаларымызға көмектесті. Осындай азаматтардың іскерлігі, ауызбіршілігі нәтижесінде елге қажетті бір ғимаратты уақытында салып алдық» деп тағы бар тарихқа ой жүгіртті Қаби аға.

Осы арада еске алатын және бір сәт бар.

Шалғайдағы ауылдағы — «Жабасақ» совхозына бір жылдары халықты сүйікті артисі, белгілі өнер адамы Сәбира Майқанова келгені бар. Оған деген ел құрметінде шек болған жоқ. Бұған дейін оның бейнесін кинофильмдерден көріп жүрген ауыл тұрғындары ерекше талант иесін орталарынан жібермей, ортақ әңгіме-сұхбат ұзаққа созылды. Халық көп жиналғандықтан кездесу ашық далада өткізілді.

Бұл жиын қаншалықты мағыналы әрі әсерлі болғанымен, шаруашылық басшысы Қаби Қуанышбаев үлкен қысылысты басынан кешірді. Атақты өнер тұлғасын ауылдан шығарып саларда қадірлі қонаққа: «Сіздің әсерлі әңгімеңіз, өзгеше өнеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Елге келесі келгеніңізге дейін әдемі Мәдениет үйін салып, пайдалануға беруге уәдемізді етеміз!» — дегені бар-ды.

Жақсының шарапаты болады деген осы. Осылайша Сәбира Майқанова сынды ел қадірлісі сексенінші жылдардың ортасында ауылдың рухани көтерілуіне, жақсы істің қолға алынуына себепші болып кеткені әлі күнге дейін ұмытылмайды.

1991 жылы шаруашылықта жаңа типті, екі қабатты 300 орындық сәнді Мәдениет үйі халықтың игілігіне пайдалануына берілді. Өкінішке қарай, халықтың сүйіктісіне айналған Сәбира Майқанова апаның бұл өңірге енді жолы түсе қойған жоқ…

…Қаби Қуанышбаев 1991-2007 жылдары Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне басшылық жасады.

Тоқсаныншы жылдардың басында ауылда реформалар басталды. Бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыстардың орнына нарық заңы үстемдік ете бастады.

Ел тәуелсіздігі орнығуы жаңа міндеттер жүктеді. Шетелдегі қандастарымыз атамекенге орала бастады. Сондай бір тұста Қаби ағаның өзі бас болып Монғолияның Баян-Өлгей өңіріне барып, 120 шаңырақты көшіріп әкелді. Оларды қолайлы жерлерге орналастыру, жағдай жасау, жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа жағдайға бейімделуге көмектесу аз жұмыс емес еді. Соның бәрін атқаруға ол басшылық жасады, өзі де тыным таппастан күні-түні қызмет етті.

Жанға шуақ жарасым

«Отан отбасынан басталады» деген ұғымды Қаби аға жас кезінен-ақ санасына берік орнықтырған. Өйткені үйдегі үлгілі өмір, өзара жарастық пен түсіністік, жақсылыққа ұмтылу шаңырақтың шырайын келтіреді, әулеттің береке-бірлігін нығайта түседі деп ұғынады. Сондай әдемі ахуал қашаннан бұл отбасының бұлжымас ұстанымына айналған.

Алматыдағы студенттік өмір оны сонау шығыстағы Аягөздің аруы Мағилаш қызбен таныстырды. Ол бұл уақытта Қыздар педагогикалық институтының физика-математика фаультетінде оқиды екен. Жастар арасында жиі өтетін түрлі кештер тілегі бір, ниеттес жастарды тез табыстырды. Сөйтіп, Аягөз бен Ақтөбенің арасы қаншама қашық болса да, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі оны кедергі көрмеді. Осылайша дипломын енді ғана алған жас маман Мағилаш Бабатайқызы ақтөбелік Қаби есімді азаматпен қол ұстасып, туып-өскен жері шығысқа қарай емес, батысқа жол тартады.

Ол кезде қай салада болмасын жоғары білімді мамандар жетіспейді. Сондықтан да өзі агроном Қаби Қуанышбаевтың елге бір мұғалімді ала келуі сол кез үшін ерекше сый іспетті болады.

Мағилаш Бабатайқызы азаматының жұмыс жағдайына байланысты «Комсомол», «Урожайный», «Жабасақ» совхоздарында әуелі мұғалім, кейіннен мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Ол еңбек еткен, басшылық жасаған білім ұяларында шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру жұмыстары жүйелі әрі жан-жақты жүргізілді. Сол жылдарда аталған мектептерді үздік бітіріп, жоғары оқу орындарына түскен, білім, ғылым жолында жоғары көрсеткіштерге жеткен түлектер аз болған жоқ.

Мағилаш Бабатайқызының өзі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» құрметті атағына ие болды.

Олардың жарасымды отбасында Венера, Ләззат, Әбілхан, Нұржан есімді перзенттері дүниеге келіп, бүгінде мамандықтары бойынша еңбек етуде. Әулеттің келіндері Алтынай, Ләззат ата-енелеріне қызмет көрсетіп, немерелер сүйгізді.

Күйеубалалар Марат пен Әбубәкір де еңбекқор азаматтар.

Нұрбол, Аслан, Ақмарал, Дәурен, Нұрлан, Дамир, Дана, Данияр, Арман, Аким, Әлішер, Әділ бастаған немерелер легін бүгінде Әйгерім, Әсем, Жеңісхан, Зейін, Мұса, Әлім, Абылай, Алдияр сынды шөберелер жалғастыруда.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button