Адал еңбек иесі

Біздің қоғамда көптеген істерді үнсіз ғана тындыратын азаматтар көп. Өзіне жүктелген міндеттер мен жауапкершілікті жан-тәнімен сезініп, елге пайдасын тигізіп, ісіне мығым болып жүретін осындай жандарды көргенде іштей сүйсінесің…
Қашан көрсең жылышыраймен жымиып амандасатын сабырлы да әдепті осы бір замандасым туралы жазу көптен бері ойымда жүрген еді. Сәті бүгін түскендей.
Ырғыз ауданының тұрғыны Тоты Дәулеткереева қарапайым тазалықшы болып жұмыс істейді. Төрт баланың анасы, төрт немере-жиеннің әжесі жастайынан еңбекке ерте араласқан. Ол елу деген еңселі жасқа енді қадам басады.
Бір ерекшелігі, Тотының Ырғыз аудандық білім бөлімінде еңбек етіп келе жатқанына биыл тура 30 жыл. Бір мекеменің тазалығын тиянақтап, тұрақты бір жерде қызмет жасауы — көпке үлгі. Сонымен қатар ол — Ырғыз ауданынан шыққан танымал тұлға, кезіндегі Ленин орденді ұстаз Әмір Тұңғашиннің немере келіні.
Ұрпағына тәлімді тәрбие беріп келе жатқан отанасының іштегі бір сәл ғана «әттеген-айы» — жары Мирамбек ағаның өмірден ертелеу өтіп кеткені. Дегенмен барға қанағат етіп келе жатқан кейіпкеріміздің балалары жетіліп үй болып, өсіп-өнуде. Атап айтар болсақ, үлкені — Алмагүл Мирамбекқызы Ақтөбе облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығында референт болып қызмет атқарады. Ал ұлдың үлкені Мейіржан Мирамбекұлы — Ырғыз аудандық орталық ауруханасына қарасты Аманкөл ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері. Жары Жансая — мектепте әлеуметтік педагог.
Одан кейінгі ұлы Бейбарыс Мирамбекұлы бүгінде Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің 2-курсында оқиды. Үйдің кенжесі Райбек Мирамбекұлы — №1 қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушысы.
Бұл отбасының балалары еңбекке икемді, дәстүрге берік, ұлттық құндылықтарды жақсы дәріптейді. Тотының өзі — республикалық «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аудандық бөлімшесінің мүшесі. Рухани-мәдени шараларға белсене араласады. Ән айтып, әжелермен бірге өнер көрсетеді, ұлттық қолөнер бұйымдарын тоқумен айналысады.
Қолындағы су толы шелегі мен таза шүберегін қаншама жылдан бері «серік» етіп, мекемеде тындырымды қызмет етіп келе жатқан Тотыдай қарапайым еңбек адамдарын көпке үлгі ету — біздің міндетіміз. Жақсы жанға жемісті еңбек, отбасына амандық тілейміз.
Руслан ҰЗАҚБАЕВ,
Ырғыз ауданы.



