Билет бағасы өсті, қызмет сапасы ше?
Былтыр 1 қазаннан бастап елімізде пойыз билеттерінің бағасы өсті. Баға сапаға әсер ете ме? Пойыздардағы қызмет көрсету сапасына қатысты сын толастамаған сыңайлы. Осы орайда біз аталған салаға жауапты мамандармен тілдескен едік…
«Пойыздарда қолайлы жағдай жоқ»
Ақтөбе қаласының тұрғыны Дана Әміре былтыр Ақтау қаласына қыдырып барған. 15 мың теңгеге билет алған қала тұрғыны «Ақтөбе-Маңғыстау» пойызында жолаушыларға ешқандай жағдай жасалмағанын айтады.
— Пойыз өте ескі, ауа баптағышы жоқ. Вагон ескі болған соң купенің есіктері дұрыс жабылмайды, әжетханасы өте лас. Жарық шамдары түнде қосылмайды. Жолсеріктер вагон ішін сыпыртқымен сыпырып жүр, одан тараған шаң-тозаң жолаушылардың тамағына «қонады». Бір сөзбен айтқанда, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалмаған. Ақтаудан Ақтөбеге қайтар жолда да жағдайдәл сондай. Сапасы пойыз билетінің бағасына сай емес, — дейді ол.
Қала тұрғынының айтуынша, облыста бұрынғыға қарағанда билет сатып алуда қиындықтар азайған. Тек іссапарыңызды ертерек жоспарлап, билет алсаңыз болғаны.
— Бұрын билет алу үшін вокзалға баратын едік. Қазір ұялы телефон арқылы қосымшалардан сатып алуға болады. Жол жүргенде қазір еліміздегі бар жетістік осы ғана болып тұр, — дейді Дана Әміре.
Ал Хромтау қаласының тұрғыны Мұрат Сейтімбет Астанаға қатынайтын пойыздар өте тар екенін жеткізді.
— Астанаға Хромтаудан күнара пойыздар жүреді. Тек вагондар өте тар, жолаушыларға қолайсыз. Таза болғанымен, мүгедектігі бар, сондай-ақ толықтау адамдарға жағдай жасалмаған. Тап-тар купеде жатып, демалып барудың өзі мұң, — дейді ол.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы
Айбек Қайырдың айтуынша, бүгінде облыстан көрші елдер мен республиканың өзге өңірлеріне барлығы 26 пойыз жүреді.
— Қазіргі таңда Ақтөбе станциясы арқылы №7/8 «Алматы-Саратов», №23/24 «Ақтөбе-Алматы», №27/28 «Алматы-Орал», №33/34 «Ақтөбе-Алматы», №57/58 «Орал-Нұрлыжол-Астана», №81/82 «Ақтөбе-Нұрлыжол-Астана» жүрдек пойыздары жүреді. Сондай-ақ №109/110 «Ақтөбе-Маңғышлақ», №305/306 «Ташкент-Самара», №317/318 «Бішкек-Самара», №613/614 «Маңғыстау-Орал», №691/692 «Ақтөбе-Атырау», №6991/6992 «Шалқар-Ақтөбе» және №8898/8897 «Жем-Ақтөбе» пойыздары облыс арқылы өтеді. Пойыз жөнелтілгенге дейін және пойыз келген кезде жолаушыларға билет кассаларында жол жүру құжаттарын беру, пойыз күту кезінде жолаушылардың қысқа мерзімді демалысын, бос уақытын және тамақтануын қамтамасыз ету, сақтау бөлмелері мен анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсетіледі, — деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, басқарма пойыз қызметінің сапасына жауап бермейді. Тек жолаушылар тасымалы мен вокзал ғимаратының қызметін ғана бақылай алады.
Вокзалға жөндеу керек…
Ақтөбе теміржол вокзалының ғимараты тозып тұр. Ғимараттың іші де ескірген. Вокзалға барар жолдарға да жөндеу керек. Сондай-ақ бүгінде вокзал ғимаратының екінші қабаты пайдаланылмайды. Жолаушылар пойыздарды тек бірінші қабатта отырып күтеді.
