Оқы, өзгеге ұсын!

«Сөз сыры» жобасы аясында Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде осындай тақырыпта іс-шара өтті.
Шараға колледж оқытушылары мен 2-3 курс оқушылары қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты — оқу орнының білім алушыларымен кітапхана арасындағы әлеуметтік серіктестікті нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту, көркем шығармаларды терең талдау дағдыларын қалыптастыру және ой бөлісуге қолайлы орта құру.
Ойталқыға қатысушылар түрлі жанрдағы әдеби, әлеуметтік бағыттағы, шетел әдебиеті шығармаларын талқылап, олардың идеялық мазмұны, көркемдік ерекшелігі, авторлық ұстанымы және қоғамға әсері туралы пікір алмасты. Оқытушылар А.Калиева, Л.Балғазиева, А.Мұхтарова, Г.Табынбаевалар талқыланған туындылардың тарихи контекстін түсіндіріп, әдеби талдаудың негізгі бағыттарына тоқталса, білім алушылар Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне”, Д.Исабековтің “Сүйекші” , “Бекет”, С.Көбееевтің “Қалың мал” Ш.Айтматовтың “Қош бол, Гүлсары!”, Б.Майлиннің “Шұғаның белгісі”, т.б шығармаларды талдап, алған әсерімен, түйген ойларымен және авторлар көтерген мәселелерге қатысты көзқарастарымен бөлісті.
Сонымен қатар шарада кітаптың адамзат өміріндегі алар орнын айқындайтын бейнероликтер, слайд көрсетіліп, шығармашылықты шыңдауға бағытталған тапсырмалар орындалды.
Әдеби пікір алмасуда кітап оқу мәдениетін жандандырудың тиімді тәсілдері, қазіргі жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру жолдары да сөз болды. Іс-шара жаңашыл форматта өтіп, ашық пікірталас барысында шығарманы талдай отырып түрлі әсерге бөленген оқырмандардың қатары көп болды. Ойталқы ашық пікір алмасуға негізделіп, қатысушылар өз ойымен бөлісіп, жаңа ұсыныстар ұсынды.
Құндыз ҚОНЫСБАЙ,
Облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың
арнаулы кітапханасының қызметкері.



