Ән әуелеген кеш

Өнер
Ойыл аудандық Мәдениет үйінде халықтық «Шапағат» ансамблінің «Өмірімді өнермен кестеледім» атты есеп беру концерті өтті.
Мерекелік кеште халық әндері мен авторлық туындылар айтылды. Көрерменге «Ойнап,күл», «Ауылға сағыныш», «Отбасым», «Бауырым» сияқты әндер ұсынылды. Сондай-ақ ансамбль мүшесі Ақниет Боранбайұлының репертуарындағы әндер шырқалып, көрерменді ерекше әсерге бөледі.
Кеш барысында облыстан арнайы келген өнерпаздар—Нұрладдин Сағынов, Естай Бекбергенов,Марғұлан Ілиясовтар өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік іс-шара соңында аудан әкімі Асқар Қазыбаев ансамбль мүшелеріне Алғыс хат табыстап, Ақниетке қаржылай сертификат сыйлады.
Сонымен қатар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімдері және өзге де мекеме басшылары атынан ансамбль мүшелеріне арнайы құттықтау хаттары тапсырылды.
Айта кету керек, халықтық «Шапағат» ансамблі Ойыл аудандық Мәдениет үйі жанынан 2004 жылы құрылды. 2008 жылы Ешпановтар отбасы құрған ансамбль «халықтық» атағын иеленіп, 2022 жылы мәртебесін қайта қорғады.
Ансамбльдің жетекшісі Боранбай Ешпанов ұлттық домбыра аспабын және жапондық синтезатор аспабын шебер меңгерген. Ол сондай-ақ театр сахнасында бірнеше рөлді сомдап, «Шаншу» әзіл-сықақ театрының белді мүшесі ретінде танылған.
Оның зайыбы Гүлмира Ибағалиева домбыра мен эстрадалық әндерді тамаша орындайды, сондай-ақ әзіл-сықақ интермедияларында ойнайды.
Ансамбль мүшесі Бұлбұл Ешпанова—аудандық музыка мектебінің мұғалімі. Ол вокал және хор кластарынан дәріс беріп, жас өнерпаздардың тәрбиесіне зор үлес қосып келеді.
Отбасының кенжесі Ақниет 5 жасынан бастап сахнаға шығып, облыстық және аудандық конкурстардың жеңімпазы атанып келеді. Ол А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжін тәмамдап, қазіргі таңда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білім алып жүр.
Д.АЙДАР,
Ойыл ауданы.