— Кейбір қалаларға барсаңыз, вокзалы айнадай жарқырап тұр. Ал бізде бәрі ескірген. Жолаушыларға арналған орындықтар темірден жасалған, сондықтан күз, қыс айларында отыруға салқын. Кассалардың барлығы бірдей жұмыс істемейді. Ал вокзалдың тіркеу бөлімі ешқашан қоңырауға жауап бермейді. Жалпы айтқанда, менің вокзал жұмысына көңілім толмайды, — дейді қала тұрғыны Дана Әміре.
Ақтөбе теміржол вокзалының ғимараты 1976 жылы салынған. Жалпы ауданы — 7235,8 шаршы метр. Вокзал 900 адамға есептелген. Мұнда күніне 10-12 пойыз өтеді.
— Вокзал ғимаратына соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2013 жылы жүргізілді. Енді биыл тағы да жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр, — дейді Айбек Қайыр.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе магистралдық желі бөлімшесі филиалы директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Болат Аюповтың айтуынша, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету және қолайлы жағдай жасау үшін Ақтөбе теміржол вокзалында анықтамалық-ақпараттық қызмет, пойыздар қозғалысының электронды кестесі, ақпараттық стендтер, күту залы, медициналық бөлімше, асхана, сауда-саттық дүңгіршектері, төлем терминалдары, банкоматтар, жолаушыларға арналған жүк сақтау қоймасы, транзиттік жолаушылардың ұзақ демалуына арналған демалыс бөлмесі, ана мен балаға арналған бөлме, қоғамдық дәретхана, жол жүру құжаттарын рәсімдейтін билет кассалары, полиция бөлімі мен температураны көрсететін табло сағаттар бар.
— Мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін вокзалға пандустар қондырылған. Күту залында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы орындар, арнайы жабдықталған билет кассасы, вокзалдағы көрнекі ақпарат жүйесінде үй-жайлардың қолжетімділік нышандары бар пиктограмма, транзиттік мүгедектер үшін дәретхана мен күту бөлмесі, тегін мүдектер арбасы, қоңырау түймесі, баспалдақ көтергіші, тактильді тақтайшалар, сары сызықтардың сигналдық жолдары бар. Ал есту қабілеті нашар адамдарға арналған индукциялық панель анықтамалық бюрода орналасқан, — дейді ол.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ «Магистральды желі дирекциясы» филиалының мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе теміржол вокзалында екі жолаушылар платформасы бар. Теміржол вокзалы ғимараты халық көп жиналатын нысан болғандықтан, оның құрылымдық элементтері тез тозады. Вокзалдың эстетикалық және техникалық жай-күйін сақтау үшін жыл сайын шаруашылық тәсіл арқылы (ғимараттың ішкі және сыртқы қасбеттерін әктеу, сырлау және т.б.) жөндеу жүргізіледі.
Бағаны көтеруге не себеп?
Былтыр 1 қазаннан бастап елімізде пойыз билеттері қымбаттады. Көлік министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 14 теміржол тасымалдаушысы жұмыс істейді. Ал пойыздар 140 бағытқа қатынайды. Соның ішінде 62 пойыздың тарифі қымбаттаған. Мәселен, «Тальго» пойыздарының бағасы шамамен 19 493 теңге болса,
стандарт пойыздардағы купе құны — 19 653 теңге. Ал плацкарт бағасы – 12 871 теңге, қала маңына қатынайтын пойыз билеттерінің құны — 6314 теңге.
Сондай-ақ компания биыл теміржолшылардың жалақысын көтеруді де жоспарлап отыр.
Жалпы, бүгінде Қазақстанбойынша 2667 вагон болса, олардың тозудеңгейі 44 пайызға жеткен. Бағаның өсуі осы олқылықты жоюға бағытталып отыр.
