Басты жаңалықтарДенсаулық

Метапневмовирус: дүрлігудің қажеті жоқ

Соңғы кезде әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында  метапневмовирусқа қатысты түрлі ақпарат тарады. Қытайда аталған вирус өршіп тұрғанын жарыса жазып жатқандар да бар.

Соңғы мәлімет бойынша біздің елімізде де 30 адам осы вирусты жұқтырған. Жалпы, метапневмовирус қандай ауру? Қауіпті ме? Облыста аталған вирусқа шалдыққандар бар ма? Осы ретте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқарманың басшысы Райхан Қойшановамен сұхбаттасқан едік…

Вирус жұқтырудың белгілері қандай?

Әлеуметтік желіде «Қытайда жаңа вирус шықты», «Ауруханаларға адам сыймай жатыр» деген бейнежазбалар тарады. Тіпті біреулер бұл вирустың коронавирустан да қауіпті екенін айтады. Осы сынды әртүрлі ақпарат жұртшылықты үрейлендіріп отыр.Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Райхан Қойшанова  метапневмомирус бұрыннан бар респираторлық инфекция екенін, сондықтан аса дүрлігудің қажеті жоқ екенін  айтты.

— Адам метапневмовирусы —  көптеген елдерде ондаған жылдар бойы таралып отырған  классикалық вирустың бірі. Яғни жедел респираторлық вирус және тұмаудың маусымдық кезеңінде инфекциялардың басқа түрімен қатар анықталады. Дүрлігіп, қорқып, үрейленудің қажеті жоқ.  Вирус  ауа тамшылары және тұрмыстық байланыс арқылы жұғады. Сондықтан вирус өршитін маусымда қоғамдық орындарға бармаған жөн. Барған жағдайда да бетперде тағып алу керек. Бұндай жерлерге балаларды тіпті апармаған дұрыс. Себебі  бұл вирусты балалар және иммунитеті әлсіз адамдар тез жұқтырып алады. Вирус жұқтырған адамда тұмауға шалдыққан сияқты белгілер болады: жөтеледі, түшкіреді, мұрыннан су ағады. Аурудың алғашқы белгілері басталған кезде бірден оқшаулану керек, —  деді Райхан Қойшанова.

Қалай сақтанамыз?

Кәдімгі тұмау мен коронавирустан қалай сақтансақ, метапневмовирустан да солай қорғанамыз. Райхан Қойшанованың айтуынша, үйде немесе жұмыс орнында  бөлмені жиі желдетіп, еденді дымқыл шүберекпен жиі сүртіп отыру керек. Қолды антисептиктермен залалсыздандырып, тазалықты сақтап жүрген жөн. Ең басты сақтық шарасы — адамдар көп жиылатын қоғамдық орындарға, әсіресе жабық сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарына бармаған дұрыс. Тұмау өршіп тұрған кезде қонақ шақыруды азайтып, түрлі жиын-тойларды өткізуді кейінге шегерген абзал. Сондай-ақ сөмкеге арнайы  антисептик немесе дезинфекциялық майлық салып жүрген артық етпейді. Автобусқа мінгенде бетперде тағып алу керек. Лас қолменбетіңізді немесе басқа затты ұстауға болмайды. Егер адам өзін әлсіз сезініп, буын-буыны сырқырап, тұмауға шалдыққандай күй кешсе, медициналық бетперде тағып алғаны жөн. Оны төрт сағат сайын ауыстырып отыру керек. Мүмкіндігінше оқшауланып, үйден шықпаған абзал. Ал балалар ауырып қалса, мектепке, балабақшаға уақытша жібермеген дұрыс.

Дәрігерлердің айтуынша, метапневмовирустың бар-жоғын анықтау үшін полимеразды тізбек реакциясы анализі алынады. Яғни мұрын мен жұтқыншақтан сынама алынып, зертханаға жіберіледі. Аталған вирусқа  қарсы нақты емдеу шарасы да жоқ. Симптоматикалық емдеу қолданылады. Бұл — аурудың белгілеріне әсер ететін емдеу әдісі.  Жөтел, қызу, бас ауруы сияқты белгілерді басатын ем жасалады. Ал ауру асқынған жағдайда терапиялық ем қажет.

Ақтөбеде вирус тіркелді ме?

Облыста метапневмовирус тіркелген жоқ. Ал жіті респираторлы  вирустық инфекция мен эпидемиялық маусым кезеңінде, яғни өткен жылдың 1 қазаны мен биылғы 13 қаңтар аралығында тұмаумен 155 433 адам ауырған. Оның 65,3 пайызы — 14 жасқа дейінгі, 6,9 пайызы  — 1 жасқа дейінгі балалар. Ал 0,2 пайызы жүкті әйелдер екен.

— 2024-2025 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда тұмауға қарсы  138 408 адам (немесе облыс халқының 14,9 пайызы) егілді, яғни жоспарланған контингент толықтай екпемен қамтылды.Вирус маусымдық болғандықтан, әсіресе қыста және көктемнің басында сақтық шараларына мән беру керек. Сондықтан облыс тұрғындарына тағы  айтарымыз — дүрлікпеген жөн. Ең бастысы, сақтанып жүру керек. Қазіргі таңда ауа райы құбылып, күн бір суып, бір жылып тұр. Осындай кезде барынша сақтанған жөн, — деді Райхан Қойшанова.

Сондай-ақ басқарма тарапынан тұмау маусымы кезінде мониторинг жүргізіліп тұрады. Мәселен, зертханаға полимеразды тізбек реакциясы әдісімен 2131 үлгі алынған. Оның 150-і А типті тұмау  болса, 21-нен аденовирус анықталған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button