Біз пойыз билеттері бағасының өсуі, сондай-ақ Ақтөбе теміржол вокзалы қызметінің сапасы мен жалпы жолаушылар тасымалы саласындағы проблемалар туралы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеевпен тілдескен едік. Ол пойыздардың билет құны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің келісімімен 20 пайызға көтерілгенін жеткізді.
Оның айтуынша, баға пойыздарда көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мен вагон паркін жаңарту мақсатында көтерілген.
— Былтыр еліміз бойынша пойыздардағы қызмет көрсету сапасына қатысты жолаушылардан барлығы 1700-ге жуық өтініш келіп түсті. Аталған шағымдардың көбі жекеменшік тасымалдаушылар пойыздарындағы жағдайлар мен қызмет көрсету деңгейіне, билеттердің жетіспеушілігіне, ауа баптағыштардың жұмысі стемейтіндігіне, пойыздардың кешігуіне және ескі вагондарға байланысты болып отыр. Барлық түскен өтініштер компания қызметкерлері тарапынан мұқият қарастырылады және барлық анықталған ақаулар уақтылы жөнделеді, — дейді ол.
Нариман Дүйсекеевтің айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында бүгінде 5,4 мыңнан астам пойыз бригадасы қызметкері жұмыс істейді. Олардың қатарында 5200 жолсерік пен 202 пойыз басшысы бар. Жолсеріктер өз міндеттерін адал атқарып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Алайда кейде жолаушылардан қызмет сапасына қатысты шағымдар түседі. Мұндай жағдайда шағым бойынша мұқият тексеріс жүргізіледі.Егер жолсеріктің кінәсі анықталса, онда оған тәртіптік жаза немесе ескерту беріледі. Ал егер жолсеріктің әрекеті еңбек заңнамасына қайшы келсе, онда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес онымен еңбек келісімі бұзылады.
Айта кету керек, егер пойыздардағы жолаушылар тасымалының сапасына қатысты шағымдарыңыз болса, онда +7 776 714 5686 нөміріне немесе вагондарда орналастырылған QR-кодтарды сканерлеп, WhatsApp чатына өтіп, операторға өз сұрағыңызды қоя аласыз. Сондай-ақ жолаушылар ресми Instagram парақшасы @jolaushylar_tasymaly арқылы да байланыс орната алады.
Нариман Дүйсекеев «Жолаушылар тасымалы» АҚ билетсіз жолаушыларды тасымалдау және жол жүру құжаттарын қайта сатуға қарсы күрес жүргізу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізіп жатқанын жеткізді. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске теміржол билеттерін заңсыз сату мәселесі бойынша толықтырулар енгізілген. Айыппұл мөлшері 100-ден 250 айлық есептік көрсеткішке дейін, қайталанған құқықбұзушылықтар үшін айыппұл 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін өскен.
— Бүгінде елімізде пойызға билеттерді сатып алуға қолжетімді арналардың саны артып отыр. Мысалы, бұл бағытта билетті 15 сайт, 30 мыңға жуық өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары, туристік агенттіктер, пошта бөлімшелері және басқа да сату нүктелері арқылы сатып алуға болады. Сондай-ақ www.bilet.railways.kz сайтында «Күту парағы» электронды кезек қызметі енгізілді. Билет болмаған жағдайда жолаушыларосы кезекке тұра алады. Бұдан бөлек компания Ішкі істер департаментімен бірлесіп, билеттерді қайта сату фактілерін болдырмау және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумақсатында жолаушылар пойыздарына тұрақты түрде тексеру жүргізеді. Біз жолаушылардан билеттерді заңсыз жоғары бағамен сататын немесе билетсіз пойызға отырғызуға уәде беретін делдалдарға жүгінуден аулақ болуды, сондай-ақ сапарларын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, — дейді ол.
P.S. Қалай десек те, билет бағасы қымбаттағанымен, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы өзгермей отыр. Алдағы уақытта бұл мәселені «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ шешеді деп сенеміз. Ең бастысы, жолаушылардың талабы орынды, жолсеріктердің жұмысы нәтижелі болуға тиіс.
Данагүл ҚАЗИХАН.